Қызылордалық «Қайсар» Қазақстан Премьер-лигасының 9-турында Түркістанның «Тұран» командасымен ойнап, 1:0 есебімен басым түсті. Бұл – жергілікті клубтың биылғы алғашқы жеңісі. Жыл басында тек қазақстандық футболшыларға сенім артқан команда осылайша алға қойған мақсаттың дұрыстығын дәлелдей бастады. Есесіне кездесуде түркістандық клуб негізгі құрамда он легионерді жасыл алаңға шығарған еді.
Ойын барысында қызылордалық клубтың жылдам гол соғатын мүмкіндігі болды. Қарсылас команда қақпасы маңында жиі бой көрсетіп, толассыз шабуыл ұйымдастырды. Осындай сәттің бірінде жартылай қорғаушы Өркен Маханның алыстан тепкен добын «Тұран» қақпашысы әзер қайтарғандай болған еді. Оны Нұрдәулет Ағзамбаев қақпаға енгізген еді. Бас төреші футболшы ойыннан тыс қалды деген шешіммен есепке алған жоқ. Бұдан кейін де жерлестеріміз тізгінді қолға ұстауға тырысты.
Биыл елімізде кәсіби спорттағы легионерлерге бюджет қаржысы есебінен жалақы беруге тыйым салған арнайы заң қабылданды. Бұл заң алдағы жылдан бастап күшіне енеді. Ол – ұзақ жылдан бері көпшілік тарапынан көтеріліп келе жатқан мәселе. Расында, шетелдік ойыншыларға қыруар ақша төлеп, ел спортын дамыту мүмкін емес. Әлемдік жарыста еңсеміз түсіп, меселіміздің қайтып жүргенін несіне жасырамыз? Ал оған бөлініп жатқан қаржыдан жаңылып қалғандай күй кешесің. Ендігі мақсат – туған топырақтан шыққан таланттарға қолдау білдіру. Елдің ішінде жүрген дарынды өрендерді іздеп, оларға демеу көрсету қажет.
Облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев қызылордалық жанкүйерлермен жүздесуінде осындай мәселені көлденең тартты. Қазақстандық жастар да ешкімнен кем түспей, әлемдік ареналарда топ жара алады.
– Менің өзім Олимпиада шыңына қаншама еңбекпен келдім. Сенім білдірген аға буынға алғысым шексіз. Егер сол сәтте шетелдік спортшыларға сенім артса, біз секілді жастар халықаралық жарыста бақ сынауға мүмкіндік алар ма еді? Өз түлектеріміз де ешкімнен кем емес. Жыл басында айтқанмын, «Қайсарда» жеңіс те, жеңіліс те болады. Команда тек қазақстандық жастардан құралса да, биыл төменгі деңгейде ойын көрсетіп жатқан жоқ. Байқап жүрген шығарсыздар, бұрын қосалқы құрамда қалып қоятын футболшылар енді өзін жақсы қырынан танытып жүр. «Астана», «Қайрат» секілді азулы қарсыластардың өзімен терезесі тең түсті. Қандай нәтиже де тәжірибе арқылы келеді. Жергілікті ойыншылар әрбір турда шеберлігін шыңдап жүргенін байқаймыз. Жеңісті күндер алда деп ойлаймын. Сондықтан өз жастарымызға сенім артқанымыз дұрыс, – деді басқарма басшысы.
Биыл команда алдында тұрған міндет – Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу. Жазғы трансфер кезінде қызылордалық клуб тәжірибелі футболшылармен толығады. Қазір «Қайсар» басшылығы осы мақсатта жұмыс жасап жатыр. Ал келесі жылы команда жүлделі орынның біріне қол жеткізуді мақсат етіп отыр.
Елімізде көптеген клуб шетелдік ойыншыларға сенім білдіреді. Тек көкшетаулық «Оқжетпес» негізгі құрамда жергілікті 9-10 футболшыны жасыл алаңға шығарады. Бұл команданың да нәтижесі төмен емес. Турнир кестесінің орта тұсында. Сондай-ақ алға қойған мақсатына байланысты елордалық «Астана», алматылық «Қайрат» шетелдік ойыншыларға көбірек үміт артып жүр. Өзге клубтарда да легионерлер саны аз емес.
– Шыны керек, елімізде балалар футболын дамыту әлі де кенжелеп тұр. «Қайраттан» өзге клубтарда арнайы академия жоқ. Ендігі кезекте осы жағын қолға алу қажет деп санаймын. Таланттар қай жерде де кездеседі. Оларды тауып, қолдау білдірсек, қаншама мықты ойыншыларға жол ашар едік. Осы жағы әзірге кемшін түсіп тұр. Бұл жөнінен әлемде алдыңғы қатарда көрініп жүрген мемлекеттер баршылық. Балкан түбегіндегі Сербия, Хорватия, оған қоса Украина, Польша, Чехия, Словакия қаншама талантты өрендерге ақжол сілтеді. Сондықтан мен ол елдерден қымбат ойыншыларды алып келгенше, білікті, тәжірибелі бапкерлерді балалар футболын дамытуға шақыру керек деп ойлаймын. Бізде ол жөнінде үйренетін тұсымыз аз емес. Әлемде футбол тұтас бір ғылымға айналып келеді, – дейді «Қайсардың» жанкүйері Есенжол Назаров.
Әлемде футбол жоғары бағаланады. Қазірдің өзінде еліміздің жас таланттары белгілі клубтардың назарына түсіп үлгерді. Бұл қазақстандық футболшылардың да жоғары деңгейде ойын көрсете алатынын дәлелдейді. Ал олардың қатарына қызылордалық жастардың да қосылатынына үлкен үміт артамыз.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»