АУҚЫМДЫ ЖҰМЫС АЛАҢЫ

450

0

 Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдас­тыруы­мен «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ нысандарымен танысу мақсатында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті.

Бұл мекеме 2011 жылы «Қызыл­орда» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ болып құрылып, 2013 жылы облыс әкімінің бастамасымен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы АҚ болып өзгертілген.

Басқарма төрағасы Темірхан Кенжебаевтың айтуынша, корпо­рация 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін кәсіпкерлермен және даму институттарымен біріге ­отырып ӘКК 62 жоба қабылдап, оның 32-сін іске асырған. Оның ішінде әлеу­меттік, экономикалық, өнер­кәсіп, ауыл шаруашылығы, жер қой­науын игеру салалары ­бойынша бірлескен жобалар бар.

– ӘКК-ның басты мақсаты – мем­ле­кеттік жекеменшік әріптес­тіктікті дамыту. Яғни инвестиция тарту, жеке кәсіпкерлікке қолдау көрсету, қолда бар өндірісті жа­ңарту және өзге ­жобаларды қолға алу. Осы тұрғыда 2013 жылы балық және күріш кластерін дамытуға кірістік. Қазіргі кезде балық өнімдерін шығаратын 5 кәсіпорын бар, шетелге өнім шығарып жатыр. Күріш кластерін дамыту үшін «Агрохолдинг Байқоңыр» құрылды. Қазірдің өзінде 47 мекеме бірігіп жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта жер қойнауын игеруге байланысты жобаларды жүзеге асыруды қолға алатын боламыз, – дейді басқарма төрағасы.

Мұнан кейінгі бағыт Қызыл­орда қаласында орналасқан «Сыр-Балажаны» балалар шағын орта­лығы болды. 2014 жылдан бері жұмыс жасап жатқан орталықта 100-ге жуық бала тәрбиеленеді. Орта­лық заманауи ойын жабдық­тарымен, жиһаз, техника және бейнебақылаумен қамтылған. Сон­дай-ақ, балаларға үш тілде сабақ жүріп, түрлі үйірмелер ұйым­дастырылады. Бүгінде мекеме 30 адамды қызметпен қамтып отыр.

Сыр өңірінде құрылыс жұмыс­тарының қарқын алып, Қызылорда қаласының алып құрылыс алаңына айналғанына бірнеше жыл болды. Осы уақыт аралығында айма­ғымыз көпқабатты тұрғын үй тұрғызудан көптеген өңірден көш ілгері тұр. Құрылыс өнімдерін үй құрылысы комбинаты шығарады. «РМЗ-Шапагат» ЖШС қолға ал­ған комбинат «WEILER» неміс ком­па­ниясының жаңа техноло­гиясы арқылы сапалы бетон-қа­бырға, каркасты-блокты және кар­касты-тақталы үйлер мен әлеу­­меттік-мәдени нысандардың құры­­лысына қажетті  темір-бетон конструкцияларының барлық номенклатурасын әзірлейді. Биыл комбинат сол жағалаудағы төрт үйдің құрылысын жүргізетін болады.

Тілшілер қауымының келесі аял­даған нысаны – «Қызылорда авто­бус паркі» ЖШС болды. Авто­парк жыл сайын үлкен сыйым­ды­лықтағы жаңа ­автобустармен толысуда. Мұндағы ­ерек­шелік – қала көлемінде қызмет ­көрсе­тетін үлкен сыйымдалықтағы авто­бус­тарға арналған тұрақтар, жанар­май бекеті, көлік жуу алаңы мен автобустардың үздіксіз жұмыс жасауына жағдай жасайтын түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Авто­парк 200 қоғамдық көлікке ар­нал­ған. Онда 400-ге жуық адам қыз­мет жасайды.

– 2013 жылдан бері ­облыс орталығына 112 үлкен сыйым­ды­лықтағы автобус әкелінді. Оның  20-сы облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа алынған. Бұдан бөлек, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС «Қызылорда қаласында автобус паркінің жұмысын ұйымдастыру және жолаушы тасымалы жүйесін жаңғырту инвестициялық жобасы» аясында Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы табиғи газбен жүретін 92 экологиялық таза автобус айналымға енгізіліп отыр. Бұл көліктер  қаланың ең ірі 6 бағыты бойынша жолаушылар тасымалдайтын болады, – дейді бас инженер Берік Мұхтаров.

