Мақсатына жеткен майор

407

0

Сол кезгі КСРО-ның соңғы басшысы, М.Горбачевтің 1989 жылы шыққан «Жұмысшы жасақтар құру» жайлы бастамасы шығып, сол кездегі милиция бөлімдеріне комсомол жастардан ерікті-көмекшілер тарту жұмыстары болмағанда, жас жігіт Орынбасардың бала күнгі арманы мүлдем алыстап кетер ме еді, кім білсін?
Бала күнінен тәртіп сақ­шысы болуды армандаған Орын­басардың «көктен іздегені жер­ден табылғаны да» осы кез. Әйтпесе, техникум бітірген жігіттің, «механик» мамандығын арқалап жүргеніне де көп бола қоймаған. Сол жылы облыстың әр саласынан жиналған 30 жігіт аймақтағы ішкі істер бөлімдерінде милиция көмекшісі бола жүріп, көбісі қиындығы көп, ұйқысы аздау бұл жұмыстан қашқаны есінде. Сол 30 жігіттен екі-ақ жігіт ішкі істер саласында қалып, бірі қылмыстық іздестіру бөлімінде қызмет атқарса, біз әңгімелегелі отырған кейіпкер әкімшілік милиция бөліміне кіріп, өзі ұнатқан бейнетке толы, тынышсыздау, мезгілсіз, күн-түн демейтін сапы­рылысқан жолды осылай қалап алған еді.
Орынбасар Әділ осы Қы­зылорданың тумасы. Жас кү­нінде мектепті жақсы тәмам­даған оның басты мақсаты – елге қызмет ету жолы, халықты қорғайтын сақшы болу болатын. Әскери борышты 1984-1986 жылдары Германияда өтеп келісімен, қаладағы комсомол ұйымына жұмысқа тұрған еді. Осы аралықта бас хатшының әлгі жарлығы шығып, Орынбасар енді өзі сүйген қызметке шын берілген уақыт та басталды. Жай ерікті түрде келген жігіттің алғырлығы мен сергектігі қалалық ішкі істер саласы басшыларына ұнап, тұрақты жұмысқа қабылдап та алды. Сөйтіп 1990 жылы жас Орынбасар қалалық ішкі істер бөлімінің патрульдік қызмет ротасына қатардағы милиционер болып қабылданды.  
– Ол кезде бүгінгідей қылмыс болып жатқан аймаққа не тексеру жүргізуге шұғыл түрде жетіп барудың өзі мұң. Өзіңе бекітілген аймақты жаяу аралап, құқық бұзушылықтың алдын алуға тырысатынбыз. Қала бойынша екі-ақ машина ғана болатын. Сол қызметте тұрып, екі жылдан кейін бөлімше командирі болдым. Одан соң 1994 жылы взвод командирі деген қызмет жүктеліп, сол кездегі облыстық ішкі істер басқармасы деп аталатын мекемеге ауыстым. Содан кейінгі уақыттары басшылар сенім білдіріп, әкімшілік қамау орнының бастығы қыз­метіне тағайындалып, содан соң медициналық айықтырғыш қызметі бөліміне басшылық қызметке келдім, – дейді ол өткен жолдарды еске алып.
Орынбасар 1993-1995 жылы Шымкент қаласындағы арнайы милиция мектебін бітірген соң өз саласының үздігі ретінде көріне білді. Сол тұста, нақтырақ айтқанда, 1998 жылы ішкі істер бөлімдеріндегі ең қиын саланың бірі – әкімшілік қамау орнының бастығы қызметіне келді. Мұнда бір жарым жылдан соң медициналық айықтырғыш бөлімінің басшысы қызметін қоса атқарғаны бар. Ал  2000-шы жылдары басшылардың таңдауымен облыстық патрулдік полиция басқармасының басшысы деген лауазымға ие болды.
– Одан кейін облыс сала­сындағы штаттар бірігіп, қо­ғам­дық қауіпсіздік басқар­масы құрылды. Бұған Қасым Байкенжеев басшы бо­­лып, мен орынбасар болып тағай­ындалдым. Сол уақыт­тарда арнайы мемлекет­тік күзет қызметі деген  бөлім ашы­лып, онда да басшылық қызметте болғаным бар. 2002 жылдан бастап, 2006 жылға дейін Қармақшы аудан­дық іш­кі істер бөлімі басшы­сының қыз­мет істері жөніндегі орын­басары деген лауазым жүк­телді. Ауданда жүріп, деңгейі төмендеген полиция сала­сының жүгін жігіттермен бірге көтердік. Есте қалатын нәрсе, осында жүргенде елді мекендерге қарасты учаскелік поли­цейлердің барлығын қыз­меттік тұрғын үймен қамтыдық. Мұнда, әсіресе, сол кездегі Қар­мақшыдағы сала басшысы Бақыт Муятовтың ең­бегі зор болатын. Содан соң өзім облысқа оралып, 2010 жылға дейін медициналық айықтырғыш бөлімінде басшы болып, зейнетке шықтым, – дейді бүгінде сала ардагері.
