Тұлғалар тағылымы – ұрпаққа өнеге

453

0

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен «Тұлғалар тағылымы – ұрпаққа өнеге» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Биыл колледждің 90 жылдық мерейтойымен қатар ардагер ұстаз Әлима Әбдіқалықова – 70 жасқа, Аягөз Тоқмағанбетова – 75 жасқа, Марат Бектұрғанов – 80 жасқа, Зейнеп Дүйсебаева – 80 жасқа, Гүлжан Әлішова – 65 жасқа толып отыр.

Салтанатты шарада облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағанбет колледжде абыройлы қызмет етіп, оқу орнында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ұлағатты ұстаздарды мерейлі мерекелерімен құттықтады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Әлима Жақыпқызы саналы ғұмырын өңірдің білім саласының өсіп-өркендеуіне арнады.

Алғашқы қызметін орта мектептен бастаған ұлағатты ұстаз 1980 жылы Мәшнүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық училищесіне басшылыққа келеді. Іргелі оқу орнында абыройлы қызмет етіп, оның отыз жеті жылында білікті басшы, өзіндік қолтаңбасы бар менеджер ретінде танылды.

Осы жылдарда жұмысқа деген ерекше талпынысы мен білімінің арқасында колледждің дамуына айрықша үлес қосты. Әлі күнге дейін білім шаңырағы мен ардагер ұстаздың есімі үнемі айтылатыны соншалық, егіз ұғымға айналып кеткендей. Бұл нағыз біліктілік пен басқарушылық қасиеттің көрінісі.

Сапалы білім беру мен білікті маман даярлауда колледждің ұлағатты ұстаздарының да ерекше үлесі зор.

Биыл оқу ордасына – 90 және Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толып отыр. Айтулы дата аясында жыл көлемінде рухани-мәдени, тағылымды-танымдық шаралар өз деңгейінде өткізілді.

Салтанатты жиында колледж түлектері мерейтой иелеріне ізгі лебізін білдірсе, студенттер өнерлерін паш етті.

Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<