Жылдық қорытынды жиын өтті

1710

0

Фото: Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының мәжіліс залында 2023 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылауға арналған жиын өтті. Басқосуға облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Айгүл Төлегенова, емдеу мекемесінің әкімшілігі мен мамандары қатысты.

Басқосу өткен жылы аянбай еңбек етіп, үздік жетістіктерге қол жеткізген мамандарды марапаттаудан басталды. Бірқатар қызметкерлерге облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Алғыс хаттары» табысталды.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес, аурухана бас дәрігерінің орынбасары Шарипа Алиева өткен жылы атқарылған емдеу жұмыстары туралы баяндама жасады. Аймағымызда қызылша ауруының белең алуына байланысты өткен жылы аурухана 300 төсек болып жабдықталған болатын. Аудандар бойынша төсек қоры 262 орынға көбейтілді.

Жалпы, 2023 жыл аурухана үшін табысты жыл болды. Ең бастысы, емдеу мекемесі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданып, тиісті қаражат бөлінді. Бүгінде мердігер мекеме анықталды, күрделі жөндеу жұмыстары жақын арада басталмақ.

Мұнан соң, Қызылорда қалалық эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Айнұр Тұңғышбаева сөз алды. Маман өткен жылы аймағымызда тіркелген инфекциялық аурулар туралы баяндама жасады. Жалпы облыстағы эпидемиологиялық ахуал туралы ақпарат беріп, алдағы мақсат – міндеттерді таразылады. Бас дәрігердің экономика мәселелері жөніндегі орынбасары Гүлмира Баймишева өткен жылғы аурухананың қаржылық жағдайын тілге тиек етті.

Жиын соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Айгүл Төлегенова сөз алып, аурухананың өткен жылы атқарған жұмыстарына оң бағасын берді.

Аурухананың материалдық техникалық базасы жаңарып келеді

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының материалдық техникалық базасы нығайып келеді. Науқастардың сапалы ем алып, дертін дер кезінде анықтау үшін заманауи құрал – жабдықтардың маңызы зор. Емдеу мекемесіне жылжымалы рентген аппараты алынды. Аталмыш құрылғы жағдайы өте ауыр науқасты палатада түсіруге мүмкіндік береді. Аталмыш аппарат адам ағзасын толыққанды түсіруге арналған. Сандық құрылғы.

Сонымен қатар, жылжымалы ультрадыбыстық зерттеу құрылғысы да заманауи талаптарға жауап береді.

Көп жағдайда ауруханаға тыныс алу жолдарындағы ауруға шалдыққан науқастар түседі. Сол себепті виброакустикалық құрылғының маңызы зор. Бұл құрылғы кеуде мен арқаға арнайы массаж жасауға арналған. Яғни тыныс алу жолындағы қақырықты түсіріп, ем алушының кедергісіз демалуына септігін тигізеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<