Түркістан облысының прокуроры Марат Әлиханов жұмыс орнында қайтыс болды

719

0

Сурет: Ашық дереккөзден

Түркістан облысының прокуроры Марат Әлиханов өмірден озды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл ақпаратты Бас прокуратураның баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісіне растады.

Оның Азаттыққа айтуынша, оқиға 9 наурызда түске дейін болған. Прокурордың кабинетінде өзге де адамдар болған. Бірақ баспасөз хатшысы кімдер болғанын нақтыламады.

– Марат Тілеуқабылұлы мезгілсіз дүниеден өтті. Нақты неден көз жұмғанын сараптама анықтайды. Жұмыс істеп отырған кезде жүрегі ұстап қалған сияқты. Қасында кісілер болған. Жедел жәрдем шақырылғанымен, ол кісі сол жерде дүниеден өтіп кетті. Аяқ астынан болған ғой. Ешкім олай болады деп ойлаған жоқ, – деді Дархан Дүйсебайұлы.

Марат Тілеуқабылұлы 2020 жылдың ақпанында Бас прокурордың бұйрығымен Түркістан облысының прокуроры болып тағайындалған еді.

Фото: gov.kz

Марат Әлиханов бұрынғы Целиноград облысының Есіл қаласында 1965 жылы туған.

Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы Ақтөбе облысының Ақтөбе қалалық прокуратурасында тағылымдамашы-тергеуші қызметінен бастаған.

Ақсу ауданының соты, Павлодар облысының Екібастұз ауданы, Ақсу қаласы мен Павлодар ауданының прокуроры қызметтерін атқарған.

Бас прокуратураның басқарма мен Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде және Ақмола облысында құқық қорғау органдарының басшылық құрамында қызмет етті.

Бас көлік прокуроры Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<