Алтын орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих

7

0

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтті. Президент симпозиумның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, Астанаға арнайы келген қадірлі меймандарға шынайы ризашылығын білдірді. Алдымен сөз сөйлеген атақты ғалымдар мен беделді халықаралық ұйымдардың өкілдеріне алғыс айтты.

Президент Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейтінін, бұл – мойындалған тарихи дерек екеніне тоқталды.

– Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болды. Бұл да – дәлелденген дерек. Сондықтан Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғаны анық. Дегенмен бұл тақырып әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, меніңше, ешқашан жоғалтпайды. Бұл – ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе. Біз халық­аралық ғылым қауымдастығымен бір­лесе отырып, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыруымыз керек. Бірнеше күнге созылатын іс-шараның негізгі мақсаты да осы, – деді Мемлекет басшысы.

Осы тұста Қазақстанның баста­ма­сына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашы­лы­ғын білдіріп, бұл форумға қатысып отырған ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азуле ханымға алғы­сын жеткізді. Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы әріптестікті нығайтуға мол үлес қосқанын атап өтті.

– Симпозиумның осындай беделді жаһандық ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұрасының әлемдік ауқымдағы мән-мағынасы зор екенін көрсетеді. Бүгінгі жиынға ЮНЕСКО-ның жоғары деңгейдегі өкілі, Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Элунду Ассомо Лазар мырза бастаған деле­гация қатысып отыр.

Жалпы, еліміз ЮНЕСКО-ның қолда­уымен көптеген маңызды жоба­ны жүзеге асырды. Нақты айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері, сондай-ақ бірнеше көне қала бүкіләлемдік мұралар тізі­міне енді. Сонымен қатар ұлтымыздың материалдық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді. Мәселен, былтыр ғана «Хандар шежіресі» деп аталатын біре­гей қолжазба әлемдік деңгейде мо­йын­далды. Бұл – ел билеген тұл­ғалар туралы мәліметтерді топтас­тырған, со­ның ішінде Алтын Орда кезеңін қамтыған құнды құжат. Сондықтан біз байланысымызды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бұл – өзара тиімді, маңыз­ды шаруа, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атап өткендей, сим­позиум Алтын Орда мен Ұлы дала тарихын зерделейтін түрлі мектеп өкілдерінің басын қосып отыр. Бұл – өте маңызды. Ұзақ жылдар бойы осы іргелі тақырыпты індете зерттеген ресейлік ғалымдардың рөлін атап өткен әділетті болар еді. Олар Алтын Орданың тыныс-тіршілігін жан-жақты сипаттайтын ғылымның мол қорын жинады. Сонымен қатар Алтын Орда тақырыбы бір ғана мемлекеттің шең­берінде шектеліп қалмай, Қытай, Моңғо­лия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жа­­пония, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр және бірқатар Еуропа елдері зерт­теушілерінің назарын аударып, бүкіл әлемді шарлап кетті десек болады.

– Түптеп келгенде, Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих. Бүгін өтіп жатқан бірегей симпозиум әлемдік ауқымдағы мұраны жүйелі зерт­теу жұмысын жаңа сапалық дең­гейге көтереді деп сенемін. Осы жерде отырған ғалымдар мен сарапшылар бұл міндетті іске асыруға елеулі үлес қосуда. Бұл маңызды жұмыста сіздер оң нәтижеге қол жеткізесіздер деп сенемін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақ­стан Алтын Орда тарихын әлемдік жыл­наманың күрделі, сан салалы кезеңі ретінде қарастыратынын, өйт­кені бұған атүсті қарауға болмайты­нын жеткізді. Олай болған жағдайда әлемдік тарихтағы осындай бірегей құбылысқа қатысты ұстаным өзгереді. Ал ол мемлекеттер мен халықтар арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіруі мүмкін. Өкінішке қарай, әлемдік маңызы бар ірі тарихи оқиға­ларды бұрмалаған мысалдар қазір де кездеседі.

– Геосаяси ахуал құбылып тұрған бүгінгідей заманда соғыстардың қасі­ретті хронологиясына байланып қалмай, адамзат тарихындағы жасам­паз кезеңдер мен диалог алаңдарының нәтижелі сәттеріне мән берген жөн.

