Ауру астан келмесін

375

0

Тамақтан улану көбіне жеке гигиена талаптарын сақтамау салдарынан туындайтынын бәріміз білеміз. Инфекция лас қол, жуылмаған жеміс пен көкөніс, ортақ ойыншықтар, ыдыс-аяқ арқылы берілетіні белгілі. Осы жазатайым жағдайға көбіне балалар ұшырап жатады. Ағзаға микробтар енгеннен кейін токсиндер бөлініп, интоксикация басталады. Мұның белгілері – дене температурасының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік. Инфекция ішке кіргеннен кейін шамамен 4-6 сағат өткен соң осы белгілер білінеді.

Биыл республика көлемінде тағамнан улану көрсеткіші күрт көтеріліп кеткен. Он айда тіркелген 150 жағдайдың 126-сында 14 жасқа дейінгі балалар зардап шеккен. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен қоғамдық тамақтану саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлермен кездесуде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының мамандары айтты.

Шарада облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Меруерт Битасова жыл басында Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар бекітілгенін айтты. Онда тамақ өнімдерін өндірумен, қайта өңдеумен, өткізумен және тұтынуды ұйымдастырумен айналысатын қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар айқындалған.

Бұл құжатта қоғамдық тамақтану нысандарының құрылысына жер учаскесін таңдаудан бастап сумен жабдықтау, тұтыну қалдықтарын жинау, өндірістік бақылауды жүзеге асыру, нысанды күтіп ұстау, ондағы тамақ өнімдерін тасымалдау, сақтау, өткізу және кәдеге жарату, еңбек, тұрмыстық қызмет көрсету үшін персоналды оқытуға дейін қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар қамтылған.

– Біздің мақсатымыз тексеру емес, осындай түсіндірме жұмыстарында алынған ақпараттар арқылы кәсіпкерлер өздерін бақылап, заң талаптарын орындағанын қалаймыз, – деді департамент басшысының орынбасары Ұлбосын Аханаева.

Кәсіпкерлердің айтуынша,  кейінгі кездегі қымбатшылықтың кесірі көрсетіп отырған қызметтеріне теріс ықпалын тигізіп отыр. Сондықтан олар  арзан өнім іздеуге мәжбүр. Көбіне әлеуметтік желілер арқылы ұсынылатын өнімдердің сапасы күмән тудырмай қоймайды.

Сала мамандарының мәліметіне қарағанда,  ендігі жерде жалған және сапасыз өнімдер туралы ақпарат алуда кедергі жоқ. Қазір елімізде сәйкес келмейтін өнімдер тізімі енген http://reestr-np.kz/ сайты жұмыс істейді.

Кездесуде кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гауһар Елеусінова сапалы, қауіпсіз өнімдерді тұтынушыға ұсынуға кәсіпкерлердің де мүдделі екенін айта келіп, бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруге атсалысатынын атап өтті.