Салтанат Нүкенованың аман қалуы мүмкін бе еді: сотта дәрігер сарапшы дәретхана эпизодына тоқталды

389

0

Сурет: Telegram/Jogargy_sot

Астанада жұбайы Салтанат Нүкенованы айрықша қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі өз жалғастығын табуда. Бүгін сот-медициналық сарапшысы Тахир Халимназаров пен марқұмның құрбысы Аида Ахмединаға сөз берілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тахир Халимназаров манекен қолданды. Оған қызыл және көк бояумен белгі қоя отырып, ол Салтанат Нүкенованың басына қандай жарақаттар келтірілгенін, өлімге не себеп болғанын айтты. 

«Міне, мына арада мен мәйітке алғашқы сараптама жүргізген сарапшылардың анықтап, сипаттаған зақымдану нүктелерін белгілеп қойдым. Мұның барлығы бас жарақаты болып табылады, оған бет пен бас сүйегінің аймағы да кіреді. Көкпен белгіленген жер – көгерулер, қанның ұюы. Қызыл – сырылу түріндегі жарақаттар. Сарапшының қорытындысында және мәйітті зерттеу кезінде сот-медициналық диагноз қойылды: мидың зақымдануына әкеліп соқтырған зақымдар. Өлімнің себебі – осы барлық жарақат, бір-біріне әсер еткен. Сондай-ақ, мына аймақтарда субарахноидты гематома бар: олар мишықта, мидың бағаналы бөлігінде кездеседі және травматикалық ісіну, мидың осы ісіктен қысылғаны анықталды. Мұның бәрі ауыр зақым келтіруге жатады және осы жарақаттар өлімге әкеліп соқтырған. Гематоманың көлемі – 230 мл. Бұл өлімге әкеліп соғатын көрсеткіш (тірі адам үшін)», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, адамның өзі саналы кезде мұндай бас жарақаттарын алмайды, өйткені кездейсоқ құлаған кезде ол басын рефлексті түрде қорғайды.

«Жарақаттың тек субдуральды гематомамен бірге жүретін кездері болады. Ондайда уақтылы көмек көрсетіп, дәрігерлер трепанация жасайды, сұйықтықты жояды, қан кетуді тоқтатады және адамды өлімнен құтқарады. Бірақ бұл жағдай өте күрделі. Жарақаттар көп. Мұндайда адамды аман алып қалу мүмкіндігі өте аз болуы ықтимал, бірақ аман қалуы екіталай», – деді ол.

Сонымен қатар Тахир Халимназаров Салтанат Нүкенова басынан зақым алғаннан кейін 6-8 сағаттан соң көз жұмғанын мәлімдеді. 

Сот-медициналық сарапшысы «бас жарақаттары соққылардан пайда болуы мүмкін екенін» және Салтанаттың денесінде, нақтырақ айтқанда «мойын тұсында тұншығу белгілері» табылғанын айтты.

«Мәйіттің денесінде, яғни мойынында екі сопақша жарақат табылды, кішкентай, бірақ көгеру формасында. Көзге, өкпе астына, бұлшықет аймағына қан кету, мұның бәрі мойынның қысылу фактісін көрсетеді. Бұл механикалық асфиксияны растайтын белгілер тізіміне жатады», – деп түсіндірді сарапшы.

Ол сотқа мұндай жағдайда Салтанаттың көмекке шақыруы екіталай екенін жеткізді. Сондай-ақ ол бұл жарақаттар қырылдап, қорылдауына да түрткі болуы мүмкін екенін айтты.

«Бұл арада аталған жарақат пен асфиксия көрінісі, сөзсіз, өздігінен тыныстаудың жетіспеушілігіне тән. Жедел тыныстау жетіспеушілігі туындағанда тыныс алу бұзылып, ол қорыл сипатында көрініс табуы мүмкін, бірақ бұл ұйықтап жатқан адамның қорылы емес әсте. Ұйқы қорылы, бұл – біркелкі қорыл, ол үшін медициналық білімнің қажеті жоқ, кез-келген адам ол адамның ұйықтап жатқанын түсінеді. Ал мына жағдайдағы қорыл кезінде ауа жетіспей, адам тұншығып қалады. Бұл қорыл емес, қырыл. Мұндай жағдайда адам алты – сегіз сағат бойы азап шегіп, аласұруы мүмкін», – деді медициналық сарапшы.

Ол дәретхана эпизодына да анықтама берді. Бишімбаев бірнеше рет сотта Салтанаттың дәретханада құлап, сол арада басын соғып алғанын, жарақаттар содан пайда болғанын айтқан болатын.

