Фракция отырысында өзекті мәселелер қаралды

5

0

Фото: «AMANAT» партиясы

Қызылорда облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтіп, өңірдегі өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, фракция жетекшісі Жорабек Нұрымбетов, партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, сондай-ақ басқарма басшылары мен жауапты сала өкілдері қатысты. Күн тәртібінде партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру, партиялық жобалардың нәтижелері және депутаттық қызметтің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

Отырыста «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының өңірлік Жол картасының орындалу барысы кеңінен сөз болды. Бұл бағытта облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді атап өтті.

Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты» жобаларының жүзеге асырылу нәтижелері туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рысбек Шайхиев хабарлама жасады. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасының өңірдегі жүзеге асу барысын жоба өкілі Балдырған Мәмен, «Цифрлық қоғам» жобасы аясында партияның облыстық филиалының саяси жұмыстар бөлімінің басшысы Гаухар Исмаилова таныстырды.

Фракция отырысында депутаттар тарапынан мемлекеттік органдарға жолданған сауалдардың сапасы мен орындалу деңгейі, тұрғындардан түскен талап-тілектердің жүзеге асырылуы, сондай-ақ халық алдындағы есептік кездесулерді ұйымдастыру мәселелері де жан-жақты талқыланды.

Жиын барысында фракция жетекшісі Жорабек Нұрымбетов, партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай және фракция мүшелері күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша жауапты орган басшыларына нақты сауалдарын қойып, өзекті ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар нақты ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Атап айтқанда, депутаттық сауалдардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізуді күшейту, Жол картасында көзделген іс-шаралардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жауапты мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру ұсынылды.

Сондай-ақ, партияның облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиялары мен қоғамдық кеңестерге Жол картасының орындалуына тұрақты бақылау жүргізіп, анықталған мәселелер бойынша нақты ұсыныстар енгізу арқылы партиялық бақылауды күшейту тапсырылды.

Жалпы, фракция отырысында көтерілген мәселелер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдар ретінде айқындалды.