Сырдария ауданындағы «Руханият орталығында» «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Оған облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрмат Мансұр, өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмабай Байзақұлы, «Қызылорда ньюс» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Айжан Абдуллаева, Мәдениет саласының үздігі Асхат Сайлау және ауданның зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар қатысты.
Жиында Сыр өңірінің шежірелі мекенінің бірі Сырдария ауданының тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін кеңінен қамтыған жаңа кітаптың маңыздылығы жан-жақты айтылды. Аталған еңбек – ауданның сан ғасырлық шежіресін, ел бірлігі мен ынтымағын, ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың өнегелі өмір жолын, туған жердің табиғаты мен мәдени мұрасын кейінгі ұрпақ жадында жаңғыртатын құнды туынды.
– Мұнда Сырдарияның өткені ғылыми негізде зерделеніп, тарихи деректер мен ел аузындағы құнды мәліметтер жүйеленіп берілген.
Сырдария – тамырын тереңге жайған, тарихы бай, руханияты кемел өңір, елге танылған батырлар мен билер, ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері шыққан жер. Осындай еңбектің жарық көруі – аудан тарихына деген құрметтің, келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі. Тарихын таныған елдің болашағы баянды болмақ.
Кітапты әзірлеген өлкетанушылар мен зерттеушілерге, сондай-ақ осы игі іске қолдау білдірген азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – деді аудан әкімі Берік Сәрменбаев.
Кеш барысында ғалымдар сөз сөйлеп, жаңа кітаптың тарихи-танымдық маңызына тоқталды. Олар аталған еңбектің ел тарихын түгендеуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға қосар үлесі зор екенін атап өтті.
Рухани кешке жиналған көпшілік жаңа туындыға бағасын беріп, тұсаукесер рәсіміне куә болды.
«СБ» ақпарат





