Қаламгер рухына құрмет

331

0

Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғы­лыми кітапханада көрнекті ғалым, фан­таст-жазушы Абдул-Хамид Мархабаевтың 80 жылдығына арналған «Қазақ қиялының қыраны» атты кеш өтті.

Әдеби шарада белгілі қаламгерлер Еркін Әбіл мен Жұматәли Әбдіраман ғалымның қазақ фантастика ғылымының негізін қалаудағы өлшеусіз еңбегін тарқатып айтып берді. Ол сонау қиял-ғажайып ертегілерден, аңыз-әңгіме­лерден бастау алатын, адам баласының армандау, қиялдау әрекеттерінің бәрі ғылыми жанр негізі екенін дәлелдеп, оның қалыптасу, даму үрдісін зерделеп берді. Бұл жолда әлемдік тәжірибелермен салыстыра зерттеп, көшпенділер қиялының бай да арналы екенін баяндайды. Ғалым өзі осы жанрда шығармалар жазып, әдебиетке соны серпін әкелді. Талапты, талантты жастарды тәрбиелеп, бағыт-бағдар беріп отырды. Әр кезеңде «Қолыңды бер, келешек», «Қазақ фантастика әдебиеті», тағы басқа зерттеу кітаптары жарық көрді. «Білім және еңбек» журналына басшылық ете жүріп, ғылыми баспасөздің дамуына өзіндік үлесін қосты.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, ғалым Аягөз Әбді­разақова ұстазы жайлы естеліктер айтып, оның адам­гершілік, кісілік келбеті турасында ойларымен бөлісті.

Абдул-Хамид Мархабаев қазақ ­фантастикасында мол мұра қалдырды. Кешке қатысушы колледж сту­денттері мен оқырмандар жазушы-ғалымға арнаған кітап көрмесімен танысты.

Н.САҒАТҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<