Желілік спартакиада жалауын желбіретті

686

0

Бүгін NIS оқушылары арасында волейболдан дәстүрлі желілік спартакиада бастау алды. Сыр өңіріндегі Зияткерлік мектепте өткізілетін аймақтық кезеңге Қызылорда, Алматы, Шымкент, Тараз және Түркістан қаласынан 100-ге жуық волейболшы жиналып, жүлделі орындарға таласатын болады.

Спорттық шараның ашылу салтанатында командалар шеруге шығып, көрермендердің ерекше құрметі мен қолдауына бөленді. Қызылордалық зияткерлер әзірлеген музыкалық қойылымда салауатты өмір салты насихатталып, барлық қатысушыларға ойын алдында позитивті эмоция сыйлады.

Алғашқы құттықтау сөз алған Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ спартакиаданың мақсат-міндеттеріне тоқталды:

– Бүгін еліміздің төрт өңірінде – Өскемен, Астана, Атырау және Қызылордада волейбол ойынының аймақтық кезеңдері өтіп жатыр. Тартысқа толы қызық дода болатынына сенемін. Осы үш күнде мектептер арасында байланыс нығая түсіп, оқушылардың достық қарым-қатынасы артады деп ойлаймын.

Қызылордадағы Зияткерлік мектеп директоры Жаңбыржан Бекболатов пен сайыстың бас төрешісі Абай Дауытов жас спортшыларға алдағы ойындарда сәттілік тіледі.

Айта кету керек, бұл спорттық бәйге қарашаның 2-сіне дейін жалғасады. Волейболшылар өзара сынға түсіп, жеңіске жеткен команда желтоқсан айында өтетін ақтық кезеңге жолдама алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<