Әлбетте, бұл оңай міндет емес. Себебі тарлан тарихтың бағзы дәуір­лерден бастап қазірге дейінгі ше­жі­ресінде соғыстар мен қарулы қақ­ты­ғыстар өте көп кездеседі. Мұндай кө­ріністің қалыптасуы да түсінікті: бей­біт күндегі күйбең тіршілікті си­пат­тағаннан гөрі қан майдандағы бі­тіспес ұрыстарды жазған әлдеқайда жеңіл. Айтпақшы, Лев Толстойдың атақты «Соғыс және бейбітшілік» ро­маны – бейбітшілікті емес, соғысты егжей-тегжейлі суреттеген шығарма.

Әлемдік қоғамдастық тарихи жолайрықта тұр. Өркениетті таңдау алдындағы сындарлы сәтте ортақ тарихымызды халықтарды біріктіретін фактор ретінде ұсыну үшін беделді, кәсіби ғалымдардың күшін бір арнаға тоғыстырған дұрыс. Бұл орайда тарихқа әділ әрі саяси тұрғыдан бей­тарап баға беру маңызды. «Тарихты жеңім­паздар жазады» деген қағи­даттың ғылымға қарсы сипатын ұмыт­паған жөн. Яғни жеңімпаздарды жаз­ғыруға болмайды, әлем тарихының төрінен орын алып, зерттеушілердің мақтау-мадағына ие болады. Ал шағын және орта мемлекеттер, соның ішінде майданда жеңіліс тапқан елдер тарих­тың тасасында қалады.

Қазақстанда саясаттың пайдасы үшін көшпелі халықтарды жабайы, бей-берекет, тарих шеңберінен тыс күш ретінде көрсетіп, қуатты дала империяларын «мемлекет деңгейіне жете алмаған» деп төмендететін ескі догмалар мен қасаң көзқарастарды қайта қарау үдерісі басталып кетті. Бұл ретте біз шынайы тарихнаманы қалпына келтіре отырып, өткенді әсірелеуден аулақпыз. Тарих өзіне тәнті болған жалған әрекеттерді, ортақ мұраны жекелеген халықтың қанжы­ғасына байлап беруді кешірмейді. Кере­ғар­лықтар мен кедергілерге толы бай тарихымызды біржақты түсін­діруге қойылатын талап ғылымның құлдырауына және өзара сенімнің жоғалуына әкелетін тұйыққа тірейді. Сонымен қатар кәсіби тарихшылар қауымдастығында «жұмсақ күш» пен ғылыми дипломатияның өкілдері де бар. Олар саясаткерлер қамал тұрғы­затын жерде көпір салуға қабілетті. Тарихшылардың миссиясы қазіргі алмағайып кезеңде маңызды болып тұр, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Президент Алтын Орда дәуірі отандық тарихымыздың маңыз­ды бөлігі, сонымен бірге біз бұл кезеңді ауқымды өркениет парадигмасы тұр­ғысынан қарастырамыз деп толық­тырды.

– Көптеген халықтың тарихи жадында реформаторлар мен көрнекті ойшылдардың қалыпты тіршілігіне қарағанда, билеушілердің жорығы мен дарынды қолбасшылардың ерліктері сақталатынын жоғарыда айтып өттім. Расында, соғыстардағы аңызға айналған жеңістер адамдардың рухын оятады. Ал тағдыршешті мәні уақыт өте келе байқалатын институционалды жаңашылдықтар мен озық идеяларға көпшілік селт ете қоймайды. Оған әлі күнге дейін Ұлы дала тарихының шексіз шайқастар мен ұрыстар ретінде бұрмаланып көрсетілуі нақты мысал бола алады. Мұндай сыңаржақ ұстаным Ұлы даланың, әсіресе, Алтын Орданың күрделі, көп қатпарлы өмір салтын әскери шежірелердің ойдан шығарылған өлшемдеріне салып, тарихи шындықтан алыстатады, оқиға­ларды көмескілендіре түседі. Қазіргі ғылымның жоғары пәнаралық даму деңгейі Алтын Орда тарихын объек­тивті зерттеу үдерістерін жетіл­діруге мүмкіндік береді деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысы осы жиында аталған кезеңді зерттеп жүрген беделді ғалымдар бас қосып отырғанын, осы орайда Алтын Орда тарихын пайымдау перспективасын кеңейтуге көмек­тесетін бірқатар ғылыми ізденіске байла­нысты өз ойын қысқаша жет­кізгісі келетінін айтты.