Орынбасардың ішкі істер саласындағы қызмет жылдары тым күрделі екенін байқау қиын емес. Өзінің айтуынша, бұрын милиция, бүгінде полиция деп аталатын қызметке келгіңіз келсе, алдымен өз-өзіңе деген сенімді нығайту керек. Ал тәжірибесіз келген жас жігітке сол кездегі басшылар, әсіресе, облыстық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Ға­зымбек Алпысбаев, кейіннен біз­дің кейіпкердің өзі сол кісінің қарамағында қызмет атқарып, өзі орынбасары болған патрульдік милиция басқармасының басшысы Қасым Байкенжеев сияқты сала басшыларының қолдауы мен білгенін үйретуі мол өмірлік сабақ болып қалыптасты. Ал біздің «нағыз полиция қыз­меткері қандай болу керек?» деген сұрағымызға бүгінде сала ардагері болып отырған ағамыз былай деп жауап берді.
– Полиция күнделікті әртүрлі жағымсыз жағдайларды бастан кешіріп, көзбен көреді. Ал, оның барлығы ерте ме, кеш пе, адамға әсер етпей қоймайды. Олардың жұмысы қырық тармақты, сан салалы әрі жауапты. Ол үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат екібастан қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицей бойынан табылуға тиісті басты қасиеттер. Ұстамды болуы, адамдармен араласа білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығу оңай емес, – дейді Орынбасар Әділ.
Ішкі істер саласында қызмет ету қай кезде де оңай болма­ған. Отанның тұтастығы мен ха­лықтың тыныштығы осы­лар­дың қолында. Осы аса маңызды да қастерлі міндет олардан қашанда тап-тұйнақтай жинақылықты, темірдей тәртіпті, сақадай сай дайындықты талап етеді. Әсіресе, патрульдік полиция бө­лімінің қызметкерлеріне талап күшті. Қатардағы милиция­дан облыстық ішкі істер бас­қармасына қарасты патруль­дік полиция қызметінің бастығына дейінгі сатылы жолмен өткен жалғыз сала қыз­меткері де осы Орынбасар Әділ болды десек, қате айтпаспыз. Қызметте жүргенде де, зейнетке шыққанда да өз саласының қаншама мақтау қағаздарынан бөлек, ҚР ІІМ 15, 20, 25 жылдық мерекелік медальдары, ІІМ-дегі «Үздік қызметі үшін» төсбелгісі мен ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін алған І, ІІ, ІІІ дәрежелі ордендерімен ма­ра­патталды. Бі­рақ, аймақ ты­ныштығына алғау­сыз қызмет еткен, облыстық ішкі істер саласының «Құрметті ардагері», полиция майоры Орынбасар Мақсұтұлы зейнетке шықса да қоғамдық қызметте әлі де белсенділік танытып жүр. Жасынан мақсат қоя білген майордың бүгінгі тілегі біреу-ақ. Ол – заман тыныштығы мен ел бүтіндігі.
«Сөз соңында. Орынбасар ағаның әулетінен әке жолын жалғаған бұрымды ару бар. Ол –Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі, аға лейтенант Айгүл Әділова. Ұрпағының «елге қызмет етем» деген басты мақсатына қуанған Орынбасар аға да бар білгенін Айгүлдей пагонды қызына үйретуден жалыққан емес. Антына берік болған полицей әке ізін қуған ұрпағына ең басты «адалдық» деген шеңберден шығып кетпеуін жалықпай айтып келеді. 

Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<