Айына мыңдаған жолаушыларды діттеген жеріне жайлы және уақытылы жеткізу жолаушылар тасымалымен айналасатын мекеменің бірінші кезектегі міндеті. Бүгінде «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-і аталмыш міндетті жауапкершілікпен атқарып келеді.
Қоғамдық көліктердің уақытылы жүруі мен қызметкерлер қауіпсіздігі – мекеменің аға диспетчері Берік Сергейұлының жұмысындағы басты ереже.
Ол серіктестіктегі еңбек жолын 2019 жылы диспетчер қызметінен бастаған. Бүгінде аға диспетчер жұмысын таңғы 04:00-ден бастап, көлік қозғалысын реттеп, жүргізушілердің медициналық тексерілуін, қоғамдық көліктердің сантиарлық және техникалық талаптарға сай болуын қатаң қадағалайды.
– Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, ел игілігіне еңбек етудің мәртебелі қызмет екенін айқындай түсті. Жолаушылардың қалаішілік бағыттарда қалаған жеріне уақытылы, қауіпсіз, ыңғайлы жетуін ұйымдастыруға жұмыс істеп келемін. Қала тұрғындарының шағымын ескеріп, халық сұранысына сай сапалы қызмет ұсынуға тырысамыз», – дейді Берік Сергейұлы.
Көлік саласының дамуы жолында атқарған абыройлы қызметі үшін Берік Сергейұлы облыс және қала әкімінің, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының марапаттарына ие болған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<