– БІРІНШІ. Зияткерлік мұраны зерделеу.

Алтын Орда феноменін мыңдаған жыл бойы Еуразия жүрегінде қалып­тасқан бай интеллектуалдық кеңіс­тіктен бөліп қарай алмаймыз. Орта ғасырларда Ұлы дала озық идеяларды ұсынған әлемдік орталықтардың біріне айналғаны мәлім. Орталық Еуразиядағы көшпелілер тіршілігінен, түркі-моңғол мұраларынан, ислам дәстүрлерінен және христиан қауым­дастығына жататын халықтардың дүниетанымдық қағидаттарынан нәр алған ақыл-ойдың құнарлы топырақта қанат жаюы заңды еді. Бұл идеялар эволюциясы үздіксіз жүрген кезең еді. Әр ғасыр Ұлы даланың ақыл-ой кенін байытып, жаңа құндылықпен толық­тырып отырды. Осы терең сабақ­тастықты түйсінбей, Алтын Орданың өркендеу сырын объективті бағалау қиын, – деді Президент. Осы орайда Мемлекет басшысы Алтын Орданың негізі қаланғанға дейінгі кезеңдерде өмір сүрген әйгілі ойшылдардың ғылыми, философиялық, әдеби мұра­ларының мән-маңызы зор екеніне тоқталды.

– Ең алдымен, тарихта Аристо­тельден кейінгі «Екінші ұстаз» атымен мәлім әлемдік философияның негізін қалаушылардың бірі – Әбу Насыр әл-Фарабидің орны ерекше. Ол «Қайы­рымды қала тұрғындары» трактатында әділдіктен айнымау, білімге құш­тарлық және адамгершілік қасиеттерді шыңдау арқылы баршаға бірдей игілікке қол жеткізуге болатынын жан-жақты айтқан. Оның ойлары түрік, мұсылман әлеміндегі кейінгі саяси-философиялық дәстүрлерді түсінуге маңызды бағдар болды.

Ұлы даланың зияткерлік мұрасын­да ғұлама Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы дараланып көрінеді. Ол жалпыға ортақ мұсылман құндылықтары мен жер­гілікті рухани дәстүрлерді үйлестірген «түркілік исламның» бастауында тұрды. Шын мәнінде, ол Ұлы дала халықтарына қазіргі дүние­таны­мымыздың өзегіне айналған мүлдем жаңа идеологиялық доктрина ұсынды.

Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды. Ал ғұламаның Түркіс­тандағы кесенесі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысан. Түркістан шаһары ғасырлар бойы өңірдің басты рухани және саяси орталығы болды. Қазіргі таңда ол түркі дүниесінің қасиетті қарашаңырағы саналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымдауынша, Әл-Фараби, Ясауи және басқа да әйгілі ойшылдар ілімінің Алтын Орда тұсында одан әрі дами түсуі заңдылық. Мәселен, түркі тілі, исламның кітаби дәстүрлері мен даланың санғасырлық даналығы дәл осы кезеңде бір-бірімен біте қайнасып, идеологиялық тұрғыдан ауқымы кеңейді. Бұл Алтын Орда кезеңінің әдебиетінде көрініс тауып, түркі халықтарының сөз өнері қанат жайған кезең ретінде бағаланды.

– Халқымыз үшін Алтын Орда дәуірінен бүгінге дейін жеткен «Ақсақ құлан» күйінің символдық мәні зор. Биыл күйдің шыққанына 800 жыл толады. Бұл аңыз – домбыраның шанағынан шыққан Ұлы даланың үні, ұлтымыздың рухани байлығы.

