48 жаңа әлеуметтік нысан бой көтереді

492

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сыр еліне қолдауы негізінде облыс орталығында қала көркін еселеп, ажарын аша түсетін бірнеше зәулім ғимараттың іргетасы қаланып, жаңа әлеуметтік нысан салу бастамасы сәтті түрде жүзеге асуда.

Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Хабар 24» арнасының «Бетпе-бет» бағдарламасындағы сұқбатында бөлісті.

– Біздің өңірде бала туу көрсеткішінің қарқыны жоғары. Сондықтан мектеп салу жұмыстарында демографияға жеткілікті деңгейде мән береміз. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 15 100 орынға арналған 21 мектеп салуға кірісеміз. Жалпы құны 100 млрд теңгені құрайды. Бұл білім саласы үшін ауқымды қолдау.

Жаңа мектептер ауылда да, қалада да бірыңғай стандарт бойынша салынады. Заманауи үлгідегі түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке сөрелермен толық жабдықталады.

Биылғы жылы 4600 орынға арналған 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 4-уі жаңа оқу жылында пайдалануға берілсе, 3-уін жыл аяғында табыстаймыз. Қалған үшеуін келесі жылы ел игілігіне береміз, – деді облыс әкімі.

Өңірде жаңа нысандар салу бастамасы медицина саласында жалғасады. Әлеуметтік салада келер жылы 36,4 млрд теңге Қызылорда қаласында 100 адам қабылдайтын емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы басталмақ.

Мұнан бөлек, 200 төсектік жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізіледі. Ол үшін 3,9 гектар жер бөлінді, жобалау алдындағы жұмыстар жүруде.

– Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің Сол жағалауында құны 2,7 млрд теңгені құрайтын «Қан орталығы» салынуда. Бұл ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана.

Денсаулық министрлігімен бірге алдағы 3 жылда 27 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт саламыз. Шамамен бұған 9,7 млрд теңге көзделеді. Осылайша біз ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандар проблемасын толық шешетін боламыз, – деді облыс әкімі Нұрылбек Нәлібаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<