«Есін білетін адам қолын көлегейлемей, қорғанусыз өз-өзінен құлап, мұрнын сындырады деген болмайды. Иә, травматикалық заттың айқын қырлары болған кезде, ондай жағдайға жол беріледі. Мысалы, кастетпен ұрса, оның ізі адам денесінде қалады. Немесе үшкір бұрыштар, тиектер дегендей. Унитазға құласа көгерулер болуы мүмкін, бірақ сынық бар ғой бұл жерде… Қараңызшы, унитаз еденде тегіс жатқан жоқ қой. Оның жоғарыға шығыңқы формасы бар және тұрып тұрған адам үшін бұл алшақтық осынша жарақат алатындай кинетеканы бере алмайды», – деп атап өтті Тахир Халимназаров.

Сонымен қатар, бүгін сот Салтанаттың құрбысы Аида Ахмединадан жауап алды. Ол қайғылы оқиғаға дейін не болғанын, Бишімбаев пен Салтанаттың қарым-қатынасы қандай болғанын айтты.

«Салтанат 2022 жылдың тамызында маған қоңырау шалды. Мен Павлодарда едім, ол бір-екі күн бұрын бір қыздың консультацияда болып, бірақ ол кеңес алуға емес, өзінің досы Салтанатқа өлердей ғашық екенін жеткізу үшін келгенін айтыпты. Ол сол досымен кездесуін өтініпті. Салтанат, әрине бас тартқан. Содан қыркүйек айының басында мен Астанаға келдім. Сол кезде Салтанат әлгі жігітпен кездесуге барғанын айтты. Біз сөйлесіп болайық деп жатқанда Қуандық қоңырау шалды, содан соң келіп, менімен танысты, барлығымыз бірге серуендедік, содан соң ол бізді үйге апарып тастады», – деді ол.

Оның айтуынша, олардың қарым-қатынасы тез дамып, 16-17 қазанда WhatsApp мессенджеріндегі ортақ топқа олардың ортақ құрбысы қолына неке жүзігін таққан Салтанаттың суретін салған. 

«Біз бұл не деп қызықтай сұрай бастадық. «Ол маған ұсыныс жасады», – деді Салтанат. Біз оны жарыса құттықтай бастадық. Үйлену тойына бірден дайындық басталып кетті, ұзату той, құдалық өтті. Сөйтіп желтоқсан айында үйлену тойы болды. Үйлену тойынан кейін Салтанат біразға дейін байланыста болмады, бірақ біз бұған түсіністікпен қарадық… Жаздың басында біз бір-екі рет бір-бірімізді жолай көріп қалдық, содан кейін мен оны 8 қарашаға дейін көрмедім. Бірақ телефон арқылы сөйлесіп тұрдық. Тамыздың аяғында ол маған қоңырау шалды, сол кезде Павлодардағы тәтесінің үйінде еді, одан біржола кеткенін, бұлай өмір сүру мүмкін емес екенін айтты. «Құдды бір жазалаушы адаммен бірге тұрып жатқандай болдым. Қарасаң, дұрыс қарамадың, сөйлесең, дұрыс сөйлемедің» деп үнемі ол Салтанатқа қол көтерген… Көбінесе шашына тап беретінін, үш тал шашы қалғанын, шаштары түсіп жатқанын айтты сол кезде ол», – деп атап өтті куәгер.

Оның айтуынша, Салтанат өзіне 8 наурыздан кейін қоңырау шалған.

«Ол маған қоңырау шалып, алғаш рет ұрыс-керістері туралы айтты. Оған не себеп деп едім, жұмысқа бармайтынын, 24/7 сағат үнемі жанында болатынын айтты. Жұмыс істемеген соң артып-шашылған барлық энергиясын оған жұмсап, үнемі сөйлескісі келеді де тұрады екен, тіпті түнде де ұйықтауға мүмкіндік бермейтінін айтты, өйткені ол тәуліктеп ұйықтамағанға үйренген адам көрінеді. Қит етсе болды, оған сыйлаған сыйлықтарын лақтырып, шу шығарады екен. Жаңа жылға дейін ол қымбат сағаттар сыйға тарту етіпті, міне соларды бірнеше рет терезеден лақтырып жіберген, артынан екеуі оны іздеген. Соңғы рет лақтырғанда, тіпті таппай қалыпты», – деді Ахмедина.

Айта кетсек, кеше сотта жедел жәдем дәрігері мен полицейден сұрақ-жауап алынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<