Ардагерлер – ардақтылар

303

0

 Қос мереке қарсаңында об­лыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен “Жас Отан” Жас­тар қанаты, “Ар­дагерлерді ар­дақтайық” ерік­ті­лер тобының ұйым­дас­тыруымен ҰОС  және тыл арда­герлерімен кездесу болып өтті. Шараға Ауған соғысы, Чернобыль апатын жоюшылар, “Невада-Семей” қозғалысының төрағалары мен ерікті жастар қатысты.

Шараны “Нұр Отан” партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев ашып, ардагерлерді мерекемен құттықтады.

– Ел басына күн туған уақытта барлық қиындыққа қайыспай, елдің қорғаны бола білдіңіздер. Ерен ерліктеріңіз бен өршіл рухтарыңыз  кейінгі ұрпаққа үлгі. Сол арқылы біздің жастарымыз бой түзеп, Сіздердің жасаған қайсарлықтарыңызға бас иеді. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еліміздің өркендеуі осынау мерекенің жемісі. Сондықтан өздеріңізге айтар алғысымыз шексіз, – деді И.Құттықожаев.

Шара барысында майдангерлер Әбдірауық Сатыбалдиев, Төлеген Жүнісов, Сейітхан Шілдебаевтар өткен сұрапыл соғыстың ызғары мен елге әкелген қасіретін, өздері жүріп өткен майдан жолын сөз етіп, сол жылдардың қайталанбауын тіледі.

– Соғысқа аттанғанда небәрі 17-18 жастағы бозбала болдық. Еліміздің, ата-анамыз бен бауыр­ларымыздың амандығы үшін еш­қандай қиындыққа қараған жоқпыз. Сол қайсарлықтың, төзімділіктің арқасында Жеңістің 73 жылдығына да жетіп, балаларымыздың ортасында отырмыз. Ол күндер қайталанбасын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, тек бейбітшілікте өмір сүрсін, – деп Әбдірауық ата жастарға батасын да берді.

Шара соңында  облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев ардагерлерге облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемовтің алғыс хатын табыстады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<