Барлық жақсылық – балаларға

628

0

Жадыраған жаздың алғашқы күні, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі «Балалар жылы» аясында аудан орталығында аталып өтілді.
Аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған мерекелік шарада бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салды. Мерекенің шырайын келтірген ертегі кейіпкерлері балаларға қызықты ойындар ойнатты. Аудан мектептерінің үздіктерінің шеруі өтіп, мереке көркін қыздырды. «Көңілді старт» эстафеталық сайыстары мен суретші бүлдіршіндердің асфальтқа сурет салу байқауы өткізілді.
Шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, ата-аналар мен бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.
«Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарың Отанның адал азаматы болуға жетелесін. Болашақтарың жарқын, аспандарың ашық болсын. Елімізді өркендетер келешектің кемеңгері болыңдар»,-деген ізгі тілегін аудан әкімі жеткізді.
Мерекелік шара аясында аймақ басшысы Н. Нәлібаевтың тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың балаларына тартуы ретінде 50 балаға велосипед, 15 балаға ұялы телефон сыйға берілсе, аудан әкімдігі мен ауданның жанашыр кәсіпкерлерінің қолдауымен 100 балаға Алматы облысының «Тау жанашыры» лагеріне жолдама тарту етілді.
Одан бөлек, аудандағы «Жалын» тынығу лагеріне облыстық мәслихаттың депутаты Р.Есенов арнайы музыкалық аппаратура сыйласа, «А.Тоқмағамбетов – Жер» ЖШС-і тарапынан №135 орта мектепке музыкалық аппаратура сыйға берілді. Бұл қолдаулар «Балалар жылы» аясында әлі де ұйымдастырылатын болады.
Айта кету керек, Тереңөзек кентінің сыртында орналасқан «Жалын» сауықтыру лагері 1-ші маусымнан бастап балаларды қабылдайды, 6 ауысымда 700 баланы демалдыру жоспарлануда. Оның ішінде, 581 бала міндетті оқу қоры есебінен, 119 бала кәсіподақ есебінен демалады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<