Азаматтарға пәтер тек кезек реттілігіне сәйкес беріледі

408

0

Бүгін баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбек бөліммен жыл көлемінде атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаж адамдардың 5 дара тізімдері бойынша 27 324 отбасы кезекке тіркелген. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес, азаматтарға пәтерлер тек кезек реттілігіне сәйкес беріледі.

Жалпы, 2022 жылдың маусым айында Жаппасбай батыр көшесінен 50 пәтерлік №78 үй және қараша айында Сол Жағалау тұрғын ауданынан 40 пәтерлік арендалық тұрғын үй кезек реттілігі бойынша көп балалы отбасыларға табысталды. Ал, желтоқсан айында Сол Жағалау тұрғын ауданынан 60 пәтерлік арендалық тұрғын үй «Жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар» санаты бойынша кезекте тұрғандарға берілсе, жыл соңында Сол Жағалау тұрғын ауданынан 50 пәтерлік арендалық тұрғын үйден халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға табысталған.

– Мүлік иелерінің бірлестігі және жәй серіктестік бойынша тоқталып өтсек, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап ПИК-тер қызметін тоқтатып, әрі қарай жаңа басқарушы органдар өз жұмыстарын жалғастырады. Бұған дейін, қала аумағында барлығы 575 көппәтерлі тұрғын үйлердің 558-не «Жәй серіктестіктер», 17-не «Мүлік иелерінің бірлестігі» құрылды, – деді бөлім басшысы А.Рысбек.

Қазіргі таңда, мүлік иелерінің бірлестігін ашу бойынша 10 көппәтерлі тұрғын үйдің құжаттары рәсімделіп, әділет органдарына тапсырылған. Құрылған жәй серіктестіктерді мүлік иелерінің бірлестігіне ауыстыруға және жаңадан құрылған кондоминиум объектілерін басқару органдарына есеп шоттарын ашу жұмыстары жүргізілуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<