Кетбұға, Асан Қайғы, Шалкиіз және Доспамбет секілді жыраулардың мұрасы біздің аймаққа тән дәстүрлі өнер жанрында бүгінге дейін жеткені кездейсоқ емес. Сол кезеңдегі жыр­ларда (Ер Едіге, Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын) батырлардың ерлік жолы мен тарихи оқиғалар тізбегі жиі баяндалады. Бұл – қазақ, татар, баш­құрт, ноғай, қарақалпақ және басқа да халықтардың ортақ қазынасы. Осы зияткерлік және рухани сабақтастық сан ғасырларды көктей өтіп, хакім Абайдың шығармаларынан көрініс тапты. Ұлы ойшыл «Толық адам» тұжырымдамасы арқылы кемеңгер тұлға тәрбиелеудің формуласын ұсынды. Оның өзегінде «нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» үштағаны тұр. Сондықтан Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасын табиғи түрде қалыптасқан, біздің өңірге тән идеологиялық субстанция ретінде атасақ, артық болмайды. Осынау рухани қазынаның бүкіл әлем үшін мән-маңызы зор. Бұл – біртұтас фи­лософиялық, идеологиялық мұра. Қа­зақстан осы идеялық құндылықтарды бағдар етуге және оны жан-жақты дәріптеуге ниетті. Сол үшін «Al-Farabi», «Qoja Ahmet Yasaui» ордендерін мемлекеттік марапаттар тізіміне енгіздік. Бұл жоғары наградалар ғылым мен руханиятты дамытуға айрықша үлес қосқан тұлғаларға, соның ішінде шетелдік ғалымдарға, саяси және қоғам қайраткерлеріне табысталады.

Таяуда ғана елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған «Qoja Ahmet Yasaui» орденінің тұңғыш иегері атанды. Осылайша, біз тарихи тағдыры ортақ туысқан халықтардың келешегі жолындағы ақыл-ой еңбегі мен ырысты ынтымақтың маңызды екенін айрықша атап көрсетеміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ЕКІНШІ маңызды мәселе ретінде Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажеттігін айтты.

– Жошы ұлысының дәуірлеп тұр­ған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатты. Тіпті, Рим империясының ең айбынды кезеңін­де мұндай жер көлемі болмаған. Кейбір тарихшылардың пікірі бойынша, Алтын Орданың Дала Римі деп аталуы да – осыдан. Бірақ алып империяның қуаты жерінің көлемінде емес, оның институционалдық негізі, яғни мем­лекеттік басқару жүйесінің мықты болуында еді.

Жошы ұрпақтары Хань немесе Габсбург династиялары секілді ға­сыр­лар бойы, яғни 600 жылдан астам уақыт Ұлы дала төсіндегі түрлі мемлекеттік құрылымдарға билік жүргізді. Бұл Жошы ханның ұрпақтары құрған мемлекет жүйесі тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Соның арқасында әртүрлі этнос пен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді. Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты. Ал қоғамдық тәртіп қағидатының бастауында Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы тұрды. Заң үстемдік құрған алып империяның әр түкпірінде адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Бұл – қоғамдық тәртіп болды деген сөз, –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Президент Алтын Орда заманында озық іс жүргізу жүйесінің болғаны туралы нақты тарихи дерек­тер барын, сондай-ақ Құрылтай инс­титуты дала демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет еткенін атап өтті.

– Ұлыстың әлеуметтік құрылымы айқын әрі тұрақты болса да, қоғамда қатып қалған қағида емес, әділдік басты рөл атқарды. Әскерде және мемлекеттік аппаратта темірдей тәр­тіпке, мінсіз қызмет пен мери­тократия қағидасына ерекше назар аударылды. Мұның бәрі алып державаны мекен еткен барлық этнос және түрлі топ өкілдеріне мол мүмкіндік берді. Осылайша, ұтымды ішкі және сыртқы саясаттың арқасында қоғамда тұрақ­тылық сақталды, мемлекет те өсіп-өркендеді. Алтын Орда Мысыр мәмлүктерімен, Ватикан­мен, Визан­тиямен, Осман империя­сымен және Еуропа елдерімен тығыз дипло­ма­тиялық байланыс орнатты.

Жалпы, тарихта «Ұлы дүрбелең» деген атпен қалған саяси дағдарыс кезінде де Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесі сыр берген жоқ, яғни тұрақтылығын сақтап қалды. Бұл жүйені кейін Еуразия аймағындағы көптеген мемлекет басшылыққа алғаны баршаңызға мәлім, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ҮШІНШІ өзекті мәселе ретінде Алтын Орданың экономикалық құрылымын жан-жақты зерттеген жөн деп нақтылады.

– Баршамызға белгілі, ежелдегі Месопатамия, Мысыр, Қытай, Үн­дістан өркениеттері көп жағдайда өзен аңғарларын игеру арқылы қалыптасты. Ал Ұлы дала мүлде басқа тарихи даму жолынан өтті.