Елімізде аграрлы саланы да­мы­туға айрықша көңіл бөлініп, мемлекет диқандарға субсидия бөлу арқылы қолдау көрсетіп келеді. Сыр өңірінде де күріш кластерін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жасалуда. Осы мақсатта «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ облыстағы ірі өндірістік күріш элеваторының иесі саналатын «Жалағаш элеваторы» ЖШС үлесін сатып алды. Соның нәтижесінде аталған кәсіпорын «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС  болып қайта құрылды. Күріш өңдеу зауытының жобалық құны тәулігіне 150 тоннаны құрайды. Эле­ваторда әрқайсысы 1700 тон­наға дейін күріш сақтайтын 9 қой­ма бар.

Серіктестік «Күріш дақылының элиталық тұқымын сатып алу» инвестициялық бағдарламасы аясында 2016-2017 жылдары Ресей­дің Краснодар өлкесінен 668 тонна элиталық күріш тұқымын әкеліп, шаруашылықтарға көбейтуге берген. Соңғы екі жылда 10006 тонна бірінші репродукциялы тұқым сатып алынған. Қазіргі таңда ­мекеме 47 шаруашылыққа қаржылай көмек береді.

– Елдегі күріш егетін майда шаруашылықтардың қабілетін арт­тыру, күріш егудің бүкіл агротехникасын сақтай отырып, сапалы өнім шығаруды қолға алу – біздің басты мақсатымыздың бірі.  Жыл сайын «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС көмегімен фьючерстік келі­сім-шарт негізінде аймақта күріш өсіру шаруашылықтарының қатары артуда. Мәселен, 2015 жылы 27 шарт жасалса, 2016 жылы 27 шаруашылық қаржы алды. 2017 жылы 47 шаруашылықпен фьючерстік келісім жасалды. Нәтижесінде 26,8 мың тонна шикі күріш және 4,5 мың тонна тұқым жиналды. 2018 жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайтын 26859 тонна күріш тұқымын сатып алуға 34 шаруашылықпен фьючерстік келісім жасалды. Сон­дай-ақ, агрохолдинг биыл күріш егісі үшін себу дәрежесі 3-ші кластық деңгейдегі 4142 тонна бірінші репродукциялы «Лидер», «Фаворит» сорттарының тұқымдары дайындалып, өңірдегі шаруашылықтарға 110 теңгеден өткізілуде. Ал Краснодардан әке­лінген элиталық тұқым «Таң ЛТД» ЖШС  мен «Төңкеріс К» шаруа қожалықтарының алқабына енгі­зілді, – деді «Агрохолдинг Бай­қоңыр» ЖШС-ның директоры М.Еспанов.

Мұнан кейін журналистер Сыр­дария ауданындағы «Шаған Агрофуд» ЖШС мал бордақылау алаңы мен ет комбинатында болды. Комбинаттың жұмысы туралы «Шаған жер» ЖШС директоры Бердібек Қадыров тарқата айтты.

Бүгінде мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Жобаның жалпы құны – 637,1 млн теңге.

– Қазіргі кезде 67,3 млн теңге бөлініп, оған 200 бастан аса мал сатып алынды. Комбинатта ауысымына 20 бас мал сойылып, 200 келі ет өңделеді. Малды Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай қалаларынан әкеліп отырмыз. Барлық жем-шөпті өзіміз дайындаймыз. Жоба ағымдағы жылдың маусым айында іске қосылады деп жоспарлануда, – дейді шаруашылық директоры.

Қай саланың ­болмасын жұ­мысына дем беріп, ел эконо­ми­касының әлеуетін арттыруда, ай­мағымыздағы ірі жобалардың жүзеге асуына ұйытқы болып жүрген «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ-ның маңызы зор. Серпінді жоба­лардың бастауында жүрген корпорация әлі талай ауқымды жобаларды жүзеге асырмақшы.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<