Қадыр жырларын сүйген жүрек

172

0

Қазақ әдебиеттанушыларының пайымдауынша, өткен ғасырдың 50-60 жылдары қазақ әдебиетінің алтын ғасырына сәйкес келген уақыт болыпты. Біздіңше, әсіресе қазақ өлеңінің қазақ лирикалық поэзиясының бұрын-соңды болмаған күйде мазмұндық әрі формалық жағынан жан-жақты дамып тақырып ауқымы, ізденістер мен әлемдік әдебиеттің биіктеріне ұмтылуы мен қол созуының да тайға таңба басқандай көзге көріне түсетіні осы жылдарға тұспа-тұс келеді.

Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Т.Айбергенов, С.Жиенбаев, Ж.Нәжмеденов, М.Мақатаев, К.Ахметова, И.Оразбаев, И.Исаев, М.Шаханов, Ф.Оңғарсынова сынды дүлдүл лирик ақындарымыздың шығармашылықпен қаламгерлік қажыр-қайратпен қызмет еткен уақыттары да осы жылдарға дөп түседі. Топ жұлдыздардың ішінде өзінің дидактикалық, философиялық өлеңдерімен жарқырап көрінген Қ.Мырзалиев болды десек, бұған ешкім қарсы бола қоймас. Ақынның «Дала дидары», «Ой орманы» секілді өлең кітаптары қазақ поэзиясының шоқтығы биік туындылары болып қалды, қазақ әдебиетін биік белестерге көтеріп тастады.

Қадекеңнің өлеңдеріндегі афо­ризмдер, тіпті тұтас шумақтар кү­ні бүгінде оқырманның ойында жат­таулы, жүрегінде хаттаулы. Олар­ды қарттар да, жастар да, жа­самыстар да кез келген уақытта айтып жүреді, ауыздарынан тас­тамайды. Мысалы мына өлең шу­мақтарына назар салып көрейік:

Адам күліп тумайды, туа сала

күлмейді.

Үйренеді күлуді, бірақ күліп

өлмейді.

Адам жылап туады, жатады

жұрт жұбатып,

Және жылап өледі, өзгені де

жылатып.

Жылайтыны туарда –

жамандар бар қинайтын,

Жылайтыны өлерде –

жақсылар бар қимайтын.

Өлең шумақтарын ойдағы, ұғымдағы контрастқа құру арқылы өлеңде айтылмақ ойдың мән-ма­ғынасын тереңдете, қоюлата тү­суі ақынның дара қолтаңбасы, еш­кімге ұқсамайтын өзіндік стилі.

«Сұлу қызды көргенде ақылды қызды аяймын» деген сияқты өлең жолдарын тек Қадыр Мырзалиев жазса керек.

Мәселен жоғарыдағы өлеңде­гідей: адамдардың өмірге жылап келіп, жылап кететіні де ақиқат қой. Ақын бізге өмірдің мән-ма­­ғынасын, ащы шындықты, ақи­қат­ты тура айтумен ұғындырып отыр.

Поэзия тілі – барынша бедерлі де бейнелі, көркем де күрделі тіл.

Ал осы өлең өрнектерін ой­лы оқырман тілімен жалпы оқыр­манға жеткізу бұл ғажайып көр­кемділікке ие тәсіл. Ақынның поэ­зиядағы жетістіктерін сөз өнерінің сиқырына бойлай берілген Сәпең сияқты сезімі сергек, түйсігі те­рең ойлы оқырманның зердесі ар­қылы қайта қорытылып жатса, бұндайдың өзіндік әсер-ықпалы өзгеше болады.

Сәпен ағамыз қарапайым оқыр­ман тұрғысынан Қадыр ақын­ның осындай ойларын түсі­ніп қана қоймай, оқырманға ай­тылған тұжырым-түйіндерін жан-жақты, бүге-шүгесіне дейін түгел жеткізген.

