Өткен аптаның соңғы күндері Арал ауданында жақсы жаңалықтар жария етілді. Әсіресе ауылдарда халықтың игілігіне табысталған әлеуметтік нысандар өңірдегі өркенді істің бір парасы саналады.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Арал ауданына жұмыс сапарында Аманөткел ауылындағы 150 орындық Мәдениет үйінің ашылу рәсіміне қатысты. Ауыл ақсақалдарымен емен-жарқын жүздесіп, пікір бөлісті. Сапар барысында облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, ел ағалары, ардагерлер бірге болды.
Аманөткелде мәдениет үйі ашылды
Өңірде 2022-2026 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан салынып пайдалануға берілді. Оның ішінде 22 мәдениет нысаны ел игілігіне қызмет етуде.
Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
Аймақ басшысы мәдениет ел руханиятының тірегі екенін, бұл ретте жаңа мәдениет үйі ауылдың тыныс-тіршілігіне серпін беретінін айтты.
– Мемлекет басшысы «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі» деген болатын. Мәдениет – елдің рухани тірегі, ұлттың ұлы мұрасы. Жаңа мәдениет үйінде дәріптелген ұлттық құндылықтарымыз арқылы рухани қазынамыз толығады деп сенемін. Жаңа нысан жастарымыздың талантын ұштауға қызмет ете берсін! Ауыл тұрғындарына жаңа тыныс сыйлап, мәдени жаңғырудың орталығына айналсын, – деді облыс әкімі.
Рәсімде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен жаңа нысанды салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов сөз сөйлеп, ауыл ақсақалы Шыңдалы Әбдіраманов бата берді.
Кейінгі жылдары Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен мәдениет саласында ауқымды жұмыс атқарылды. Жаңашылдық ауыл клубтарын, облыс орталығындағы мәдениет мекемелерін түгел қамтыды. Төрт жылда 55 млрд теңгеге жуық, биыл 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Барлық ауданда «Руханият орталықтары» бой көтерді.
Қызылорда қаласында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» салынып, халыққа қызмет етуде. Тарихи-өлкетану музейі, «Достық үйі» пайдалануға берілді. Балалардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатында «Оқушылар сарайы», «Сыр жұлдыздары» академиясы ашылды.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес жаңа драма театрдың, Президенттік кітапхананың құрылысы басталды.
Жағажай және жолдың жайы
Облыс әкімі Қамыстыбас ауылдық округіне барып, ондағы «Аққұмшық» жағажайының қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты.
Өңірдегі туризмді дамытуда ерекше маңызға ие демалыс аймағы «Арал геопаркі» жобасына енгізілген. Соның нәтижесінде өткен жылы бұл аймаққа 100 мыңға жуық адам қызығушылық танытып келген. Аумағы екі гектар демалыс аймағында бүгінде 21 кәсіпкер келушілерге сапалы қызмет көрсетуде, 110 демалыс үйі қамтылған. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолы салынып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнекамералар орнатылған. Демалушыларға арнайы орындар мен үш волейбол алаңы да жасалған.
Облыс әкімі келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, қызмет көрсету сапасын жақсарта түсуді тапсырды.
Бұдан кейін аймақ басшысы «Самара-Шымкент» тас жолындағы орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Өткен жылы «Қарабұтақ- Қызылорда-Шымкент» республикалық маңызы бар автомобиль жолының Әйтеке би кенті мен Арал қаласы аралығындағы учаскесін орташа жөндеу қажеттігі туындаған болатын. Осыған байланысты биыл «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ 9,5 шақырым жол құрылысын қолға алды. Жауапты мердігер – «Арал Құрылыс» ЖШС, жұмыс жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолын реконструкциялау жобасы аясында қайта жаңғырту көзделген. Аталған жоба бойынша техника-экономикалық негіздемеге оң қорытынды алынған.
Аймақ басшысы жол сапасына қатысты жауапты сала жетекшілері мен мердігер мекеме жұмысын қатаң сынға алды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-на тез арада жол-көлік қозғалысын ретке келтіруді, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды, жұмысшылар санын көбейтуді ескертті.
Теміржол вокзалы жайлы нысанға айналады
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңғыртудан өтіп жатқан еліміздегі 124 вокзалдың қатарында Қызылорда облысының барлық аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы вокзалдар, Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің платформасы бар. Былтыр сол кезде аймақты басқарған Нұрлыбек Машбекұлы бұл тізімге облыстағы барлық вокзалды енгізу үшін тиісті мекемелерге нақты ұсыныстар беріп, ескі ғимараттардың уақыт күттірмей жаңғыртылу керектігін дәлелдеді. Өйткені өңірдегі вокзалдардың ең ескілерінің салынғанына бір ғасырдан астам уақыт болған.
