Парасат биігі

147

0

Фото: автордан

Шын саңлақтардың болмысы табиғаттағы таулар секілді биік. Алыстан мұнартып, жақындаған сайын зорайып, бедерлене әрі көріктене түседі. Саналы ғұмыры өміршең өнегеге толы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Серікбай Иманбайұлы Қошқаров сондай тұлға. Араласқан сайын, білген сайын оның өресі биік ғылыми және шығармашылық жолы қызықтырады, шабыттандырады, өзін бағалатады. Мұның бәрі де – жаратқан берген таланттың, тынымсыз ізденістің, қажырлы еңбек пен қайраттың арқасы.

Алдымызда бойтүзер ағаларымыздың болғаны қандай жақсы!

Өз басым Серікбай Иман­бай­ұлын азаматтық қалыптасу жолымдағы ұстазым санай­мын. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Сәкеңнен көп нәр­сені үйреніп, ойымызға то­қыдық, ақыл-кеңесін тың­дап, бағыт-бағдар алдық. Қыз­меттестері арасынан, сту­дент­тер қауы­мы­нан оның білімді­лікке, адам­­гершілік пен жан­ашыр­лық­қа негізделген жұмыс сти­­­лінен тәрбие-өнеге алған­дар­дың қа­тары тіпті қалың. Бү­г­інде тұ­ғы­рынан таймаған аға­мыз­дың белсенді ғылыми, қоғам­дық, шы­­ғармашылық қыз­ме­ті­нің куә­сі болу – біз се­кілді ізін бас­қан әріптес-інілері үшін зор мәртебе.

Арамызда жүрген елге еңбе­гі сіңген, сыйлы азаматтардың тағылымы туралы жақсы ой толғап, асқаралы белесіне орай жылы лебіз білдіру дәс­тү­рі­мізде бұрыннан бар. Сыр өңі­ріне танымал зиялы тұлға Серікбай Иманбайұлы Қош­қаров та сеңгірлі сексен жасқа келгелі отыр.

Сырдария ауданындағы Аманкелді мен «Айдарлы» ауыл­дарының арасындағы ша­­ғын елді мекенде дүниеге кел­ген Серікбай Иман­бай­ұлы­ның ба­лалық шағы «Сұлу­төбе» стансасы мен 15-бекет арасындағы Сыр­дарияның таза суынан нәр­ленген «Бидайкөл» атты суат маңында өткен. Бақа-ба­лығы мол мөп-мөлдір суға шомы­лып, жағаның жасыл құ­ра­ғын­да асыр сала ойнап өскен бал­ғын 1952 жылы 15-бе­кет­тегі М.Горький атындағы же­тіжылдық орыс мектебіне ба­рды. Қай сабақты да зор ын­­та-ықыласпен оқып, мек­теп­тегі үздік те белсенді оқушы болды. Өңірде дамып келе жат­қан су шаруашылығы сала­сының болашағы зор екенін ерте бағамдаған арманшыл жас 8-сыныптан соң Қызылорда гидромелиоративтік технику­мына оқуға түсті. Оны 1963 жылы үздік бітіріп, білімін әрі қарай Мәскеуде шыңдауды жос­парлайды. Алайда еркінен тыс бір тылсымның әсерімен ойын өзгертіп, Жамбыл гидро­мелиоративтік-құрылыс инс­ти­ту­тына (ЖГМҚИ) оқуға түсті.

Кәмелет жасқа енді толған ол бұл таңдауының болашақ өмір жолында үлкен мүмкіндіктер тудыратынына қапысыз сенді.

Кейін өзінің мойындауынша, ежелгі Таразға қарай тартқан жұмбақ күш – Байқадам село­сының ару қызы, өмірлік серігі Рабиға апайымыз екен.

«Гидромелиорация» маман­дығын 1968 жылы бітірген 98 студенттің ішінен жалғыз өзі қызыл диплом иеленді. Ең­бек жолын Тасбөгет кентін­дегі 29-жылжымалы механи­ка­ландырылған колоннасында өндіріс шебері ретінде бас­тады. Екі жылдай күріш суар­малы жүйесі құрылысында жү­ріп, өндірістік тәжірибе жи­нақтаған ол ендігі жерде қы­зығы мен мехнаты қосарласқан ғылым жолына түпкілікті бет бұруға шешім қабылдайды. 1970-1978 жылдар аралығында Қазақ күріш шаруашылығы ғы­лыми-зерттеу институтында әуелі аға ғылыми қызметкер, кейін зертхана меңгерушісі бо­ла жүріп, Мәскеу мемлекеттік гидромелиоративтік институты аспирантурасын сырттай оқып бітірді. Аталған институтта 1978 жылы РФ еңбек сіңір­ген ғылым қайраткері, техни­ка ғылымдарының докторы, про­­фессор А.Голованов­тың же­текші­лігі­мен «Күріш ауыс­па­лы егісі­нің ылғал-тұз жағдайы» тақы­ры­­бындағы канди­даттық дис­­сертациясын ойдағыдай қор­­ғайды.
Орда бұзар отыздан енді асқан жас ғалым 1978 жылы ЖГМҚИ-дың Қызылорда фи­лиалына (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­­ситеті) ауысып, кафедра мең­ге­рушісі (1978-1983 жж., 2010-2013 жж.), факультет де­каны (1983-1996 жж.), оқу ісі жөніндегі проректор (1998-2003 жж.), ҒЗИ дирек­то­ры (2003-2009 жж.) қызмет­терінде абырой биі­гінен кө­рінді. Тағылым-тә­жірибесі мол ұстаздық жолын 2013 жыл­дан су шаруашылығы және жер­ге орналастыру ка­федра­сы­ның профессоры ре­тін­де жал­ғас­тыруда.

