Болатбек Баймахановты мерейтоймен құттықтады

448

0

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов білікті дәрігер, қоғам қайраткері, Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы», жерлесіміз Болатбек Баймахановты 60 жасқа толуына орай мерейлі мерекесімен құттықтады.

Асқарбек Темірбекұлы елімізге белгілі азамат, ғалым, медицина ғылымының докторы, профессор, жоғары санатты хирург Болатбек Баймахановтың өңіріміздің өркендеуі мен дамуы жолындағы қосқан елеулі үлесі мен ел игілігі жолындағы еселі еңбегін атап өтіп, құрмет көрсетті.

– «Елдің атын ер шығарады» дегендей киелі Жалағаш жерінде дүниеге келіп, еліміздегі медицина саласының дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан медицина ғылымдарының докторы, профессор, хирург Болатбек Бимендіұлы асқаралы 60 жасқа толып отыр. Туған жеріне аңсап жетіп, топырағына табан тигізген, жүрегі дүрсіл қағып, өткен күндерімен, жастық дәуренімен қайта қауышқан Болатбек Бимендіұлы қадамыңыз құтты болсын демекпін, – деді аудан басшысы.

Басқосуда мемлекет және қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов, Жалағаш ауданының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Батырбек Маншарипов мерейтой иесінің өмір жолын, ізгі істерін атап айтып, ыстық ілтипаттарын білдірді.

Қазіргі күні Болатбек Баймаханов өзі оқыған, ғылымға алғашқы қадамдарын жасаған, хирургияның қара шаңырағы болып табылатын А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында абыройлы қызмет атқаруда.

Аудан басшысы мерейтой иесін құттықтап, жылы лебізін жеткізіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

Өз кезегінде Болатбек Баймаханов құрмет көрсетіп, еңбегін елеген аудан басшысына, жерлестеріне алғысын білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<