«Арал теңізі» теміржол вокзалының құрылысы өткен жылы басталып, жобаға 1,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Құрылыстың бас мердігері – «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС. Жаңа ғимараттың жалпы ауданы 459,47 шаршы метр, ал биіктігі 4,2 метр.
Қазір мұнда металл конструкцияларын монтаждау, ішкі бөлігін сылау және әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында 25 жұмысшы еңбек етеді.
Жаңа теміржол вокзалы аудан тұрғындары мен жолаушыларға сапалы, қолайлы қызмет көрсететін, Арал қаласының сәулеттік келбетін айшықтайтын көрікті ғимараттың біріне айналмақ.
Осы нысандағы құрылыс барысын көрген облыс әкімі жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасына қатысты міндеттер жүктеп, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды, уақытылы пайдалануға беруді ескертті.

Туристік әлеует һәм тұрғындарға түсіндірме
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Аралға жұмыс сапарында «Руханият орталығында» аудан активімен кездесу өтіп өңірдің, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдары мен алдағы міндеттер талқыланды.
Мемлекет басшысы Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда жылдар бойы атқарылған жұмыс нәтижесінде Кіші Арал теңізінің қалпына келе бастағанын айрықша атап өткен болатын. Сонымен бірге «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты бойынша жол құрылысының биыл басталатынын, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің «Қызылорда – Ақтөбе» бағытындағы бөлігін төрт жолаққа кеңейту жобасы қолға алынатынын айтты.
Ерекше атап өту қажет, «Бейнеу – Сексеуіл» автожолының жалпы ұзындығы 559 шақырым, оның 189 шақырымы Арал ауданының Сексеуіл, Қосаман, Ақеспе, Ақбасты және Құланды елді мекендері арқылы өтеді.
Аймақ басшысы осы ретте ауданның туристік әлеуетін тиімді пайдалану және оны нақты жобаға айналдыру қажеттігіне тоқталды. Туристерге қолайлы орта қалыптастыру, сервистік қызмет сапасын арттыру, кәсіпкерлерді осы салаға тарту және қызмет көрсету мәдениетін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керек.
Кейінгі төрт жылда барлық ауданда жаңадан 1 800-ге жуық, Арал ауданында 310 пәтер пайдалануға берілген. Тұрғын үй құрылысы биыл да жалғасады. Осыған байланысты құрылыс сапасына қатаң бақылау жүргізу және дайындықты уақытылы ұйымдастыру тапсырылды.
Ауданды газдандыру деңгейі 72 пайыз, Арал қаласы, Сексеуіл және Жақсықылыш кенттері, Қамыстыбас және Аққұм ауылдық округтеріне табиғи газ қосылған. Қалған елді мекендерге газ жеткізуді кезең-кезеңімен жалғастырып, тиісті шаралар қабылдау міндеттелді.
Аймақ басшысы актив отырысынан кейін аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Онда Арал қаласында ақпан айынан бері табиғи газ төлемінің артық есептелуіне қатысты мәселе көтерілді. Бұл тұтынушылар наразылығын туғызған.
Аталған мәселеге қатысты Арал ауданының әкімдігі мен «РЦКУ-Қызылорда» ЖШС өкілдері түсіндірме берді. Олардың айтуынша, газ төлемі есептегіш құралдардың нақты көрсеткіштері негізінде есептеледі. Ал көрсеткіштер уақытылы ұсынылмаған немесе есептегіштің тексеру мерзімі өтіп кеткен жағдайда, төлем қолданыстағы нормативтерге сәйкес жүргізіледі. Сондай-ақ тұрғындарға есептегіш құралдарының тексеру мерзімін бақылауда ұстап, көрсеткіштерді уақытылы жолдау қажеттігі түсіндірілді. Есептегіш тексеріліп, нәтижесі дұрыс болса заңнамаға сәйкес қайта есептелуі мүмкін.

Сексеуілде «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасы қаланды
Сексеуіл кентінде 100 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің» іргетасы қаланды.
Дерекке жүгінсек, аймақта 2022-2026 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерген. Білім беру саласында, жеткіншектерге қосымша білім беру инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жұмыс атқарылып, 46 заманауи білім беру нысаны табысталған.
Ал іргетасы қаланған «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» құрылысына «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы демеушілік етеді.
Жас жеткіншектердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға маманданған мұндай орталықтар кейінгі жылдары Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарында салынып, жас ұрпақ игілігіне айналған болатын.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын көптен күткен игілікті істің басталуымен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау – мемлекетіміздің басты міндеті» деп атап өтті.
Бүгін іргетасы қаланатын жаңа білім ордасынан алдыңғы буынның жолын жалғаған білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол. Бұл – балаларымызға заманға сай жаңа дағдыларды үйрететін, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыратын, асқақ армандарға қанат қақтыратын бірегей нысан болмақ. Санасы сергек, ұшқыр ойлы, бәсекеге қабілетті оқушыларымыз көп болсын! Егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Шарада ел ағасы Имамадин Оңғарбаев сөз сөйлеп, ардагер Қази Әйімбетов бата берді.
