Халқына адал қызмет еткен қайраткер

2393

0

Қазақ халқында: «Атаның баласы емес, адамның баласы бол, халқыңа қалаулы, еліңе елеулі азамат бол!» деген өте мағыналы тілек-бата бар. Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – дәл осы айтылған тілекке лайықты адам болған. Ол 1912 жылы 12 қаңтарда қазіргі Алматы (Верный) қаласында дүниеге келген. Алматыдағы №14 орта мектепте білім алған. Оның өмір жолы том-том кітапқа арқау болады. Сондықтан оның қазақ еліне еткен еңбегі, тарихтағы орны, басшылығы кезіндегі еліміздің жеткен жетістіктеріне қысқаша тоқталғанды мақсат еттік.

1920-жылдан бастап қазақ елін 20-ға жуық басшы басқарған екен. Олардың ішінде қазақ еліне жақсылық жасамақ түгілі тізесі батқандары  болғаны тарихтан белгілі. Д.Қонаев өзінің бар қабілетін, ақыл-ойын, білімін, күш-жігерін өз халқының әл-ауқатын жақсартуға, еліміздің өзге елдермен тең дәрежеде өркендеуіне жұмсады. Оған халқымыздың мұң-мұқтажын, жастайынан көріп-біліп өскендігі, өмірден, ата-анасынан алған жақсы тәлім-тәрбиесі де себеп болған шығар. Мінезі қарапайымдылығы, қайырымдылығы халыққа өте жақын болуына әсерін тигізгені рас.

Оның халықты жоғары бағалағанын мына мысалдан-ақ байқауға болады. Кезінде ақын-жазушы, композиторлар ол кісіге арнап ән де, өлең де жазғылары келген. Димекең ондайларға қатаң тыйым салған. Нұрғиса Тілендиев ән арнамақ болғанда, көмекшісі Дүйсетайға: «Нұрғиса ініңе айт, ықыласына рахмет, әнін маған емес, өзін аялап отырған халқына, еліне арнасын» депті. Нұрғиса ағамыздың «Өз елім» әнінің шығу тарихы осындай екен.

Димаш Ахметұлы туралы естеліктерде оның кеңпе­йілді, қайырымды, сабырлы, салмақты, екі тілде де еркін сөйлейтіні, парасатты адам бол­ғаны айтылады. Қызмет бабында, күнделікті өмірде болсын ашу шақырып, дауысын көтеру, біреулерге қатты ұрысу әдетінде болмаған. Үлкен-кіші адамдармен ашық-жарқын сөйлесіп, еркін араласқан. Жұмысына ешбір оққағарсыз, көліксіз жаяу барғанды ұнатқан. Кісі баласын жамандап, сыртынан сөз айту, ғайбаттау дегенді білмеген. Өзін жамандаған адамдарға да кешіріммен қараған. Біреулермен өштесу, кек сақтау дегенді білмеген. Естелік кітабында «Мен ештеңеге, ешкімге де өкпелемеймін, бұл – менің өмірім» деп сыр ақтарғаны бар. Жаратушы иеміздің кең бітім, жомарт мінезбен даралаған, кісілігі зор адамы ғана осындай сөздерді айта алса керек.

Димекеңнің тұсында елі­міздің экономикасы алға басып, халқымыздың тұрмыс-жағдайы түзелді. Алыс ауылдарға жол салынды. 1960 жылы елімізде 26 ғана жоғары оқу орны болса, 1986 жылы оның саны 55-ке жетті. Барлық облыстарда пединституттар, кәсіптік-техникалық училищелер ашылды. 1960 жылы елімізде студенттер саны 70 мың, 1986 жылы 275 мың болды. Қанша ғимараттар, театр, мектеп, балабақшалар салынды. «Қазақстан» қонақ үйі, «Медеу» мұз айдыны, «Үлкен Алматы» каналы, ҚазМУ ғимараты, политехникалық, энергетика институты, т.б. салынды.

Халықтың әл-ауқаты түзелгеннен кейін саны да өсті. 1960 жылы қазақтың саны 3 миллионға, 1985 жылы 7 миллионға жетті. Ол кезде биліктің тізгіні Мәскеудің қолында еді. Орталықтың тас құрсауында болсақ та, Қонаевтың көрегендік қасие­тінің арқасында еліміз өркендеді.

Кеңес Аухадиевтің айтуынша, Димекең оңашада өзіне өте жақын жандарға: «Тәуелсіз ел болғанда өз мәселемізді өзіміз шешетін едік» дейді екен. Димекең халық үшін туған ерекше жаралған ұлы бабаларымыздың қатарында тарихта қалды.

Айбол БИТУҒАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<