Қызылордада ақша салынған терминалдарды ұрлаған екі адам сотталды

291

0

Фото: Kazinform

Қызылорда қаласында дәріхана және дүкен ішіндегі ақша салынған терминалдарды ұрлағандарға қатысты сот үкімі шықты

Оңай жолмен ақша табуды ойлаған У есімді қала тұрғыны алдымен дәріхананың ішіндегі терминал мен оның ішіндегі ақшаны ұрлаған. Артынша тағы бір серіктесімен қаладағы дүкеннің біріне бас сұғып, әдеттегі әрекетін қайталап, оқиға орнынан бой тасалаған. 

«Сотталушы У дәріхана есігінің құлпын электрлі дрель құралымен бұзып кіріп, кіре берісінде тұрған терминал құрылғысын жымқырған. Одан кейін терминал есігін бұзып, ішіндегі ақшаны алған. Қылмыстың ізін жасыру үшін терминалды Сырдария өзеніне лақтырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Нәтижесінде терминалға иелік ететін серіктестікке 545 мың теңге мүліктік шығын келген. Қылмыстық іс-әрекетін жалғастырған ол танысы сотталушы Қ-мен қаладағы дүкен есігінің құлпын электрлі дрель құралымен бұзып, ішке енген. Ондағы терминал құрылғысын жымқырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Қылмыстық іс-әрекет салдарынан серіктестікке 392 мың теңге мүліктік шығын келген», – деп мәлім етті Қызылорда қаласының №2 сотынан.

Сот талқылауында сотталушылар тағылған айыптарды мойындап, өз әрекетіне өкінетінін жеткізді. Сот үкімімен оларға 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. 

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында егіз баланы сату оқиғасына қатысты үш адам сотталды. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<