Желтоқсан оқиғасының куәгерлері жастармен жүздесті

634

0

Облыстық «Жастар ресурстық орталығында» 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында желтоқсан оқиғасының қатысушыларымен аймақ жастарының кездесуі өтті.

Биылдан бастап ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізіліп, 16 желтоқсан — құрбан болғандарды еске алу, тағзым ету күні болып бекітілді. Демек, республиканың барлық аймағында бұл күні желтоқсан оқиғасы кезінде тәуелсіздік алуға ықпал еткен ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілмек.

Осы мақсатта ұйымдастырылған кездесу кешіне Қызылорда қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мұғалімі, желтоқсан оқиғасының қатысушысы Аманбай Кәнетов, Н.Бекежанов драма театрының актрисасы, желтоқсан оқиғасының қатысушысы Күләш Жанмұратова және Мәдениет саласының үздігі, Қазақстанның құрметті кітапханашысы, Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасының бөлім меңгерушісі Гүлдерайым Қосназарова қатысып, тағылымды, жастарға ой саларлық тарих парақтарынан сыр шертіп, тарихи шындықты қайта түлетті.

Желтоқсаншы Аманбай Кәнетов ұлттық рух, ұлттық тіл, ұлттық тарих пен намыс мәселесін кеңінен қозғап, өскелең ұрпаққа құндылық етер дүниелерді жіктеп берді. Сонымен бірге, желтоқсан шындығын, сол жылдың, сол күннің парағы ашылмаған тарихынан тың ақпараттармен бөлісті. Ал Күләш Жанмұратова мен Гүлдерайым Қосназарова сол кездегі жастардың алаңға қалай, қандай мақсатпен шыққанына тоқталып, бүгінге дейін жасырып келген мол мәліметтерімен бөлісті.

Шара барысында студент жастар жүрекжарды арнауларын оқып, кештің шырайын кіргізді. Шара соңында кеш қонақтары мен жастар естелік суретке түсті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<