Алматыда 12 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Қайғылы оқиға бойынша күдікке ілінген кәмелетке толмаған бала мамандандырылған арнайы мекемеге орналастырылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, Түрксіб ауданында болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тәжірибелі тергеушілер мен жедел уәкілдерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.
Қазір оқиға орны мен оған жақын аумақтағы бейнебақылау камераларының жазбалары тексеріліп жатыр. Сонымен қатар іске қатысы болуы мүмкін басқа да цифрлық деректер зерттеліп, қылмыстық іс материалдарына тіркелген.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, тергеу барысында барлық нұсқа қарастырылып жатыр.
«Оқиға орны мен оған іргелес аумақтардағы бейнежазбалар, сондай-ақ болған жағдайдың объективті көрінісін анықтауға маңызы бар өзге де цифрлық деректер зерттеліп, іс материалдарына қосылды. Барлық уәждер мен нұсқалар тексеріліп жатыр», – деді ол.
Алдын ала мәлімет бойынша, ауыр қылмысқа бір кәмелетке толмаған жасөспірімнің қатысы болуы мүмкін. Ол ұсталып, арнайы мекемеге оқшауланды.
Полиция екі жасөспірімнің арасында бұған дейін келіспеушілік болғанын хабарлады. Алдын ала дерекке сүйенсек, олардың арасындағы жанжал өзара араздықтан туындап, кейін пышақ қолданылған қайғылы жағдайға ұласқан.
Салтанат Әзірбек қолда бар бейнежазбалар мен хат алмасуларға сәйкес, қаза тапқан жасөспірім күдіктінің тұрғылықты жеріне өзара мәселені шешу үшін барғаны алдын ала анықталғанын айтты.
«Қазіргі уақытта жәбірленуші тарапқа істің барлық мән-жайы түсіндірілді», – деп толықтырды полиция өкілі.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 12 жастағы мектеп оқушысының көптеген пышақ жарақатынан көз жұмғаны хабарланған еді. Бұл іске күдікті ретінде 13 жастағы жасөспірім қарастырылып жатыр. Марқұмның жақындары күдіктінің кәмелетке толмағанына байланысты оның заң алдында жауапкершіліктен тыс қалуы мүмкін екеніне алаңдап отыр.






