Қадірің қымбат қашанда…

242

0

Туған өлкенің өсіп-өркендеуі жолындағы ел ағаларының еткен еселі еңбегі мен қосқан үлестерін насихаттау мақсатында бүгін аймақтың 85 жылдығы және Қала күні мерекесіне орай арнайы дайындалған «Қадірің қымбат қашанда» атты танымдық көрменің ашылу салтанаты өтті.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ұйымдастырылған тағылымды шараны қала әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Абатов ашып беріп, ел ардақтыларының ғибратты үлгісі туралы сөз қозғады.

«Керуен басы білікті болса, көлік азбайды, қолбасшы білікті болса, сарбаз тозбайды» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Сыр елі күні бүгінге дейін қандай жетістікке жетсе, онда ол бірінші кезекте бірліктің арқасы. Содан соң елді ізгілікке шақырып, ынтымаққа ұйытқан, халық ұйғарған жұмыстың жалаугері болған ағалар, Сіздердің еңбектеріңіз» – деген Жасұлан Уәлиұлы қайраткер тұлғаларға шынайы ризашылығын білдірді.

Содан соң, Мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Бақберген Досманбетов пен Қызылорда қаласының құрметті азаматы Сайлаубай Әбішев сөз алып, ұрпақтар сабақтастығы, ел үшін еңбек етудің мән-маңызы туралы тілге тиек етті.

Кейінгі буын мен өскелең ұрпаққа үлгі болсын деп жасалған көрмеден жалынды жастығын, ел мүддесі үшін уақытпен санаспаған кезеңдерін, жұмыла көтеріп халық үшін жасаған жұмыстан ләззат алған сәулелі сәттерін еске түсірген зиялы қауым өкілдері ерекше әсермен тарқасты.

Ағаларды ардақтау шарасы «Каир» мейрамханасындағы салтанатты дастарханда жалғасты. Аймақ дамуында айрықша қолтаңбалары бар ардагерлер қауымын қабат келген қос мерекемен құттықтаған шаһар басшысы Асылбек Шаменов:

«Ел Президентінің жүргізіп отырған сарабдал саясатының және аға буын өкілдерінің салған сара жолы мен, берген бағыт-бағдары арқасында Қызылорда қаласы облыс экономикасының барлық салаларындағы өрелі өзгерістердің алдыңғы шебінен көрініп, көш бастап келеді. Бұл тұрғыда, тұтас дәуірдің тарихын жасаған Сіздердің ғұмырлық тәжірибелеріңіз бен пайым-парасаттарыңыз халық үшін, ізбасар біз үшін әлі де құнды» деп, мереке аясында мерейлі жасқа толған бес бірдей қарапайым еңбек ардагеріне қазақы дәстүр жолымен сый-құрмет көрсетті.

Содан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев бастаған түрлі саланың тарландары сөз алып, жасалып жатқан шексіз құрмет, ыстық ықылас үшін қала басшылығына алғыс білдірді.

Келелі кездесу барысында қала өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, қадірлі ақсақалдарымыз бен аяулы аналарымызға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Сыр өңіріндегі атпал азаматтар, қайыспай ел жүгін көтерген даңқты аға-апаларымыздың Отанға, туған жерге қызмет етудегі өзгеше соқпағы мен даңғыл жолын насихаттау мақсатындағы бұл кездесудің тағылымы зор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<