Бүгін «Кітап- AMANAT» орталығында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Ұлы Отан соғысына қатысушы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Ұлт мұрасы – ұрпаққа аманат» тақырыбында танымды кездесу өтті.
Оған партияның Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, Тәжік-Ауған соғысының ардагері Нұржан Ахметжанов, сонымен қатар №8 П.Д.Осипенко атындағы орта мектебі мен С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері мен жоғары сынып оқушылар қатысты.
Кездесу қонақтарын қос мерекемен құттықтаған партияның облыстық филиалының төрағасы Отан қорғаушы күні мен Ұлы жеңістің 80 жылдығының маңызына тоқталып, тиісті деңгейде атап өту бағытында елімізде, Сыр өңірде жасалып жатқан жұмыстарды атап өтті.
«Біз кешегі сұрапыл соғыста от пен оқтың ортасында жүріп, кең байтақ жерімізді мұра етіп қалдырған бабалар ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Тарихи күнді ұлықтап, бабалар ерлігін кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында ел Президенті Қ. Тоқаевтың бастамасымен ұлттық бағдарлама әзірленіп, жыл бойы еліміздің барлық өңірінде 2 мыңға жуық іс-шара өткізу жоспарланды.

«AMANAT» партиясы да «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жыл басынан арнайы іс-шаралар жоспары бекітіп, облыс көлемінде түрлі форматтарда 50-ге жуық іс-шаралар өткізді. Соның ішінде облыстағы көзі тірі 2 Ұлы Отан соғысы майдангерлерімен, тыл ардагерлерімен түрлі кездесулер өтті. Жыл басынан бері ардагерлерге 50 тақырыптық қабылдау жүргізіліп, 54 жалғызбасты қарияларға тегін медициналық көмек көрсетілді. «Жастар Рухы» ЖҚ белсенділерімен үй-жайларына тазалық жұмыстары жүргізілді. Ардагерлерге деген құрмет жыл көлемінде жоспарға сай жүргізілетін болады. Бүгінгі Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай кездесуіміздің де символдық мәні зор. Себебі Бауыржан атамыз Ұлы Отан соғысына қатысып, Отанды қорғаудағы ерлігімен Кеңес Одағының батыры атағы алды. Бүгінгі бейбіт елдің ұрпағы бабалар ерлігін әрқашан ұмытпай, ендігі жерде жақсы білім алып, туған еліміздің дамуына үлес қосуымыз керек»,- деді Алмасбек Есмаханов.
Іс-шара барысында қонақтар жастарға Бауыржан Момышұлының өмір жолы, тәуелсіздіктің қадірін ұғыну, Отанды қорғау, ардагерлерді қадірлеу бағытында өздерінің пікірлерімен бөлісіп, ұлағатты ойларын жеткізді.
Кездесу соңында батырдың «Қанмен жазылған кітап», «Шындығын айтқанда», «Москва үшін шайқас», «Алыстан сәлем жолдаймын», «Ұшқан ұя», «Айтылмаған ақиқат», «Соғыс қателікті кешірмейді» шығармалары таныстырылып, фото көрмесі таныстырылды.