Қазақстан мен Өзбекстан энергия ресурстарына кедендік бақылауды күшейтеді

283

0

Фото: Мақсат Шақырьбаев / «ҚазАқпарат» ХАА

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы ҚазақстанӨзбекстан кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілері бойынша энергия ресурстарын өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл келісімге 2021 жылы 6 желтоқсанда Астана қаласында Өзбекстан Республикасы Президентінің сапары кезінде қол қойылды. Құжат аясында қазақ-өзбек кеден шекарасы арқылы өткізілетін энергиялық қорларды өткізу кезінде біріккен кедендік бақылау ережелері ұсынылды.

Келісімнің мақсаты – екі елдің кеден шекарасы арқылы құбыр және электр энергиясын беру желілері бойынша өткізілетін энергия ресурстарына бақылаудың тиімділігін арттыру.

«Әлемдік нарықтағы болжамдалған мұнай бағасы елдердің экономикалық дамуымен қатар, жалпылай түрде әлеуметтік міндеттерді шешуде негізгі көрсеткіш екендігі жайдан-жай емес. ЕАЭО аясында жаңа құқықтық тәртіп орнату жағдайында құбыржол көлігімен және электр энергиясы желілері бойынша тауарларды өткізуге байланысты қатынастарды реттеуде басқаша сапалы тәсіл қажет. Сондықтан Қазақстанның тиісті халықаралық шарттарында энергоресурстарды олардың өзгешеліктерімен қатар, кеден шекарасы арқылы өткізу мәселелері кешенді түрде шешіліп жатыр», – деді сенатор Амангелді Нұғманов.

Келісімді ратификациялау Қазақстан-Өзбекстан кеден шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр энергиясын беру желілері бойынша өткізілетін энергия ресурстарына қатысты кедендік-тарифтік реттеу шараларын сақтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ кедендік декларациялау кезінде мәлімделген ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз етуге және кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Келісімде мемлекеттердің кеден істер саласындағы ұлттық заңнамасы талаптарын бұзу деректері жайында ақпарат алмасу қарастырылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<