Пара алмаған полицейлер марапатталды

461

0

Ішкі істер министрінің бұйрығымен ІІО-ның бірден үш қызметкері медальмен марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ ресми парақшасына сілтеме жасап.

21 қазанда елордалық дүкендердің бірінің сатушысы 21 жасқа толмаған адамға алкоголь мен темекі сатқан. Ол әкімшілік жауапкершіліктен жалтаруға тырысып, учаскелік полиция инспекторы Бақытжан Құлжановтың күртешесіне 50 мың теңге салады. Дәл осы сәт полицейдің бейнетіркегішіне түсіп қалады. Сатушыға қатысты пара беруге тырысқаны үшін сотқа дейінгі тергеу басталды.

Екінші қызметкер, Ризабек Сапанов патрульдік полиция қызметкері 24 қазанда Атырау-Орал автожолында Chevrolet Lacetti көлігін тоқтатады. Рөлде 32 жастағы Ресей Федерациясының азаматы отырады, ол көлікті сақтандыру полисінсіз басқарған. Көлік жүргізушісі инспекторға құжаттарын ұсынғанда өзін әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін сыйақы түрінде 500 рубльді қоса берген. Ақшаны беріп жатқан сәт Сапановтың бейнетіркегішіне түсіп қалған. Ол дереу оқиға орнына Атырау қаласы ПБ жедел-тергеу тобын шақырып, осы факті бойынша полиция қызметкерлері ҚК-нің 367-бабының 1-бөлігі (Пара беру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Үшінші оқиға – қазан айының ортасында Ақмола облысының мекемелерінің бірінде болған. Жуырда колониядан шыққан ер адам ҚАЖД қызметкері Салтанат Жакеноваға қоңырау шалып, оған бір қой мен «ай сайынғы азық-түлік сыйақысын» ұсынып, өзімен бірге тұратын әйелді пробациялық тексеруден босатып алмақ болған. Осыған байланысты 37 жастағы ақмолалық азаматқа пара беру туралы қылмыстық іс қозғалды.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың жолын кескені үшін үшеуі де марапатталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<