Жоғары оқу орнындағы ал­ғашқы мансаптық баспалдақ­тарының салмағы мен жауап­кершілігіне қарамастан, ғы­­­­лы­­­ми зерттеулерін жүйелі жал­­­ғас­­­тыра берді. Атап айт­қан­да, Арал өңіріндегі ланд­шаф­­тар­­­дың экологиялық-ме­­лио­ра­тив­­тік жағдайын жақ­­­сарту­­­дың жол­дарын іздей­ді. Сыр­да­­рия өзе­ні суының те­ріс таң­балы са­палық өзгерісі­нің ландшаф­тар өнімді­лігіне зиянды әсері мен сол зиянның материал­дық мөл­шерін де анық­тайды. Осы­нау іргелі зерттеу­лерінің нә­ти­же­лерін 1997 жылы қо­ры­­тын­ды­лап, ғылыми жұмы­сын Мәскеу мем­лекеттік та­­­би­­­ғат­ты үйлестіру уни­верси­те­ті­нің жанын­дағы маман­дан­­­­ды­рылған док­торлық дис­­сер­та­циялық кеңесте қор­ғап, екінің бірі қол жеткізе бер­мей­тін техника ғы­лым­дарының док­торы ғылыми дәрежесін иеленді.

Кеңестік кезеңде ғылымның да, білімнің де, мәдениеттің де орталығы әрі ең жоғары сын­шысы іспеттес Мәскеуде дис­сертация қорғау оңай шаруа болмайтын.

Шет аймақтардан барған ізденушілер ғылыми жұмыстарын қорғауы үшін өз­деріне сол жақтағылардан әл­деқайда жоғары талап қоюы жазылмаған ақиқатқа бала­на­тын. Мұны аға буын өкілдері жақсы біледі. Міне, Сәкең осындай қатаң талап, сындарлы сынақтардан сүрінбей өтіп, өзін мәртебелі ғылыми ортаға бір емес, екі рет мойындатты.

Ғалым Сырдария­ның тө­менгі ағысының эко­ло­­гия­лық-мелиоративтік жағ­да­­йын жақсарту және су ша­руа­­­­­шы­лығын оңтайлы да­мы­­ту жол­дарын зерттеумен ай­налы­­­сатын ғылыми бағыт­тың не­­гізін осылайша қалады. Бұл заң­ды да. Өйткені ол – сонау та­биғи ортамен біте қайнасқан бала кезінен аймақтағы су ша­­руа­шылығы мен мелио­ра­ция­­ның қалыптасу және одан ке­йінгі барлық кезеңдерінің куәсі.

Туған топыраққа адалдық­ты ту еткен талантты ғалым 2012-2014 жылдары республика­лық бюджеттің гранттық қар­жы­ландыруы негізінде және одан бері облыстық бюд­жет­тің қаржыландыруы не­гізінде орындалған бірнеше жобаға ғылыми жетекшілік етті. Ол – сондай-ақ, 100-ден астам ғы­лыми еңбектің, 2 моно­гра­фия­ның, 2 оқу құралының авторы, 2000 жылы профессор ғылыми атағын алды. Оннан астам кандидаттық, PhD докторлық, магистрлік диссертацияларға, бірнеше ғылыми жобаларға жетекшілік жасады. Ғылымға баулыған шәкірттерінің бірқа­тары университетіміздің білім алушыларына дәріс оқып жүр.

Серікбай Иманбайұлы – ай­мақтағы инженерлік-тех­ни­­ка­лық білімнің негізін қа­лау­шы­лардың бірі. «Ма­мандық пән­дері», кейін одан бөлініп шық­қан «Гидромелиорация» ка­фед­расының меңгерушісі бо­ла жүріп, кәсіби инженер-гид­ротехник мамандар дайын­даудың бастауында тұрды. Ал­ғашқы түлектер шыққан 1981 жылдан бері санасақ, өңірдің су шаруашылығы саласының мұқтажы үшін 1000-нан астам инженер, 800-ге жуық бакалавр даярланыпты.

