Болмысы бөлек тұлға

6

0

2004 жылдың жаз айы. Қызмет бабымен Жаңақорған ауданы Сыр­дария өзенінің Қызылқұм жақ бетіндегі елді мекендер мен шаруашылықтарды аралап, тұрғындармен жүздесіп, тілдесіп, талап-тілегін біліп, аудан орталығына қайтып бара жатқанбыз.

Жол бойында, шамалы қашықтықта орналасқан шағын ауылда жүргізіліп жатқан бір ғимараттың құрылысы көзге түсті, оны да көре кетуді жөн санадық. Құрылыс алаңына жақындап қалғанда жұмыстың қызу жүріп жат­қаны байқалды, үйілген кірпіштердің жанында таяғына сүйенген бір қария кісі орнынан тұрып, бізге қарай жәй­мен қадам жасай бастады. Бізде асығыс көліктен түсіп, ақсақалға қарсы жүріп, амандасуға бет алдық. Қасымдағы аудан әкімі қарияны алыстан танып, бұл кісі Бердібек Сапарбаевтың әкесі деп айтып үлгерді. Қария сәлемімізді қабыл алып, амандық сұрасқан соң, біздің білгіміз келгенді сезгендей, ауыл туралы, салынып жатқан құрылыс туралы жәймен айта бастады.

«Мен ауылдың бүгінгі жасы үлкен қариясымын, зейнет жасына дейін «Өзгент» совхозының осы «Ақжол» елді мекеніндегі бөлімшесін бас­қар­дым.

90-жылдардың басында, колхоз, совхоздар тараған соң, жұмыс­сыз­дық­тан көптеген елді мекендердегі тұр­ғындар облыс, аудан орталықтарына көшуді бас­тады. Бірақ мен ауыл­дастарымды осындай қадамға бар­мауға ақыл-кеңес бердім, сендірдім, бірлесіп егін, мал өсіруге, елді мекен­дегі бар мәселелерді жұмыла отырып шешуге шақырдым. Ауылымызда тек бастауыш мектеп қана бар еді, соны асармен бүкіл ел болып, қысқа мерзімде құрылысты аяқтап, орта мектеп дәре­жесінде қайта аштық. Оған дейін бала­ларымыз 5-6 км жердегі 1 Май ауылына барып оқитын еді. Негізінде ауылымыз Сыр бойында орналасқандықтан егінге де, малға да жайлы жер. Бірақ бұрынғы кеңес дәуірі кезіндегі шаруашылықтың ізі де қалмады, бәрін де қайтадан бастауға, ұйымдастыруға тура келді. Қазір Аллаға шүкір, елдің тұрмысы жақ­сарып келеді. Ал мына құрылысқа келетін болсақ, байқаған боларсыздар, ауылымызда мешіт жоқ, бүгінде басқа ауылдарда тұрғындардың қуа­нышы да қиыншылығы оның үстіне жал­пы халықта дінге деген оң бетбұрыс бар. Соны ескере келе осы мешітті сал­дыруды қолға алдым, амандық болса биыл­ғы жылы аяқталып қалар» деп қария бізге жымия қарады, жүзінде шарша­ғандықпен қатар ауыр сырқаттың белгісі де байқалды.

Реті келген соң, мен Машбек ақсақалға баласы Бердібекті жақсы танитынымды, елге, халыққа сыйлы, абыройлы азамат екенін жеткіздім.

Ақсақал рақметін айта отырып, «Бердібек жастайынан еңбекке ерте ара­ласты. Айтып кеткенімдей, біздің ауылда тек бастауыш мектеп қана болды, сол себептен Бердібек 5-6 км жердегі 1 Май ауылындағы орта мектепте оқыды, қысы-жазы күнде жаяу барып, жаяу қайтатын, білімге деген құштарлығынан болар, қиыншылыққа мойын бермеді, төзді. Әрі тұңғышымыз болғандықтан үйдегі шаруа­шылықты жүргізуге, тұрмыс­тағы кемші­ліктерді жеңуге де маған, анасына көмекші болатын, онымен қатар бауырларының да сабақтарына көмектесу, қамқор болу оның мойнында еді. Құдықтан су тасу, мал суғару, шөп-жем беру ол да тынымсыз еңбекті талап ететін. Жазғы демалыс кезінде де тыным таппайтын, шөп орады, егінге көмектеседі, кесек құяды және тағы басқа жұмыстар. Сол себептен балам Бердібекке, осындай қиын өмір мектебінен өткен ұлыма, оның істеп жатқан қызметіне мен алаңдамаймын, оның әрбір іске үлкен жауапкершілікпен, талаппен қарай­тынын жақсы білемін. Тек құдай оған амандық, ұзақ ғұмыр берсін» деп ақсақал көңілі толқып, терең бір демалып алды.

2023 жылы жазда Бердібек Машбек­ұлымен Алматыда, Абай атын­дағы опера және балет театрында, соңғы қоштасу рәсімінде осы Машбек қариямен болған кездесуім есіме түскен еді.

Осы биік адами қасиеттердің негі­зі, іргетасы Машбек ақсақалдың тәр­бие­сімен, өскен ортасымен, көрген қиын­шылық­тарымен, оған мойымай та­банды күресумен өткен балалық шағында қаланғаны даусыз. Бұғанасы қатпай жатып, сондай ауырт­палығы, сынағы көп мектептен өткен Бекең кабинетте отырып, басшылық жа­сайтын әкім емес, елдің нағыз ортасында қиналған шақта халықтың жанынан әрдайым табылатын, бірге болатын, жаны да, жүрегі де солармен бірге қиналатын басшы болды, осы болмысымен елдің ерекше құрметіне бөленді, ерен еңбегімен есінде қалды.

Ақыл мен жігер, кісілікпен қатар кіші­пейілділік, әділдік пен адалдық, іскерлік пен біліктілік Бекеңе тән қасиеттер еді.

Олай болса Бердібек Машбек­ұлының жарқын бейнесі, үлгілі өмір жолы, атқарған қыруар еңбегі ел тарихында, қазақ ұлтының жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз.

Икрам АДЫРБЕКОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері