Қызылордада саңырауқұлақ өседі

422

0

Қазір кез келген мейрамхананың ас мәзірінен саңырауқұлақтан жасалған тағамдарды кездестіреміз. Оның ішінде шампиньон ең қауіпсізі екен.

Нарықтағы сұранысты жіті зерттеген Мақпал Төлепбергенова биыл көктемде осы саңырауқұлақтарға қатысты ерекше бизнес ашты. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының байқауына қатысып, грант жеңіп алды. Мұндай жоба бұрын-соңды Сыр өңірінде жүзеге асырылмағандықтан, инновация салған жерден қолдауға ие болды. Сөйтіп Қызылордада саңырауқұлақ өсіретін ферманың іргесі қаланды.

Бүгінде 250 шаршы метр аумақты алып жатқан, субстратталған екі камерадан тұратын фермада төрт адам жұмыс істейді.  Өз кәсібінің қыр-сырын білу үшін көп ізденетін кәсіпкер шампиньонның өсуі ұзақ процесс дейді. Әр кезеңде қажетті ылғал деңгейі сақталуы керек, бөлме температурасынан ауытқымау өте маңызды.

Қазір Мақпал екі айда 6 тоннаға дейін сапалы өнім жинайды. Өнімді жинау бар да, оны сақтаудың машақаты бір бөлек. Ол үшін арнайы тоңазытқыш камералар сатып алынған. Қазір жергілікті саңырауқұлаққа сұраныс жеткілікті. Алдымен жергілікті мейрамханалар тұрақты клиентке айналды, содан кейін шампиньонның пайдалы қасиеті жайлы білетін  алушылар да пайда болды.

Саңырауқұлақтың барлық пайдалы қасиеттерін білетін Мақпал:

– Шампиньон – өте құнды, төмен калориялы өнім, оның құрамында ақуыз мен темір көп. Сондықтан олар вегетариандар үшін өте қажет және диета ұстайтын, анемия, қант диабетімен ауыратын адамдар үшін пайдалы, –  дейді.

Халық медицинасында тұмау, демікпе сияқты ауруларды емдеу үшін саңырауқұлақ қолданған. Сондай-ақ  вирусқа қарсы, қақырық түсіретін және қабынуға қарсы қасиетке ие. Тері аурулары, жаралар, псориазды  емдейді, өйткені дезинфекциялық әсері бар, антиоксиданттары ағзаны жасартады.

Сондықтан тағамға қосу үшін фермаларда өсірілгенін сатып алған дұрыс. Кәсіпкер Мақпал жиналған өнімді ұзақ сақтау үшін арнайы кептіретін жабдық сатып алды. Осылайша бұрын беймәлім болған кәсіптің құпиясы күннен күнге ашылып келеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<