Қала әкімі жерлестерін құттықтады

442

0

Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды Қызылорда қаласының төл мерекесімен және облысымыздың 85 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Ұлы Жібек жолының бойында орналасып, әр кезеңдерде 4 астанаға құтты қоныс атанған, нар қамысында Тұран жолбарысы жортқан Сыр елі көне өркениеттердің куәсі болған қасиетті мекен. Түрлі мәдени-рухани құндылықтарды топтастырған қастерлі топырақ әлімсақтан бері қарай сасқанға сая, жабыққанға жұбаныш болып, Алаштың анасы деген аяулы атына ешқашан кір келтірген емес.

Бірлік пен берекенің, өнер мен дәулеттің құтты ұясы, барша ізгіліктің бастауы болып, уақыт ағынымен алға жылжыған өңірдің қос ғасырды еңсерген бас шаһары – Қызылорданың шырайлы шаттығын еселейтін Қала күнінің ашылу салтанатын биыл дәстүрлі «Жастар карнавалымен» бастағалы отырмыз.

Өйткені жастар қашанда қоғамның жаңа леп сыйлайтын қозғаушы күші, серпіліс қуаты. Сондықтан алдағы бір ай көлемінде өтетін шаралар да жоғары деңгейде, көңілді нотада түйінделеді деп сенемін.

Құт-береке қонған, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қастерлі мекен, қабырғалы жұрт ауызбіршілігі, тату тірлігі, мұқалмас қажыр-қайратының арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізуде.

Қала бюджетінің көлемі артып, облыс орталығының тұрғын үй құрылысын дамыту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жасалуда. Жалпы, қаланың үздіксіз даму үстінде екенін сырттан келген қонақтар алып құрылыстарынан, тегіс жолдарынан, таза көшелерінен, көкке қол созған биік ғимараттарынан байқайтыны анық. Бұл тұрғыда Қызылорда Елордамыздан кейінгі қарқынды құрылыс алаңы дәрежесінен бір саты төмендеген емес.

Жақсының жақсылығын айту керек, қаламыздың ажар-көркін айшықтау мақсатында халық үшін ұйғарылған жұмыстарда ел ішінен шыққан елеулі азаматтар, белгілі меценаттар мен кәсіпкерлер аянып жатқан жоқ. Кәсіпкер демеушілеріміз дәстүрлі Қала күні мерекесін өз деңгейінде атап өтуге де үлкен көмек көрсетуде.

Құрметті қызылордалықтар!

Осыншама ауқымды жұмыстардың барлығы Сіздердің игіліктеріңіз, жайлы тұрмыстарыңыз үшін тікелей Мемлекет Басшысының, Үкіметтің қолдауымен, облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылуда. Әрдайым жарқын жетістіктеріміз, бірге бөлісер қуаныштарымыз көп болсын!

Баршаңызды Қала күнінің ашылуымен тағы да құттықтай отырып, алдағы мерекелік шаралардың көңілді, жоғары деңгейде өтуіне атсалысуға шақырамын!

Мереке құтты болсын!

Асылбек Шәменов,

Қызылорда қаласының әкімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<