Осыдан бес мың жыл бұрын қазіргі Қазақстанның солтүстігінде орна­ласқан Ботай жерінде адам баласы ең алғаш рет жылқыны қолға үйретті. Бұл әлем тарихына түбегейлі жаңа сипат берген оқиға болды. Атқа міну мәдениетімен қатар дала өркениетінде стратегиялық ойлау қабілеті және мейлінше қолайлы өмір сүру салты пайда болды. Осылайша, Алтын Орда Еуразияның ұлан-ғайыр даласындағы барлық негізгі көлік, сауда және гуманитарлық байланыстарды бақы­лауда ұстап, салт атты көшпенділер өркениетінің ең биік шыңына кө­терілді. Бұл орайда, көшпенділік пен отырықшылық салтының үйлесім табуы Алтын Орданың тарих сахна­сына жарқырай шығуының бірден-бір себебі болды деуге толық негіз бар.

Түптеп келгенде, Алтын Орда көшпенділер өмірін, қаладағы қолөнер мәдениеті мен сауда жолдарын өзара тығыз байланыста дамыту арқылы тұрақты ақша және салық жүйесі бар, экономикасы дамыған ел ретінде қалыптасты, – деді Президент.

Мемлекет басшысы көптеген бе­делді ғалымдардың пікірінше, қазір Алтын Орданың ақша жүйесінде мән-маңызы айрықша жаңалықтар ашылып жатқанын алға тартты. Археологтар осы кезге дейін беймәлім болып келген ондаған тиын сарайын тапқан. Мамандардың айтуынша, нағыз өрлеу кезеңінде Алтын Ордада шамамен 28 миллион күміс тиын соғылған.

– Қазіргі таңда мемлекеттік және жеке қордағы сол дәуірге тиесілі тиындардың жалпы саны бір мил­лионға жетеді. Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартады. «Деньги» сөзінің түбірі де осы ұғымнан тараған болуы мүмкін. Бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды. Бұл – кең-байтақ аймағымызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел.

Алтын Орда Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын түгел бақылауда ұстап, даланы қауіпсіз тасымал дәлізі ретінде дамытты. Жошы Ұлысының аумағы арқылы жыл сайын мыңдаған тонна тауар өтіп жатты. Атап айтқанда: Қытайдан – жібек, Үндістаннан – дәм­деуіштер, Ресей жерінен – тері өнімдері, Еуропадан, Таяу және Орта Шығыс елдерінен – қолөнер бұйым­дары тасымалданды. Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекетке қара­ғанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болды. Бұл ұстаным қалалардың тұрпатынан да анық байқалды. Себебі ұлыс гүлденіп тұрған заманда қалаларды биік қамал­мен қоршап, тұйықтау болған жоқ. Әр қала қарқынды сауда орталығы ретінде адамдардың еркін қозғалысына бейімделіп, дамыды. Бұл тәжірибе дала мен қала арасында қақтығыстар толастамады деген аңыз әңгімелерді түбегейлі жоққа шығарады. Керісінше, осы байланыстар орта ғасырдағы ең оңтайлы мемлекеттілік үлгісінің негізін қалады.

Алтын Орда дәуірінен қалған қалалардың материалдық-мәдени мұра­лары – соның айқын көрінісі. Ғалым­дардың мәліметіне сәйкес, алып империяның құрамында жүзден астам шаһар болған. Алтын Орда дәуірінде қала тұрғындарының тұрмысын жақ­сарту үшін озық инженерлік тәсілдер қолданылды. Мұны түрлі архео­логиялық қазба жұмыстарынан анық байқауға болады. Сол замандағы өндіріс пен құрылыстың қарқынды дамығанын Алтын Ордада жасалған кірпіштердің Ертіс пен Дунай аралығында кеңінен қолданылғанынан аңғаруға болады. Еуразияның түкпір-түкпіріндегі іскер адамдардың сауда жасауына, кәсіппен еркін айналысуына қолайлы жағдай жасалды. Осылайша, Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптас­тырды. Сол арқылы бүкіл аймақтың өсіп-өркендеуіне жол ашты, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы арада өз тарапынан ұсынған зерттеу бағыт­та­ры­мен шектеліп қалуға болмайты­нын да жеткізді.

