Павлодарда үшінші қабаттың терезесінен құлап қаза тапқан 3 жасар бүлдіршіннің анасы бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол баланың қауіпсіздігіне аса мән бермегені үшін жауапқа тартылады. Себебі сол күні бүлдіршінді кәмелетке толмаған кішкентай қызына қалдырып, өзі құрбысына шаруаларымен шығып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға қаланың шағын аудандарының бірінде болған.
«Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау (ҚК-нің 141-бабы, 2-бөлігі) фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиға кезінде балалар үйде жалғыз болғаны анықталды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде», – деп түсіндірді ведомство.
Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шакеневаның айтуынша, анасы кәмелетке толмаған екі баланы терезесі ашық пәтерде жалғыз қалдырып,шаруаларымен үйден кетіп қалған.
«Бізде қандай да бір себептермен балалардың осылай қаза табуы оқыс жағдай болып саналады. Алайда көбіне аналары кәмелетке толмаған екі баланы терезесі ашық пәтерде қараусыз қалдырып, көршісіне, досына біраз уақытқа кетіп қалады. Анасы пәтердің терезелері қорғалмағанын біле тұра, баланың терезеге жақындауы мүмкін екенін ойлауы керек еді. Ата-аналардың міндеті – балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл жағдайда ата-ана өзі міндетті тапсырманы орындамады. Салдарынан бүлдіршін қаза тапты. Менің ойымша, анасының балаларына қатысты немқұрайлылығының кесірі», – деді Шакенева.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда Павлодар облысында балалардың терезеден құлауының 48 жағдайы тіркелген. Оның 11-і өліммен аяқталған. Қалған балалар ауыр жарақат алған немесе мүгедек болып қалған. Бұл ретте бірде-бір ата-ана қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
«141-бапты қолдану қиын болатын объективті және субъективті себептер бар. Бірақ бұл фактіні жоймайды: қараусыз қалған баланың өлімі – немқұрайлылықтың нәтижесі», – деп қосты Павлодар облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі.
Бұл жыл басынан бергі екінші іс болып отыр. Сәуір айында Павлодарда бесінші қабаттың терезесінен екі жасар бала құлап кеткен. Оқиға кезінде ол әжесінің қасында болған. Қайта бала аман-есен, ауыр жарақат алмаған.
«Оның заңды өкіліне әкімшілік кодекстің 127-бабы – «кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша материал жасалды. Қазір істі ювеналды сот қарауда», – деді Шәкенева.
Құтқарушылар кішкентай баласы бар ата-аналарға үйде терезені ашық қалдырмауға кеңес береді. Сонымен қатар жәндіктерге арналған терезе торына сенуге болмауды. Ол баланың салмағын көтере алмайды. Ата-аналар мұндай жағдайдың алдын алу үшін терезелерге блокаторлар орнатуы қажет. Бастысы баланы қараусыз қалдырмауы қажет.