Ол – нағыз тәлімгер, ішкі дүниесі бай, өмірлік қуаты сар­қылмайтын, студенттермен үнемі шынайы адами қарым-қатынасқа ұмтылатын шы­ғар­­машыл, дара тұлға. Бір бо­йында психологті, ға­лым­ды, шешенді, актерді, ұйымдас­ты­рушыны, басқа да адами си­­­паттарды молынан бі­рік­тір­ген. Қадірменді ұстаздың мі­незіндегі ең маңыз­ды қа­сиеттері – асқан жауап­кер­ші­лігі, сөзі мен ісінің бірлігі.

Жаңадан құрылған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры ла­уазымын бес жылдай атқарды. Біле-білгенге мамандар даяр­лау бағыты бөлек, өзіндік дәс­түрі қалыптасқан екі жоғары оқу орнын мақсат-мүддесі бір арнаға тоғысқан, жасампаздық жолында жұдырықтай жұмыл­ған біртұтас ұжымға топтас­тыру оңай шаруа емес.

Енді Алатаудай биік аға­мыздың адами қасиеттер ау­қымы мен алған асуларын тү­йіндеп айтар болсақ, ол – ең бірінші нағыз зиялы. Он­дай тұл­ғаларға ойшылдық кел­бет тән. Қазір жазары бар­лар аз емес, ал қоғамдағы құбы­лыс­тар­ды өзінің парасат биігі­нен па­йымдай білетін ойшыл­дар сирек.

Ағамыз пайғамбар жасынан асқан соң, рухани кемелдену жолына бет бұрып, қазіргі қо­ғам мен руханияттың ел бо­ла­шағымен астасқан ең бір өзек­ті, көкейтесті мәселе­лерін үзбей жазып келеді.

Шы­ғар­ма­­шы­лығының бағыт­тары: өңір экологиясын сауық­ты­ру, ғылымды дамыту және бә­­секеге қабілетті мамандар даяр­­лаудың өзекті мәселелерін, баба­лар мұрасы – рухани құн­ды­лық­тарымызды насихат­тау­ды, ұр­пақтар сабақтастығы мен жас­тарды тәр­биелеудің ке­шенді жол­дарын, ұлттық тіл мен ділді сақтау, т.б. проб­ле­ма­ларды қамтиды.

Қазір 3 кітаптың, 70-тен астам туын­дының авторы.
Қарымды қаламгердің шы­ғармашылығы сан қырлы. Бі­ріншіден, ол – публицист. Ке­йінгі 15-20 жылда орталық, об­лыстық баспасөз беттерінде қо­ғамдағы түйткілді мәселе­лер­ге арналған қадау-қадау пуб­лицистикалық және талда­малық мақалалары жарық көр­ді. Мақалаларында ой терең­дігі, сезім саралығы мен өзін­дік стиль даралығы анық бай­қа­лады. Қай тақырыпқа жазса да мем­лекетшілдік ұста­нымнан ауыт­қымайды. Мә­селен, «Ба­балар даналығы – бірлік пен береке тұғыры», «Ұлттық тәр­бие не үшін қажет?», «Мемле­кетшіл болу – мін­детіміз», «Ақыл, қайрат, жү­ректі бірдей ұста…», «Түті­нің түзу шықсын, туған жерім», «Туған өлкенің жер мен суын ойлағанда…», «Мұ­ңаяды туған жер», «Сөз құ­діреті», т.б. мақалаларында автор қоғам өміріндегі келең­сіздіктерді өткір тілмен, терең оймен ұлттық принцип тұрғы­сынан ашып береді.
Екіншіден, ол – эссеист- жа­зушы. Сәкеңнің жасаған кес­кіндемелерінде өзі қалам тербеп отырған тұлға туралы айрықша сұңғылалықпен небір ғажап сырлар ақтарылады. Бұл айтылғандардың шындығын оның «Ата-анам туралы», «Ана», «Дарақ боп өскен бәй­те­рек», «Қазақ әдебиетінің біл­гірі», «Ақыл, қайрат, жүрек­ті жол­дас еткен азамат», «Жақ­сы­­ның жақ­сылығын айту – па­рыз», т.б. ма­қалалары, эссе­лері ай­қын дәлелдейді.

