Мәулен Әшімбаев ресейліктердің көшіп келуіне қатысты пікір білдірді

403

0

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресейдегі ішінара мобилизациядан кейін халық арасында тараған ақпаратқа қатысты өз ойын айтты деп хабарлады turkystan.kz Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

Әшімбаев мобилизация Ресейдің ішкі мәселесі екенін еске салып, Қазақстанның лауазымды тұлғасы ретінде пікір білдіре алмайтынын жеткізді. Алайда ресейліктер келемін десе, заңды тұрғыда бірқатар рәсім бар.

«Қазақстан да, Ресей де Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді. Біздің арамызда келісімдер, шарттар бар. Соларға сәйкес, Ресей азаматтары біздің территориямызға келеміз десе, оларға шектеу қоюға құқығымыз жоқ. Сол себепті қазір ары қарай қалай болатынын көреміз. Осы қақтығысқа қатысып жатқан тараптар бір мәмілеге келеді деп сенеміз», – деді Әшімбаев.

Оның айтуынша, Ресей азаматы тұруға ықтиярхат алғысы келсе, мемлекеттік органдарға тиісті құжаттарын тапсыруы керек. Соның ішінде кетіп жатқан мемлекеттің келісімі де бар. Ондайда кету туралы анықтама беріледі.

«Біздің заңымызда ондай нақты тармақ бар. Егер белгілі бір елдің азаматы өз мемлекетінің келісімін алмай келсе, Қазақстан оған тұруға ықтиярхат бере алмайды», – деп атап өтті Әшімбаев.

Осы орайда Сенат спикері қазіргі жағдайды тиісті мемлекеттік органдар бақылауда ұстап отырғанын және тиісті мәселелердің қаралатынын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<