– Мен сіздер секілді көне дәуірді зерттеп жүрген тарихшы-ғалым емес­пін. Қазіргі таңда Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек. Бұл – осы бағыттағы ізденістердің аясын кеңей­туге септігін тигізетін бағдар ғана.

Жошы Ұлысының мол зияткерлік және рухани дәстүрі, тиімді басқару институттары мен дамыған эконо­микасы болды. Осы алып өркениеттің қыр-сырын толық ашу маңызды. Бұл өткенді ғылыми тұрғыдан қайта зер­делеу, сондай-ақ Орталық Еуразия халықтарының мемлекеттілік бас­тауын, бірегейлігін және ортақ тари­хын терең түсіну үшін қажет, –  деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан соңғы жылдары ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатқанына тоқталды.

– Мұның еліміз үшін аса маңызды және өте жауапты қадам екені сөзсіз. Сондықтан біз алдымызда тұрған мін­детті де жақсы түсінеміз: сана өзгер­мей, қоғам да жаңғырмайды, мем­лекет те өркендемейді. Бұл – ақи­қат. Соның ішінде тарихи сабақ­тас­тықты сақтау мәселесі аса өзекті. Онсыз ешқандай даму болмайтыны анық. Өткенге құрметпен қарамасақ, жарқын бола­шаққа қарай бет алу да қиын болмақ. Сол себепті біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарай нық сеніммен қадам басамыз.

Жалпыұлттық референдумда қа­был­данған жаңа Конституцияда мыңдаған жылдарға созылатын тарихы бар Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілді. Өйткені біз – мемлекет ісінде «Мәңгілік ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз. Алтын Орда мұрасы – ұшан-теңіз. Біз осы алып рухани, тарихи қазынаны ХХІ ғасырға бейімдеп, жаңғырту үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Менің бас­тамаммен Қазақстанда Жошы Ұлысын зерделеу институты құрылды. Бұл – осы тақырыпты терең зерттеумен айналысатын тұңғыш ғылыми мекеме. Қазіргі таңда әзірленіп жатқан Қазақ­стан тарихының академиялық жи­нағында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Жошы Ұлысының мол тарихи-мәдени мұрасын жұрт жадында жаңғырту үшін фильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылып, спектакльдер де қойылып, ескерткіштер орнатылып, көрмелер өткізіліп жатқанын айтты. Алайда Алтын Орданың мән-маңызын терең зерделеп, оның тарихи рөлін жан-жақты насихаттау үшін мүлде жаңа, яғни халықаралық ауқымдағы жұмыс істелуі қажеттігін алға тартты.

– Мен жақында Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының сам­митінде Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды ұсындым. Сонымен қатар Алтын Орда мәселесін зерделеп жүрген шетел мамандарын жұмылдырып, баспа саласына қатысты іргелі бастамаларды қолға алу қажет. Креативті индустрия және медиа бағытындағы түрлі жо­балар, ең алдымен, академиялық зерт­теулерге арқа сүйеуі керек. Жаһандану, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде көшпенділік, яғни номадизм тұжырымдамасы туралы жаңаша көзқарас қалыптастыру – өте маңызды. Бүгінде бұл ұғымның сипатын «цифрлық көшпенділердің» жасампаз рухы мен сарқылмас күш-қуатынан айқын көруге болады.

Әділдік, ашықтық және мәде­ниеттер диалогі – Дала өркениетіне арқау болған құндылықтар. Осы мемлекеттілік дәстүрін жан-жақты зерттеу бүкіл Орталық Еуразияның ұзақ мерзімді дамуына ықпал етері сөзсіз. Қазір бұл аймақ жаңа сипаттағы қайта өрлеу, яғни ренессанс кезеңіне қадам басты деп айтуға болады. Біз әлемдегі маңызды геосаяси және өр­кениет орталығы ретінде өз тарихи мис­сиямызды қайта жаңғырта бас­та­дық. Бұл үдерісте халық­тарымыздың, соның ішінде, өскелең ұрпақтың теңдессіз рухы мен күш-қуаты шешуші рөл атқарады. Соның арқасында қазір біз алдымызға биік мақсаттар қойып, маңызды міндеттерді орындап келеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы ретте ата-бабадан қалған мол мұраны қазіргі заманның құндылықтарымен және озық технологиямен ұштастыру маңызды екенін атап өтті.

