Құрылыс компаниясын жарнамалайтын танымал адамдардың жауапкершілігін арттыру қажет – сенатор

264

0

Фото: assembly.kz

Кейінгі 3 жылда құрылыс компанияларымен жасалған шарттың орындалмауына қатысты 45 қылмыстық іс тіркелген және 4700-ден астам үлескер зардап шегіп отыр. Сенатор Геннадий Шиповских өзінің депутаттық сауалында құрылыс ұйымдарымен жасалған шарттардың орындалмауы мен шағымдар туралы деректерді келтірді, деп хабарлады Қазақпарат.

Депутаттың айтуынша, құрылыс салушылардан зардап шеккендердің басым бөлігі Астанада – 1 282 адам, Қарағандыда – 961 адам, Ақтөбеде – 657, Атырауда – 631 және Алматыда – 360 адам.

Сенатор 2019-2022 жылдар аралығында елордада проблемалық объектілердің құрылысын аяқтауға Ұлттық қордан 60 млрд теңге және республикалық және жергілікті бюджеттерден 154,6 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Осылайша, мемлекеттің қатысуымен Астанада 120 проблемалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Алайда бүгінде елімізде 7 мыңға жуық алданған салымшы бар, оның 4 мыңнан астамы елордада тұрады.

«Соңғы екі жылда құқық қорғау органдары заңсыз қаражат жинағаны үшін 300-ден астам компанияны әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға 250 млн теңгеге айыппұл салыпты. Яғни, орта есеппен алғанда, бір компанияға 800 мыңнан сәл асатындай айыппұл салынған. Бұл дегеніңіз бір пәтердегі 2 шаршы метрінің бағасы ғана. Ал, келтірілген залал 30 млрд теңгеден асты. Айыппұл – 250 миллион, залал 30 миллиард. Бұл парадокс емес пе?», – деді Геннадий Шиповских.

Бұл тұрғыда сенатор Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында өзінің бірқатар ұсынысын жолдады.

«Үлескерлерге келтірілген шығындар күдіктілер есебінен толық өндірілмей, басым бөлігі мемлекет жағынан өндіріліп жатыр. Осы мәселені ескере отырып, құрылыс компанияларына қойылатын талаптар мен мемлекеттік бақылауды күшейту қажет. Компания тұрғын үйді келісімшартта көрсетілген мерзімде тапсырмаса, үлескерлердің пәтер жалдау ақысын сол компанияларға міндеттеу керек. Құрылыс компанияларына іс қозғалған сәтте, сол компанияларды жарнамалап жүрген түрлі блогерлер мен танымал тұлғалардың да жауапкершілігін арттыру қажет», – деді депутат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<