Әдебиетті, оның ішінде поэ­зия­лық дүниелерді түсіну үшін мә­селенің формалық-құрылымдық жа­ғынан гөрі мазмұндық сыр-си­патына көбірек мән беру керек секілді. Ақын не айтқысы келді, бұл мәселе бұрын поэзияда қа­лай айтылып келді, қазір қалай ай­тылып жүр. Ақын суреткерлік тұрғыдан осы мәселені жырлауға қандай үлес қосты, бейне мен бей­нелілік жағынан. Болашақ жаңа қазақ әдебиетінде бұл мәселе қай жағынан, қалай суреттелуі мүм­кін?!

Біз осы сұрақтарымызға Сә­пен Аңсат ағамыздың «Жүре­гі­ме жеткен жыр» кітабын оқып бір­қатар жауаптар тауып жаны­мызды жадыраттық, жан-жүрегі­міз елжіреді. «Жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді» деп Қадыр ақынның өзі айтқандай, Сәпен ағамыздың өнерсүйгіш-өлеңсүйгіш жүрегі – Қадыр ақын жырларына терең бойлапты. Қа­дыр ақынның жырларындағы сөздің сөлін тамыршыдай тап басып, танып, дәл тауып, олардың өлең контекстіндегі қызметін кәсіби маман қаламгердей те­рең үңілген, өзімен бірге өзге оқыр­манды да ақын әлеміне, ақын­ның философиялық-дидакти­калық са­рындағы шынайы шығарма­лары­на оқырмандарды шыңырау құ­дықтың түбін іздеп келгендей үңілткен екен.

Қадекеңнің «Даналықты қа­заққа дала берген секілді» деген сияқты ұлттың жанына жан-жақ­ты үңіле отырып сипаттама жа­сауы оның қазақ өлеңіндегі ұлттық сипат пен ұлттық мінез мәселесінің іске асқанын дәлел­дейтін үзінділер екенін де Сәпең үзілдіртіп айтады, майдан қыл суыр­ғандай байыпты баяндайды.

Тұтасымен түгелдеп айтар бол­сақ, Қ.Мырзалиев өлеңдері тек 60-жылдардың ғана емес, бү­тін қазақ әдебиетінің өлшеусіз ерен, ерекше көркем туындылары, әдебиеттің ұлттық мінезін мәрмәр тасқа қашағандай етіп, кез келген өлеңді әдебиеттің басты қасиеті ұлттық сипатқа малындырып алып барып дүниеге келтіретініне Сәпен ағамыз дәлелді мысалдар келтірген.

Ал ендігі бір заңдылық оқыр­маны көп суреткер ол ақын, про­заик не драматург болсын бәрі­бір ол шынында ең бақытты, жо­лы болған қаламгер болып та­бы­лады. Әлімсақтан бері солай болған, солай бола береді де. Бұл жағынан келгенде де Қадекең ал­дына қара салмайды. Кітап дүке­ні сөрелерінде Қ.Мырзалиев шығар­малары тұра бермейді, тез тарап кетеді.

«Жүрегіме жеткен жырды» оқығаннан кейін келетін бірінші ой, оқырмандар мен ел ішінде ан­да-санда айтылып қалатын «қа­зір өлең оқылмайды» делінетін пі­кірлердің жаңсақтығы.

Екінші келетін ой – ел ішін­де күні бүгінде өлең сүйіп оқи­тын табынушылар мен ойлы оқыр­мандардың бар екендігі.

Үшінші ой – біздің қоғам­да оқырмандардың БАҚ құралда­рын­да көркем шығармалар, олардың авторлары туралы пікір-ой айтуы кең етек алмағаны өкінішті-ақ. Осындай олқылықтардың ор­нын Сәпен Аңсат ағамыздың «Жү­ре­гіме жеткен жыр» кітабы толты­ратыны сөзсіз.

Сәпен аға! Қаламыңыз ұштала берсін, жақсылық жаршысы бо­лып жүрген қалпыңызда жүз жа­са­ңыз, рақмет.

Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