Қорғаныс министрлігі несиесі бар сарбаздарға қандай жеңілдік қарастырылғанын айтты

761

0

Сурет: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі несиесі бар сарбаздарға қандай жеңілдік қарастырылғанын түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Қарулы күштерінің 7055 мерзімді әскери қызметшісінде 16 320 несие бар: банктерде – 6 573 несие, микроқаржы ұйымдарында – 7 675 несие. Оның ішінде 3 498 әскери қызметшінің 4 928 несиесі мен микронесиесін қызмет уақытында тоқтата тұру бойынша шешім қабылданды. «Несиелік демалыс» тізіміне ілікпегендер бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, деп жазылған Қорғаныс министрлігінің Halyq Uni тілшісіне берген ресми жауабында.

Сондай-ақ, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңға сәйкес, жас сарбаздарда несиесінің болу-болмауы әскерге шақыру маусымы кезінде тексерілмейді.

Әскерге шақырушылар берешегі бойынша төлемдерді уақытша тоқтатуы керек болса, өз еркімен Қорғаныс министрлігінің өкіліне хабарласуға тиіс. Ведомство сарбаздар Отан алдындағы борышын өтегенде қарызын кейін төлей алатынын атап өтті.

Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мерзімді қызметтің сарбаздарына «несиелік демалыс» беру туралы меморандумды бекітті. Бұл бастама мерзімді әскери қызметшілерге әскери қызметін атқарғанда несиесін ойламауға мүмкіндік береді. Сарбаздардың несиесін барлық банк пен микроқаржы ұйымы кейінге қалдыра алады, деп жазылған хабарламада.

Әскерге шақыру науқаны кезінде болашақ сарбаздардың банктен алған қарызы мен шағын несиесі туралы мәліметі бірден Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жіберіледі.

Осы деректердің негізінде кредиторлар негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және берешекті өндіріп алуды тоқтата тұру мәселесін пысықтайды, деп жазылған хабарламада.

Былтыр Қорғаныс вице-министрі Дархан Ахмедиев әскердегі суицидті сарбаздардың материалдық жағдайымен байланыстырған еді. Алайда ведомство бұл деректі растаған жоқ.

Сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсауының негізгі себебі төмендегідей:

  • Әскерге бейімделе алмау;
  • Психоэмоционалды тұрақсыздық;
  • Депрессия;
  • Ерік-жігерінің төмен болуы;
  • Жауапсыз махаббат;
  • Физиологиялық күйзеліс.

2 жылда әскерде 6 сарбаз өз-өзіне қол салған: 2020 жылы – 3, 2021 жылы – 3, 2022 жылы өз-өзіне қол жұмсау дерегі тіркелген жоқ, – деп жазылған министрлік жіберген жауапхатта.

Ұлттық ұланның хабарлауынша, бүгінде кей сарбаздың мойнында 22,5 млн теңгеге дейін несие бар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<