Он салмақта олжа салғандар

6

0

Қызылордада Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен ересектер арасындағы халықаралық турнир өтті. Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының бірінші вице-президенті Дархан Сәрсенов,  Тәйімбет Көмекбаевтың баласы,  генерал-майор Бағбан Тәйімбетұлы, батыр ұрпағы Ардашер Шайымбетов қатысты.

Дүбірлі дода биыл екінші мәр­те ұйымдастырылып отыр. Оған Олимпиада, Әлем, Еуропа, Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері келді. Бозкілем үс­тіндегі белдесуде 20-дан астам елдің балуандары жүлделерді са­рапқа салды. Олардың қатарында Әзербайжан, Бразилия, Қырғыз­стан, Қытай, Моңғолия, Өзбек­стан, Пәкістан, Ресей, Татарстан, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан, Үндістаннан және еліміздің бар­лық аймағынан 200-ге жуық спорт­шы 10 салмақ дәрежесінде бақ сынады.

– Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен ересектер арасындағы халықаралық турнир алдымен 1995 жылы сам­бодан республикалық ашық тур­нир ретінде ауданнан бастау алған еді. Содан бері осы  жарыс­тан 100-ге жуық Әлем және Азия чем­пиондары шыңдалып шықты. Өткен жылға дейін ол Қармақшы ауданында республикалық дең­гейде ұйымдастырылды. Былтырдан бері облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауымен  халықаралық деңгейде облыс ор­талығында өтуде.  Сыр өлке­сін­де есімі елге, әлемге әйгілі тұл­ғалар аз емес. Олардың  қата­рында Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаев есімін ерекше құрметпен айтамыз. Қаһарман жауынгер қан майданда от ке­шіп, Отан үшін кеудесін оққа тосқан,   ерлігімен көзге түсіп, жаужү­рек­тігімен  батыр атанған тұлға, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Салтанатты шара барысында Руслан Есеналин Бағбан Тә­йім­бетұлы «Денешынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Айта кету керек, өңірде олим­пиадалық спорт түрлері, оның ішінде грек-рим күресі қарқынды дамып келеді. Бүгінде осы спорт түрімен шұғылданушылар саны 1600-ден асты. Спорт саласы­на көрсетілген қолдаудың арқа­сында өткен жылы грек-рим кү­ресінен Әлем чемпионы атанған сырбойылық балуан Айдос Сұл­танғали ел мерейін үстем етіп, тарихи жеңіске қол жеткізді.

Халықаралық турнир алдында өткен баспасөз мәслихатында облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқарма­сы­ның басшысы Бақтияр Артаев өз сө­зінде тур­нирдің өңір спорты үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Беделді бәсеке отыз жылдан астам уақыттан бері алдымен самбо, кейіннен грек-рим күресінен тұрақты түрде өткізіліп келеді. Онда шеберлігін шыңдаған ба­л­уандар арасынан кейіннен әлем­дік деңгейде топ жарған саң­лақ­тар шықты. Сондықтан бұл тур­нирді жарқын жеңістерге жолашар жа­рыс ретінде бағалаймыз. Ал­да­ғы уақытта облыста мұндай көптеген бәсеке өтеді деген жос­па­рымыз бар, – деді басқарма бас­шысы.

Ал ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов турнирдің халықаралық деңгейіне ерекше тоқталды.

– Қызылорда төрінде өтетін бұл дода әлемдік күнтізбедегі ма­­ңызды жарыстардың біріне ай­налды. Олимпиада, әлем және құрлықтық жарыстар­дың жеңім­паздары мен жүлдегер­лерінің қа­тысуы турнирдің беделін айқын­дайды, – деді ол.

Сыр өңірінде Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим кү­ресінен ересектер арасындағы ІІ-ха­лықаралық турнир бүгін өз мә­ресіне жетті. Екі күнге со­зыл­ған дүбірлі додада 20-дан аса елдің білекті балуандары 10 сал­мақ дә­режесінде бақ сынады.

Халықаралық турнирде өзбек­стандық Ихтиор Батиров (55 ке­лі), Феруз Тухтаев (60 келі), Аб­дулло Алиев (77 келі), Ху­доёрд­жан Шамшаддинов (97 келі), Жетісу облысынан Диас Қал­тай (82 келі), Жеңіс Ерасыл (87 келі), шымкенттік Әділхан Сатаев (72 келі), қызылордалық Нұрбол Бақдәулет (65 келі), қара­ғандылық Алмат Кебісбаев (67 келі), жамбылдық Ерғали Әлішер (130 келі) сынды спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»