Облыс әкімдігінде өткен мәжілісте бірқатар кадрлық өзгерістер таныстырылды. Оның ішінде жаңадан құрылған басқармаларға басшылар тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бұйрығымен Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы қызметіне Кенесары Бағбанұлы келді.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жаңа басшының қызметіне сәттілік тілеп, бірқатар міндет жүктеді.
– Департамент алдында Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі нәтижелі орындау, заманауи цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, қоғам мен бизнестің заңды мүдделерін қорғау, өңірдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр. Жоғары жауапкершілікті талап ететін күрделі саладағы Кенесары Бағбанұлының білімі мен мол тәжірибесі экономикалық қылмыстарды анықтауға зор үлес қосады деп сенеміз! – деді облыс әкімі.
Кенесары Бағбанұлы 1992 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2015 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары Алматы қаласының прокуратурасында түрлі жауапты қызметтер атқарған.
2021 жылдан осы уақытқа дейін ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу департаменті басшысының орынбасары лауазымында абыройлы қызмет атқарып келді.
***
Жаңадан құрылған балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы лауазымына Бәкіров Ерлан Әмірханұлы кірісті.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының қорғаншылық және қамқоршылық органдарының жұмысын реформалау туралы тапсырмасын орындау мақсатында балалар құқықтарын қорғау басқармасы құрылғанын атап өтті. Жаңа салаға, оның басшысына бірқатар маңызды міндет жүктеді.
– Балалардың мүдделерін қорғау саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруда тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын, – деді аймақ басшысы.
Ерлан Әмірханұлы 1984 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң университетінде «Заңтану», «Болашақ» университетінде «Экономика» және «Құрылыс» мамандықтары бойынша білім алған.
Әр жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты кадр жұмысы бөлімінің басшысы, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары болған.
2021 жылдан бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын абыроймен атқарып келді.
***
Сондай-ақ тағы бір жаңадан құрылған – туризм басқармасының басшысы Ермеков Дінмұхамед Жандарбекұлы таныстырылды.
Жаңа басшыға өңірдегі туризм саласын дамытуға қатысты маңызды міндеттер жүктелді.
– Мемлекет басшысының шетелдік инвесторлардан ел экономикасына қосымша қаржы тарту, отандық туризмді дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында облыстық туризм басқармасы құрылды. Жаңа басқармаға өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді жұмысты үйлестіруді тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Дінмұхамед Жандарбекұлы 1992 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Құқықтану» және «Қаржы» мамандықтары бойынша білім алған. Швейцария бизнес мектебінің «Іскерлік әкімшілік» докторы.
Әр жылдары Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінде, Премьер-министр кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған. 2023-2025 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық дін істері басқармасының басшысы болған. 2025 жылдан бүгінге дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді.
***
Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы да ауысты. Енді бұл қызметті Нұрлыбек Бимурзаев атқарады. Осыған дейін аталған департамент басшысы қызметін атқарған Сүлейменов Ерқасым Жайбергенұлы зейнетке шығып, қажырлы еңбегі үшін облыстың Құрмет грамотасы табысталды.
Облыс әкімі жаңа басшыға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына тұрақты бақылау жүргізуді, негізсіз қымбаттауына жол бермеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Нұрлыбек Шонжарұлы 1970 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қызылорда политехникалық институтында «Есеп және аудит», «Болашақ» университетінде «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын Қызылорда облысы бойынша кедендік бақылау департаментінде инспектор қызметінен бастап, әр жылдары түрлі лауазымдарда еңбек етті.
2018-2023 жылдары Қызылорда, Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары, сондай-ақ Алматы қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы болған. 2023 жылдан осы уақытқа дейін Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды.
***
Мәжілісте сондай-ақ «ҚазақГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Қызылорда өндірістік филиалының директоры қызметіне тағайындалған Шаухаманов Нұрлан Сейілбекұлы таныстырылды.
Облыс әкімі жаңа басшыға өңірді табиғи газбен тұрақты қамтамасыз етуді және газдандырудың жаңа жобаларын жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Нұрлан Сейілбекұлы 1968 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында «Инженер-гидротехник» мамандығы бойынша білім алған.
Әр жылдары «Тұран-Петролеум», «Харрикейн Құмкөл мұнай» компанияларында түрлі лауазымдарда болған. 2004-2020 жылдары «Қызылорда Қаз Транс Газ», «Қызылорда газ шаруашылығы басқармасы», «Қаз Транс Газ Аймақ», «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» газ тарату мекемелерінде басшылық қызмет атқарған. 2022 жылдан осы кезге дейін «Қызылорда газ тарату жүйесі» мемлекеттік кәсіпорнының директоры болды.
Жиында Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Кәрімұлы жаңадан тағайындалған басшыларға сәттілік тілеп, ізгі лебізін білдірді.
«СБ» ақпарат





