Жиырма жас (әңгіме)

1888

0

Менің көпке дейін ұйқым келмеді. Кештетіп басталған жауын әлі тыйылған жоқ. Сабалап құйып тұр. Терезе дәл тұсымда еді. Елеңдетіп ұйықтатар емес.

Үйдің іші тастай қараңғы. Шіркін, ұйқы деп, біздің көкемнің ұйқысын айт. Ертедегі алыптарша ұйықтайды. Көзін жұмса-ақ, күркіреп қорылға басады.

Қазір де үйінің ішін басына көтеріп жатыр. Сықырлауық кереуеттің о шетіне бір, бұ шетіне бір аунаймын. Оразбай әлі жоқ. Оны ойласам, жыным келеді. «Осы жауында жетісіп келерсің шылқып», – деп кекетіп те қоямын.

Сыртқы есікті іліп қояр ма еді, өзін дірдектетіп… Жо-оқ, онсыз да жетісіп келмес. Әйтеуір, сол бір сары қыз сор болды ғой өзіне…

Мен бұрын Оразбай ағамды қандай жақсы көруші едім. Ол да мен десе ішкен асын жерге қоятын. Осыдан тұп-тура бір апта бұрын екеуіміз нілдей бұзылдық. Иә, ауылға әне бір үнді кино келген күннен бастап…

* * *

– Кө-ке-е!..

Менің даусым соншалық бұзылып шықты-ау деймін. Бал тасын белбеуіне қыстырып, даладан ойда жоқта кіріп келген көкем әуелі селт ете қалды.

– Әй, Жаб-б-ы, Жабай-ижан! Саған не болды? – деп жаныма кеп отыра қалды.

– Киноға апармайды, – деп Оразбайды нұсқадым. Иегім кемсеңдеп кетті.

– Неге апармайды. Неге апармайсың-ей? – деп көкем, ішкі бөлмеге кіріп бара жатқан Оразбайға алара қарады.

– Сенің сәніңді бұза ма осы бала? Ағам үн-түн жоқ ішке кіріп, киетін киімдерін көтеріп қайта шықты.

– Ол көруге болмайтын кино.

– Не дейді-әй? Ол қайдан шыққан зәкүн. Жұбатардың үлкен баласы көріп, кіші баласы көрмей-ақ қойсын деген?! Үйбай-ай, мынаны-ай, ержеткеннің жөні осы деп! Осы баланы апармай көрші, менен туғаның рас болса…

Көкемнің кішкене шоқша сақалы кәдімгідей шошаңдап кетті. Мен үнсіз отырмын. Әлгіндегідей емес, ашу-ыза тарқайын деген секілді. Мұрнымды қайта-қайта тартып қойып, көкеме бір, Оразбайға бір қарап қоямын. Оразбай көйлегін қолына ұстаған күйі теріс қарап тұрып қалды. Көкем әлгіндей деп отырған соң, киінуге де батылы жетпеді. Ақыры маған «Киін» деді. Даусы зілді шықты. Тарлау соғып жүрген керзі етігімді тепкілеп жүріп әрең кидім. Костюмімнің сыртынан қоярда-қоймай жүріп көкем Оразбайдың жұмысқа киетін күпәйкесін кигізгенде, өзімнің кішкентай әліме қолпылдап кетті.

Клубқа біраз жер қалғанда Оразбай тоқтады. Менің тершіген маңдайыма қарап, біраз тұрды.

– Айттым ғой, суық тиеді, – деп жуан даусымен гүж етіп, сұп-суық алақанымен маңдайымды сипады.

– Сен өзің клубқа бара берсең қайтеді?

– Өзің ше?..

– Мен біреуді ертіп келемін, – деп күрмеле сөйлеп, ауылдың шетіндегі үйлерге қарай қолын сілтеді.

– Өзің-ақ кіре берсең қайтеді?!.

– Сосын, қайтарда қайтемін?

Ағайым біраз үнсіз тұрып:

– Ендеше, бізді күт, – деді де әлгінде қолын сілтеген жаққа қарай жүрді.

Мен клубтың жанына барып тұрдым. Ойым шартарап. «Бізді күт дейді-ей. Сонда кім біреуі? Босқа ақшаны құр-тып», – деп іштей кіжініп қоямын.

Клубтың маңында теңселіп, ұзақ жүрдім. Оразбайлар әлі жоқ. Тіпті ызам келді.

Не істерімді білмей, сарсаң болып тұрғанымда, Оразбайлар да жетті-ау, әйтеуір. Қасындағы ұзынтұраның қыз екенін білгенімде, ішім қып ете қалды. Тани кеттім. Мектепке пионервожатый боп келген сары қыз. Ол маған жақындап келіп, күлімсірей қарап, бас изеп амандасты. Мен үндегенім жоқ. Әсіресе, үстімдегі күпәйкемнен ұялып, жерге кірердей болдым. «Оқушылар олпы-солпы киінбеуі керек», – деп қай күні құлағымызға құйып еді-ау. Бәрібір көкем пальто алып бермесе, мен қайтейін… Көкем де қызық-ау осы. Кейде осыларды айтып шағынсам-ақ: «Сенің қай сәніңе келіспей барады осы. Оразбайдың ескісі де жетеді», – деп бет бақтырмайды.