Рәсімнен кейін облыс әкімі тұрғындармен кездесті. Онда өңір үшін маңызды инфрақұрылымдық жобаның бірі – «Сексеуіл-Бейнеу» автомобиль жолының құрылысы басталатындығы айтылды. Жол Бейнеуден емес, Сексеуілден басталады.
Бұдан бөлек, тұрғындар ұзақ уақыттан бері көтеріп келе жатқан Сексеуіл кентіне кіреберіс автомобиль жолының жай-күйі де сөз болды. Халықтың ұсыныс-тілегіне сәйкес, бұл жолға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі қаралып, тиісті шара қабылданатын болды.
Кездесуде тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Құрылыс жұмыстары жалғасуда
Сексеуілде теміржол вокзалының құрылыс-жобасы «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ тапсырысымен жүзеге асырылуда. Бас мердігер «Техоснастка-Ремсервис» серіктестігі. Жобаға 700 млн теңге бөлінген.
Қазір құрылыс алаңында 15 жұмысшы, 4 арнайы техника жұмылдырылған. Нысанның сырты қапталып, ішкі әрлеуі біткен, есік орнатылған. Бүгінде аумағын абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіру және инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылуда.
Жаңа вокзалда жолаушыларға қолайлы жағдай жасалады, қызмет көрсету сапасы артады, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетіне, жолаушы тасымалына оң әсерін тигізеді.
Абай ауылына ауызсу жеткізілді
Аралдағы Абай елді мекеніне ауызсу берілді.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекетке қайтарылған актив қаражаты есебінен 8 млрд теңгеден астам қаржыға жүзеге асты.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерді атап өтті.
– Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен, Нұрлыбек Машбекұлының тиімді ұйымдастыруымен облыс бюджеті 809 млрд теңгеге жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайды. Даму бюджеті соңғы 4 жылда 4,3 есеге артты. Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті мәселелерін шешуге, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды.
Бүгінде облыс тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтылған. Жыл соңына дейін 10 елді мекенді газдандырып, халықты «көгілдір отынмен» қамту деңгейін 85 пайызға жеткіземіз. Таза ауызсу ауылдықтардың тұрмыс сапасына, әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсер етеді деп сенеміз.
Бүгінгі игілік барша отбасына бақыт пен шаттық әкелсін! – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Шарада қоғам қайраткері Имамадин Оңғарбаев сөз сөйлеп, ел ағасы Иманбай Әйтімов ақ батасын берді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мен ауылға ауызсу тартқан мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жалпы Абай елді мекеніне дейінгі 51 шақырым және елді мекенішілік 32,9 шақырым ауызсу желісі тартылып, 297 су құдығы орнатылды. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге су апару үшін 400 шығару нүктесі монтаждалды. Енді Абай елді мекенінің тұрғындары сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз етіледі.
Шижағалықтар спорттық кешенде шынығады
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Арал ауданына сапарында Шижаға елді мекеніндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсімі болды.
Аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, спорт саласындағы бірқатар жетістіктерді атап өтті.
– Президентіміз Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекет қолдауын тиімді, мақсатты пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру міндетін қойды.
Бүгінде Арал ауданында серпінді жобалар сәтті жүзеге асуда. Күні кеше Аманөткел ауылындағы 150 орындық мәдениет үйінің жаңа ғимаратын ел игілігіне табыстадық. Бүгін Сексеуіл кентінде «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен 1 млрд теңгеге салынатын «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасын қаладық. Сонымен қатар, Абай елді мекені орталықтандырылған сапалы ауызсуға қосылды. Осындай игі істердің жалғасы ретінде өздеріңізбен бірге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Шижаға ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенін табыстаймыз.
Жаңа спорт кешені дені сау ұлт қалыптастыруға қызмет етіп, осы жерден әлемдік ареналарда Қазақстанның көк Туын көкте желбірететін чемпиондар шығады деп сенеміз, – деді облыс әкімі.
Рәсімде қоғам қайраткері Айтбай Көшербай сөз сөйлеп, Аққұм ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Сматуллаев ақ батасын берді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен ғимарат құрылысын сапалы салған мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Өткен жылы Президент қолдауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық стадион, «Теннис орталығы» және инклюзивті спорт кешені пайдалануға берілді. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Шиелі және Жалағаш аудандарында спорт кешендері ашылды. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен құрылған 80 спорт-ойын алаңы балалар игілігіне айналды. Бүгінде облыс орталығында «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені, «Қайсар» футбол клубының академиясы салынуда.
«СБ» ақпарат.
Суреттерді түсірген Бағдат ЕСЖАНОВ





