Қызылордада өрттен келген материалдық шығын 43%-ға азайды

4

0

Фото: Максат Шагырбаев / Kazinform

Жыл басынан бері Қызылорда облысында 178 өрт оқиғасы тіркелді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, одан 35 млн 266 мың теңге материалдық шығын келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43%-ға төмен. Қызыл жалыннан 8 адам жарақат алған.

— Өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторларында болған. Оған негізінен тұрғындардың қауіпсіздік шараларына салғырт қарауы, яғни тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуі, балаларды қараусыз қалдыруы және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы себеп. Қауіптің алдын алу мақсатында полиция департаментінің қызметкерлерімен, қоғамдық бірлестіктермен, волонтерлермен бірлескен профилактикалық жұмыс атқарылып келеді. Көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлесі мен шатырын паналап жүрген тұрғылықты тұрағы жоқ адамдардың темекі шегуі және ашық отты пайдалануы салдарынан болатын өртке тосқауыл қоюға тәртіп сақшылары, пәтер иелері кооперативінің өкілдері тартылған, — деді департаменттің басқарма бастығы Бейбітхан Спанов. 

Құтқарушылар осы орайда облыс тұрғындарынан жасөспірім балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмауды, ақауы бар электр жабдықтары мен қондырғыларын, газ пештері мен газ жабдықтарын қолданбауды, ғимараттар мен тұрғын үйлерде, белгіленбеген орындарда темекі шекпеуді, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды сұрайды.