Еуропалық үлгідегі киіз үй қызметі

335

0

Осыдан 2 жыл бұрын жұмысын бастаған «Макing Тerenozek» фастфуд орталығы кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтті. Жыл сайын өз тұтынушыларын қуантудан жалықпайтын орталықта бірнеше кәсіби маман жұмыс жасайды. Өз кезегінде жас кәсіпкер Мақсат Бекенов отбасылық бизнесті дамытуға күш салып келеді. Сапалы, ұтымды, халыққа қолайлы қызмет көрсететін «Макing Тerenozek» фастфуд орталығында еуропалық үлгідегі қазақы киіз үй жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Еуропалық үлгідегі киіз үйдің ашылу салтанатына аудан тұрғындары мен қонақтар қатысты. Күнделікті кестеге сәйкес, тұтынушыларға қызмет көрсетілуде. Қызылорда облысы бойынша бірегей орталық көпшілік көңілінен шығуда. Өз кезегінде отбасылық бизнестің қазіргі аяқ алысы жөнінде бізге жас кәсіпкер Мақсат Бекенов айтып берді.

– Нарықтық заманда бәсекеге қабілетті болу маңызды рөл ойнайды. Алғаш фастфуд орталығын ашатын уақытында отбасымызбен сұранысқа ие кәсіп түрін таңдауды жөн көрдік. Ата-анам, бауырларыммен бірге жаңа кәсіпті игере бастадық. Әрине, тұрғындардың талғамы жоғары. Кәсіби, біліктілігі жоғары мамандарды жұмысқа тартуға барлық жағдай жасалды. Бірнеше қалада орналасқан фастфуд орталықтарының мамандарымен тәжірибе алмастық.

Осылайша, кәсібімізді жаңғыртып, еуропалық үлгідегі қазақы киіз үй ашуға бел будық. Қомақты қаржы жұмсалған киіз үй жылдың 4 мезгілінде де қонақ күтуге арналған. Заманауи жиһаздар қойылған. Соңғы үлгідегі ыдыстармен жабдықталған. Тұтынушы өз қалауынша біздің тағамдарға тапсырыс бере алады. Сонымен бірге Тереңөзек кенті мен жақын ауылдарға тасымал қызметі жолға қойылған. Әр жұма сайын әрбір донер алған тұтынушыға түрік айраны беріледі, – дейді жас кәсіпкер.

Айта кетейік, «Макing Тerenozek» фастфуд орталығының ашылғанына 2 жыл толуына орай «инстаграм» желісі арқылы оқырмандар арасында ұтыс ойынын ұйымдастырды. 5 мыңнан аса адамның ішінен 10 жеңімпаз анықтап алынды. Олардың қатарында Түркістан, Нұр-Сұлтан қаласы мен Арал ауданынан жеңім атанған жандар бар. Сонымен бірге жиырма мыңыншы тұтынушыға арнайы сыйлық тапсырылды.