Сәкеңнің ұлттың көсегесін көгертуге бағытталған «Орыс сыныптарына қазақ әдебиетін оқыту және оның сағат көлемін қазақ сыныптарындағы осы пәнді оқытуға бөлінетін сағат­­пен шендестіру қажет» деген ұсынысына назар аудар­ға­ны­мыз абзал. Қажыр­лы қалам иесінің шығарма­шылығын тәр­бие сағаты, арнайы курс, кез­де­су түрінде студенттерге оқып-үйретсек, ұтылмасымыз анық. Өйткені, парасатты ма­ман тәр­биелеу ісі күн тәрті­бінен еш­қашан түспейді.

Ұлттық әдебиет пен фило­софияның, яғни сөз өнері мен ой өнерінің таразы ба­сын тең ұстау шеберлігі қай шы­ғар­ма­сынан да менмұнда­лап тұр. Әсіресе, бұл тұрғыда әң­гі­мелер, ой-тол­ғамдар, ма­қа­лалар топ­тас­тырылған «Әу­лет», «Жер­ұйық», «Сыр­ласу» кі­тапта­ры­ның орны ерекше. Об­лыстық теле­арна бағдар­лама­ларын­да­ғы сөздері, сұхбаттары өз ал­ды­на бір бөлек.

Серікбай Иманбайұлының жоғарыда айтылған ойшылдық келбетінің қалыптасуында М.Әуе­зовтің «Абай жолы» ро­ма­нының ықпалы да бар екені сөзсіз. «Абай жолын» алғаш бесінші сыныпта оқыпты. Бас­тапқыда тісі бата қоймаған кі­тапты қаузауды студент кезінде жалғастырыпты.

Сол уақыттан бері хакімнің түпсіз терең тұң­ғиық ойларын зерделеу үр­дісін бір сәт үзген емес. Өмір жо­лында кездескен күрмеуі көп күрделі сұрақтардың жауабын әлі де содан іздейді. Алпыс бес жылдан астам жанына серік болып, мұқабасы мүжілсе де, мазмұнының өміршеңдігін жо­­ғалтпаған «Абай жолы» – жұ­мыс сто­­лының тө­рінде тұр­­ған қас­­терлі құн­дылық. Сон­­дық­­тан аға­мыз­­дың өз туын­ды­­ла­­­ры­на Абайдың: «Адам болам десеңіз – …«Талап, еңбек, терең ой, қанағат, ра­қым» сын­­ды 5 нәрсеге асық бол» де­­ген өсие­­тін тұтқа етіп алға­­нын заң­ды құ­былыс деп есеп­­тей­міз.

Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжілісіне депу­тат­тарды үшінші рет сайлау нау­­қанында (2004 ж.) Қызыл­орда облысы бойынша сайлау комиссиясының төраға­сы бо­­луы – Серікбай Иманбай­ұлы­­ның өмір белестерінің жар­­қын беті. Білім, ғылым және руханиятқа сіңірген еселі ең­­­бегі үшін мемлекет және қо­­ғам тара­пынан «Құр­мет» ор­де­нін, биыл Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қолынан «Па­расат» ор­денін алды. Бір­неше медаль жә­­­не салалық төс­бел­гілермен ма­­­рапатталды. Про­фессор С.Қош­қаровтың есі­мі 2019 жы­­лы 5-оқу ғима­ра­тын­дағы 300-ау­­дито­рияға берілді. Атау­лы дәріс­хананың ел игі­лігіне, студенттер несібесіне ет­кен қызметі енді жаңа маз­мұнда жалғасуда.

Бұқар жыраудан: «Жақсы­дан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» деген аталы сөз қал­ған. Өйткені, тектіліктің жоқ­тан тумайтыны, тақырдан пай­да болмайтыны әмбеге аян. Өңір жұртшылығына белгілі Қош­­қаровтар әулетінің абы­рой биігіне жетуіне асқар тауы – әкесі Иманбай Тау­бай­ұлы (атасы Таубай – би бол­ған кісі) мен асыл анасы Рыс­қал Тасы­байқызының берген тәлім-тәрбиесі, маң­дай тері, адал еңбегі айрық­ша. Осы әу­леттің ұрпа­ғын жал­­ғастыр­ған, келісті келіні болған, от­басының отана­сына айналған Рабиға Шолан­байқы­зының Сә­кеңе деген адалдығы, кіршіксіз махаббаты көпке үлгі.

Бірнеше буын ұрпақты өне­гесімен өрге сүйреп жүрген сөзі берекелі, аузы уәлі ел зиялысы өңір экологиясын сауықтыруға олжа салып, экономикасы, ғы­лымы мен білімінің көсегесін көгертетін маман даярлау әрі ұлт руханиятын ұлықтау жо­лында аянбай тер төгіп келе жатыр. Атағы Алатаудай биік ағамыз бұл тұрғыда бекзат болмысымен, бәйтеректей бі­ті­мімен, сергек қалпымен өзге­лерден асқақ көрінеді.

Қали ОМАРОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры