2025 жылдың 6 мамырында облыстық татар этномәдени бірлестігінің онкүндігі аясында Достық үйінің мәжіліс залында этномәдени күнтізбелер мен 80 жылдық Ұлы Жеңіске арналған буклеттің таныстырылымы өтті.
Іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері мен облыстық татар этномәдени бірлестігінің белсенділері қатысты.
Шарада алғашқы болып сөз сөйлеген «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов барша жиналғандарды құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Өз кезегінде татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Галия Гизатуллина аталмыш мекеме қызметкерлеріне тығыз ынтымақтастық пен қолдау көрсеткендері үшін алғысын жеткізді.
Шара барысында қатысушыларға татар этносының соғыс ардагерлеріне арналған арнайы этномәдени күнтізбелер мен тақырыптық буклет таныстырылды. Атап айтқанда, 20 жылдан бері өңірде тойланып келе жатқан Сабантой мерекесіне арналған күнтізбе, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына, татар этносының ұлттық тағамдарына, сондай-ақ жазушы-ақындар Қ.Мұхамеджанов, А.Тәжібаев және З.Шүкіровтың шығармашылығына арналған қабырға күнтізбелері ұсынылды. Күнтізбелерде QR-кодтар орнатылған, олар арқылы қосымша мәліметтер алуға болады.
Сондай-ақ, татар этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелері – Гүлнұр Шамсутдинова, Фирузә Әбубәкірқызы және Жәмилә Әлиева өздерінің Ұлы Отан соғысына қатысқан туыстары туралы естеліктерімен бөлісті. Жиын пікір алмасу форматында жалғасын тапты.