«Мылтықта түтеп тұрған мен бір пыстан»

5

0

Айтыс – ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан  тағылымы мол өнер талқысы. Жайлауы думан, қыстауы той қазақ кез келген жерде айтысып, сөз құдіретімен өнер туғызған. 

Қазіргі кезеңде оқушылардан бастап ардагерлерге дейінгі аралықтағы өткізіліп келе жатқан айтыс аталарымыздың анық бейнесі іспетті. Бұл ұлттық кодқа оралу деген істің бір қадамы болса керек.

Жақында А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен «Ардагерлер өнегесі – айтыс өрнегінде» атты тамаша шара өтті. Ардагерлер арасындағы облыс­тық айтыстың негізгі мақсаты арда­герлердің қоғамдағы беделін көтеру мен ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді наси­хаттау, отбасылық құндылықтарды дәріп­теу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытын көздеді.

Шараның ашылуында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүй­сенбаев сөз сөйледі. Ардагерлер басшысы атадан мирас болған үздік үрдістің алтын тінін үзіп алмай, келешекке жол көрсеткен ардагер ақындарға ақжол тіледі.

Ақ домбыра қолға алған ақындар кәсіби айтыскерлер емес, алайда, олар – мәдениет саласында қызмет еткен, өнер қадірін білетін алдыңғы буын. Сондықтан да сахнадағы сөз тыңдарманы үшін қызғылықты болды. Олар айтыстың екінші кезеңінде «Құлманбет айтысы» әдісімен берілген тақырыптар бойынша өлең құрап, суырыпсалмалық қабілеттерін танытты.

Жалпы, айтыс – адамның талантын ғана емес, шынайы болмысын ашатын өнер. Бұл айтыста үлкен кісілердің баладай аңғалдығы, данадай парасаты алдыға шықты.

Тарихтағы «Құланаяқ Құлманбетті» әр қазақ біледі. Бұл айтыс ІХХ ғасырдың соңында Албан жайлауындағы Шарипа есімді бай қызының ұзатылу тойында өткен. Сол айтыста Құлманбеттің Жам­былға «Мылтықта түтеп тұрған мен бір пыстан» дейтіні бар.

Байырқалап отырсақ, сол пыстан әр қазақтың ішінде бар, бүгінгі айтыста да ардагерлер өздерінің өрге шыға алатын өнерлерін паш етті. Мұндай айтыстарды алдағы кезеңде ұйымдастырып тұру керек-ақ екен деген ойға қалдырды.

Айтысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі театр режиссері Хұсейін Әмір-Темір, ҚР Ақпарат сала­сының үздігі, белгілі журналист-қаламгер Дүйсенбек Аяшұлы, халықаралық айтыс­тардың бірнеше дүркін жеңімпазы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрмат Мансұр қазылық жасап, ардагер ақын­дардың лайықты бағасын шығарды.

Бірінші, екінші орынға қызылордалық ардагерлер, мәдениет саласының май­тал­мандары Қазына Өзденбаева мен Қасарбек Кәрібаев, үшінші орынға сырдариялық Жұмағазы Оразов пен қазалылық Толағай Дүңкиев ие болып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Өнер сайысын «Алтын домбыра» сыйлығының үш мәрте иегері, айтыс ақтаңгері Мұхтар Ниязов жүргізіп, сөз додасының сәнін келтірді.

Көрермен шара арқылы рухани бір шуаққа бөленгендей болды.

«СБ» ақпарат