Қазақстанның суы, Өзбекстанның орманы: Аралды құтқарудың ортақ жоспары жасалмақ

5

0

Фото: Baq.kz/ Анеля Өсерхан

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) Өзбекстандағы жобалар үйлестірушісі Азиз Нурбеков Орталық Азиядағы экологиялық проблемаларды еңсеру үшін шұғыл шаралар қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, өңір үшін басты қауіптердің бірі – Арал теңізіне қатысты жағдай.

Орталық Азияны тұтастай алғанда, негізгі экологиялық проблемалардың бірі – Арал теңізінің апаты болып қала береді. Бұл – адам қолымен жасалған апат. Сондықтан оны еңсеру үшін біз шешімді кейінге қалдырмай, дәл қазір әрекет етуіміз керек, – деді ол.

Сарапшы қазіргі заманғы технологияларды енгізбей, дағдарыс салдарымен күресу мүмкін емес екенін атап өтті.

Бүгінде бізге заманауи технологиялар қажет – ең алдымен экологиялық таза әрі су үнемдейтін технологиялар. Дәл осындай шешімдер Арал теңізі дағдарысының салдарымен күресуге және жалпы өңірдің климат өзгерістеріне төзімділігін арттыруға көмектеседі, – деді Нурбеков.

Сондай-ақ ол Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы айтты. Атап айтқанда, Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыру бойынша ауқымды бағдарлама қолға алынған.

Өзбекстанда Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыруға бағытталған мемлекеттік бағдарлама іске асырылып жатыр. Жалпы аумағы 2 миллион гектардан астам жерге орман алқаптарын отырғызу жоспарланған. Бұл жұмыстар қазірдің өзінде жүргізілуде, және біз осы тәжірибемен өңірдегі басқа елдермен бөлісуге дайынбыз, – деді сарапшы.

Нурбеков өңірлік ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңызын да ерекше атап өтті.

Қазақстан да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Арал теңізінің бір бөлігі қалпына келтірілді. Сондықтан тәжірибе алмасу өте маңызды.Өзбекстан құрғаған табанды көгалдандыру бойынша шешімдер ұсына алады, ал Қазақстан су экожүйесін қалпына келтіру тәжірибесімен бөлісе алады, – деді ол.

Оның айтуынша, Астанада өткен экологиялық саммит бірлескен шешімдер әзірлеуге маңызды алаңға айналды.

Бұл экологиялық саммит – осындай мәселелерді талқылап, ортақ шешімдер табуға мүмкіндік беретін өте маңызды алаң. Тек өңір елдерінің ынтымақтастығы арқылы ғана біз болашақтағы бұл сын-қатерлерді тиімді еңсере аламыз, – деп айтты Нурбеков.

Бұған дейін сарапшылар Орталық Азияда су тапшылығы күшейіп келе жатқанын бірнеше рет ескерткен болатын.