Аймақта агрокарта аясында ауқымды жұмыстар атқарылды

198

0

ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес облыстың агрокартасы бойынша 2019 жылы облыстың АӨК-нін дамыту үшін нысаналы индикаторлар белгіленді. Агрокарта аясында облыстың ауыл шаруашылығы саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылды.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Маржан Өмірбаева мәлім етті.
«Бүгінгі күні облыста егін егу жұмыстары толығымен аяқталды. Аудандардан алынған мәлімет бойынша ағымдағы жылы барлығы 183,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналасып, межеден 5,2 мың гектарға артық орындалды. Агрокарта бойынша 2019 жылы облыста егілген майлы дақылдар көлемі 7 мың гектарды, мал азықтық дақылдар көлемі 62,7 мың гектарды құрап, тиісінше, соңғы 5 жылда майлы дақылдар 6 мың гектарға және мал азықтық 10,3 мың гектарға артып отыр»,-деді М. Ахатқызы.
Қазіргі таңда облыс бойынша жалпы көлемі 10,5 га құрайтын барлығы 164 жылыжай бар. Қолда бар жылыжайлардың 90-ы нақты жұмыс жасап тұрса, 74 жылыжайдың жұмысы мүлде тоқтап тұр. Осыған орай, Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда жылыжай шаруашылығын дамыту жөнінде арнайы іс-шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар жүргізіліп, үстіміздегі жылы жаңадан қолға алынған және жұмысы тоқтап тұрған жалпы көлемі 6,395 га болатын 43 жылыжайды іске қосу жоспарланып отыр.
Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары М.Өмірбаеваның айтуынша, 2018 жылы облыстан 34,5 млн. долларды құрайтын 95,8 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, 2017 жылмен салыстырғанда 18,2%-ға артқан. Оның ішінде, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 94,5% құрап отыр.
2018 жылдан бастап экспортталатын өнім түрлері ұлғайтылып, Қытай, Түркия, Араб Әмірлігі мемлекеттерінің нарығы игерілуде. 2019 жылы экспортқа бағытталған жобалық құны 5,4 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<