– Тарихты зерттеу дегеніміз – өткенмен өмір сүру немесе көнені көксеу емес. Ескіліктің шырмауында қалу – надандық пен қараңғылыққа апаратын жол. Түп-тамырымызды то­лыққанды танып-білу арқылы ұлт дамуының көкжиегін кеңейте түсу қажет. Біз осы қағиданы терең түсіне отырып, жаңа Ата Заңда мәдени мұраларымызды сақтауға, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға айрықша басымдық бердік. Бұл маңызды жұмысты бастап та кеттік.

Мен бір апта бұрын Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Баршаңызға белгілі, қазіргі заманауи технология өмірдің барлық саласына түбегейлі еніп, ауқымды өзгерістерге жол ашып жатыр. Бұл үрдіс адамзат болашағына тікелей ықпал етері анық. Бір сөзбен, озық технология күн сайын аса жоғары қарқынмен дамуда. Бұл – ХХІ ғасырдың ақиқаты. Біз мұны жақсы түсінеміз. Сондықтан заман талабына тез бейімделе алатын зерделі ұрпақ тәрбиелеуге баса мән беріп отырмыз. Бұл бағытта көптеген бастаманы қолға алып жатырмыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл тамызда елімізде ЮНЕСКО-ның қол­дауымен өтетін жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадаға 100 елден оқушылар мен студенттер қатысу жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұған қоса, елімізде «Дүние­жүзілік көшпенділер ойындары», «Болашақ ойындары» сияқты бірегей жобалар кеңінен дәріптелуде. Сондай-ақ осы жылы күзде Астанада тұңғыш рет AI Film фестивалі өткізілмек.

– Біз жаңа цифрлық және көлік дәліздерін, мәліметтерді сақтау орта­лықтарын ашу үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сол арқылы Ұлы Жібек жолын жаңаша сипатта жаң­ғыртып, көне ғасырлардағы әйгілі кітапханалардың заманауи нұсқасын ұсынуға мүмкіндік туады. Бұл, шын мәнінде, дәстүр мен жаңашылдық үйлесім тапқан озық заманның көрінісі болмақ. Қайталап айтамын: тарихтың дәрістері дамуға бет алған болашақпен үндескенде ғана өркендеу жолына түсеміз. Бұл орайда, Алтын Орданың сан қилы тарихы мен тағдыры мем­лекеттердің күш-қуаты түрлі мә­дениеттерді нәтижелі гуманитарлық және саяси серіктестіктің бірыңғай жүйесіне біріктіре алуынан көрінетінін еске салады. Осы стратегиялық ба­ғытты ұстана отырып, Қазақстан түркі мемлекеттерінің ынтымақ­тастығын белсенді түрде дамытуды, аймақ ел­дерінің экономикалық және тех­но­логиялық әлеуетін нығайту үшін Еуразия кеңістігіндегі өзара ықпал­дастық идеясын жан-жақты ілгері­летуді жан-жақты қолдайды. Мысалы, 2025 жылы ШЫҰ саммитінде «ТрансАлтай диалогы» бастамасын көтердім. Бұл идея Ресейдің «Алтай – түркілердің ата қонысы» тұжырым­дамасымен үйлеседі. Жалпы, тарихтан тартыс құралын жасауға болмайды. Тарих халықтардың арасын жалғайтын алтын көпір ретінде әділетті әрі қауіпсіз әлем құруға ықпал етуі қажет. Сол үшін ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, бірлесе әрекет етуіміз қажет. Бұл мәселеде ғылыми қауым­дастық айрықша рөл атқаратыны анық, – деді Мемлекет басшысы.

Президент осы жиында айтылатын салмақты ойлар мен ұтымды ұсы­ныстар жаңа ғылыми еңбектерге, ха­лық­аралық жобалар мен экспедиция­ларға негіз болатынын әрі бұл сим­позиумды тұрақты түрде өткізу жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

– Сіздер алдағы уақытта да осы маңызды жұмысқа мол үлес қоса бересіздер деп ойлаймын. Баршаңызға тағы да зор алғыс айтамын. Шын мәнінде, бүгінгі симпозиумның тарихи мәні айрықша. Осы маңызды жиынның қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданады. Бұл құжат Алтын Ор­даның тарихы мен мұрасын зерттеу жұмысына тың серпін береді деп сенемін. Еңбектеріңіз жемісті болсын! – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Қ.ӘБІШ