Сәбит Ибадулла: «Биыл ерекше жобаларға қолдау көп болды»

630

0

Жақында облыс әкімінің қолдауымен өткен «InnoFest» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалінде 1700-ге жуық қатысушы мен 200-ге жуық команда бақ сынады. Солардың ішінде 3 бағыт бойынша үздік атанған қызылордалық жастар жеңімпаз атанып, оларға қаржылай сыйақы табысталды.

Бүгін Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла озық деп танылған инновациялық жобаларды баяндады.

– Облыста екінші мәрте ұйымдастырылған бұл фестивальдің негізгі мақсаты – «Ақылды қалалардың» эталондық стандартына сәйкес жобаларды анықтау, облыс тұрғындарының IT-саласына қызығушылығын арттыру және инновациялық IT жобаларға қолдау таныту болып табылады. Байқауда 24 сағат ішінде «SmartСity», «Контент&Медиа», «Кино&Видео» бағыттары бойынша ерекше инновациялық идеясы бар жобаларды іріктедік. Басты жүлде қоры 3 млн.теңгені құрады. Фестиваль қорытындысы бойынша әр секциядан 3 команда жеңіске лайық деп танылып, әр жеңімпаз командаға қаржылай сертификаттар берілді. Жалпы биыл ерекше жобаларға қолдау көп болды. Алдағы уақытта бұл байқауды жылына 2 рет ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деді Сәбит Ибадуллаұлы.

Брифинг барысында «InnoFest» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалінің жеңімпаздары қолдауға ие болған озық жобаларын таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Мен аталмыш байқауда «Контент&Медиа» секциясы бойынша жеңімпаз атандым. Қорғаған жобамның тақырыбы – «Қауіпсіз кибер кеңістік» деп аталады яғни, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жасақталған. Ерекшелігі де сол, жасөспірімдердің психологиялық тұрғыда оң әсер етуіне ықпал етеді. Алдағы уақытта осы жобамды одан әрі жетілдіруді жоспарлаудамын, – деді жеңімпаз София Қайруллақызы.

– Мен «InnoFest» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалінде «Кино&Видео» секциясы бойынша жоба қорғап, жүлдегер атандым. Жалпы біздің видеоның мақсаты – дрон аппаратын өзгеше стильде шығарып, жұртшылықты қызықтырсақ деген ой болды. Ойлап тапқан видео қазылар алқасының көңілінен шығып, әрі қарай дамытуға мүмкіндік берді, – деді жеңімпаз Азиза Өмірзақ.

Айта кетейік, байқауда ерекше көзге түскен қатысушыларға қаржылай сыйақыдан бөлек, жоғары оқу орындарына білім гранты беріліп, тегін оқу курстары табысталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<