«Оқу орталығының емес, мұғалімдердің еңбегі»: Депутат Аймағамбетов ҰБТ-дан 140 балл жинаған түлектерге қатысты пікір білдірді

24

0

Фото: instagram/bilim_jane_gylym

ҰБТ-дан 140 балл жинаған түлектердің жетістігін оқу орталығының ғана еңбегі деп көрсету дұрыс емес. Мұны мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың сөзінше, жоғары нәтиде ең алдымен мектеп мұғалімдерінің, ата-ананың және оқушының ұзақ жылғы еңбегінің жемісі.

“130-140 балл алған түлектерге пәтер, көлік секілді сыйлықтардың берілуі қалыпты жағдай. Алайда кейбір ұйымдардың “бұл нәтижеге біз жеткіздік” деп жарнамалауы шындыққа толық сәйкес келмейді. Баланы бір айда немесе бірнеше айда ғана 140 балға жеткізетін технология жоқ. Егер оқушы жоғары нәтиже көрсетсе, Гарвардқа, Назарбаев университетіне түссе, бұл – ең алдымен мектептегі мұғалімдердің күнделікті еңбегі, ата-ананың қолдауы және баланың өз табандылығының нәтижесі”, – деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, оқу орталықтарының да үлесі болуы мүмкін. Себебі олар қосымша әдістеме мен дайындық береді. Бірақ негізгі еңбекті толықтай өздеріне телу дұрыс емес.

Аймағамбетов мұғалімдердің еңбегі көп жағдайда көзге көрінбей қалатынын айтты. Ол жоғары нәтиже көрсеткен түлектердің жетістігінде мектептің рөлі ерекше екенін жеткізді.