«Қызкеткенде» шынымен қыз кеткен бе?

1455

0

Арқадан дауыл тұрып желдеткенде,

Дарияның нар қамысын тербеткенде.

Сүйгені Беркімбайға қосыла алмай,

Ақбалыш суға кеткен Қызкеткенде…

Аралдық ақын Серік Есетовтің «Ел мен жер» өлеңінен

Әжайып – әңгімешіл ақсақал. Қаратереңге барар жолдың бойында «Жыланды» каналына жақын «Қызкеткен» атты киелі жердің тарихы мені көптен қызықтыратын. Өтініш етіп сұраған осы бір аты да, тарихы да қызық «Қызкеткен» жайлы Әжайып қарттың әңгімесіне құлақ түрсек.

Қазалының қазіргі Қожабақы, Өркендеу жерін жайлаған Асан-Мәметектің байы Болат жаз жайлауын Сырдарияның төменгі ағар тұсында жайлайтын көрінеді. Қазіргі Қаратерең, Ақбөгетті жайлаған Айдарбек-Татыранның белді адамы, саудагер Орынбайдың ықпалымен Болат бай Сарылайдың (жер аты) ұлтанынан жер алып, егінін егіп, малын өрістеткен. Сол төңіректі мекендеген Өтеген байдың ерке қызы Ақбалыш сұлудың  аты  қалың Шектіге жайылған тұс еді бұл. Әдетте, көркі мен тәрбиесі келіскен аруға талай мырза сұқтанып, сыр тартып көрсе де сырт айналған. Оған себеп болған біріншіден атастырылған жері кедергі болса, екіншісі – Болат байдың сал-серілікке жақын, ат құлағында ойнайтын үлкен ұлы Беркімбайдай бозым жігіт қыз жүрегін шоқтай қарып, мазасыздыққа әкелген шығар-ау.

Расымен, әйел заты ажарлы болса, не сор, не бақ болып жабысатыны белгілі ғой. Қалыңмалы төленіп, баталасып қойған соң кейбір мырзасымақ, әулекі көп жігіттің дымы іштен тынып, ал дүйім ел қыздың ұзатылуын күтіп жүре береді.

Шағын ауылдың ішінде сыбыс жата ма?! Беркімбай мен Ақбалыш арасындағы алып-қашпа әңгіме қыз ауылына да, Беркімбайдың әкесі Болатқа да жетеді.

– Тілеуің кесілгір, төңіректе қыз құрығандай. Баталасып, біреудің батам деп отырған қызығына көз салғаның не еткенің?! Елге бүлік әкелгелі жүрсің бе, сен құрғыр? – деп Болат ақсақал ашу шақырып, ұлының қылығына ренжиді. Аралас-құралас сыйласып отырған екі рулы елдің арасына жік түсерін тереңнен түйсінген ақсақалдың ойын ессіз ғашықтардың бұл қылығы сан-саққа әкетті. Бата бұзу қарғысқа апаратынын дәстүрге озық әке мықтап түсіндірсе де, бозбала Беркімбай да бас тарта қоймаған секілді.

Ақбалыштың ауылы да сабырсызданып, сары майдай сақтаған «қазынасына» көрінгеннің көзі түсіп жүргенін хабар етіп, құдаларға ат шаптырыпты. Көктем шыға, жер қарайып, мал ерні көкке тиетін кезге уәделескен құдалық шарты нілдей бұзылып, қақаған қарашаның суығында қызды жөнелтуге қам жасайды мұндағы жұрт.

Қош, сонымен қосыла алмаған қос мұңлықтың жағдайы қалай болған?! Өз шешімін өзгертпей, қызды алып қашуға әрекет жасап, онысы білініп қалған Беркімбай қатаң қарауылға ілінеді. Әкенің қатал тапсырмасымен қалың күзетте қалған Беркімбайдың жағдайы қиын болғанмен, Ақбалыш сұлудың ақырғы шешімі тым басқа еді. Сүймеген адамына теліген өз әке-шешесіне налыған ару, бүгін-ертең ұзатылады деген уақытта қолына қос шелегін алып, ауыл іргесінен ағып жатқан Сырдарияға беттейді. Соңғы рет жалғанға қош-қошын айтып, зар илеген арудың өксігін өзінен басқа ешкім де естімеген шығар. Мойнына ілген қалың орамалын жиде талға байлап, Ақбалыш осылайша дарияның тік жарынан секіріп кете береді. Әлі мұз ұстаса қоймаған, көбік шаша жағаға ұрып жатқан лайлы  қара су қыздың нәзік денесін әп-сәтте жұтып жіберді…

Міне, махаббатқа деген жолда бақытсыздыққа душар болған Ақбалыштай сұлудың ақырғы демі таусылған мекен – «Қызкеткен» тарихын жергілікті халық осылай жыр қып айтады.

Ержан ҚОЖАС

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<