Біз соңғы орындарға келіп жайғастық. Алдымызда ересек кісілер отырғандықтан, маған кино көру тіпті қиынға түсті. Дегенмен үндегенім жоқ. Мен бірдеңе деген күнде де құлақ асар Оразбай жоқ. Бәрінен де сонысына жыным келді. Ішке кіргелі маған назар салған емес. Оң жағында отырған сары қызбен болып кетті.

Кино мен үшін аса қызық болған жоқ. Бақырайып қарап отырғаным болмаса, жөнді ештеңе ұға алмадым. Тек бір қыз бен жігіт қол ұстасып жүрді. Құшақтасты… Содан бір қалғып барып, қайта қарағанымда әлгі қыздың жылап отырғанын көрдім. Қыз көп жылады. Оразбайларға қарасам, бар зейіні кинода. Тіпті сары қыз қолына орамалын алып, әлсін-әлсін көзін сүртіп отыр екен. Олай-бұлай қарасам, ағыл-тегіл боп жылап отырғандар да бар. Мен түк ұққаным жоқ. Тағы да көзіме ұйқы тығылды. Тағы да қалғи бастадым. Біреудің жұлқылауымен оянып кеттім. Көзімді уқалап орнымнан тұрдым, кино аяқталыпты. Жұрттың бәрі сыртқа шығып кеткен.

– Құп, кино көреді екенсің-ей, азаматым! – деп Оразбай кіжініп қойды. Сары қызға білдірмей күпәйкемнен ұстаған боп, жұдырығымен арқамнан бір нұқып алды. Сары қыз үндеген жоқ. Бетіме күлімсіреп бір қарады да, есікке қарай беттеді. Үшеуміз сыртқа шықтық. Клубтан ұзай бере Оразбай кібіртіктеп, маған қайта-қайта қарайлай берді. Ыңғайын танып-ақ келемін. Мені жанына ерткісі жоқ. Әттең, үйге жалғыз қайтуға қорқамын-ау, болмаса осы екеуімен қосақтап қойса да бірге жүрмес ем. Бәрінен де вожатый қыздан ұялдым. Ертең мектепке барған соң ұрсар ма екен деп те ойлаймын. Оқушылар көруге болмайтын киноға кірдің деп. Мейлі ұрысса… Анау жетіншідегі Әлтек пен Шойбек те келіпті ғой.

Оразбайлар біраз күбірлесіп тұрып, ауылдың шетіндегі үйлерге қарай жүрді. Амал жоқ, мен де соңдарынан ілестім. Аяқтарын санап басып, Оразбай мен сары қыз қолтықтасып барады. Олардың соңынан екі қолды күпәйкенің терең қалтасына сүңгітіп жіберіп, оқта-текте мұрнымды тартып қойып, мен де келемін. Екеуі күбір-күбір әңгімелесіп барады. Не айтып бара жатқандарын кім білсін?Олар үлкен ақ үйдің жанына кеп тоқтады. Тани кеттім, сары қыздың үйі. Енді үйге қайтатын шығармыз-ау деп қуанып қалдым.

Жоқ… Біз қайтпадық. Тіпті қайтамыз деген ой Оразбайдың басына кіріп-шығатын емес-ау, сірә. Сары қыз да бір қолымен есіктің тұтқасынан ұстап майысып тұрып алды. Әй, Оразбайға жынымның келгені бір… Кім біліпті, өзі де бәдік екен, әйтеуір сол түні сары қыздың құлақ құрышын қандырды-ау.

«Шіркін-ай, осы кезде жылы төсекте ұйықтап жатар ма еді? Мені киноға айдап келген қай қырсық. Мынау екеуі осылай-ақ таңды атырар, сірә? Мені ұмытып кетті-ау деймін өздері…»

Мен жөтеліп қалдым. Естісін деп әдейі қатты жөтелдім. Маған жалт бұрылған сары қыз Оразбайдың иығына асып тұрған қолын ақырын босатып, төмен қарап қалды. Ол сол күйі біраз тұрды да, бір кезде ағама қарап: «Жабай жаурап қалды ғой», – деп ақырын ғана күбір етті.

«Ей, мынаның есі бар екен-ау өзі». Біртүрлі ішім жылып кеткендей болды. Бірақ Оразбай міз баққан жоқ. Ол са-ры қызға бірдеңе сыбырлайтындай, еміне жақындады. «Сыбырласа сыбырласыншы осы. Тезірек кететін» деп ойладым. Осы кезде тым тақалып қалған Оразбайдың бетіне сары қыз шапалағымен шарт еткізгені. Мен аңырып қалдым… «Ей, мынаусы қалай-ей, вожатый болсаң қай-тейін?» деп жанына жетіп барғым келді. Бірақ өзіміздің бұрынғы Оразбай болса, ақысын жібере қоймас деп өзімді өзім тоқтаттым. Бір қызығы, Оразбай ашуланған жоқ. Бұрынғысынша алабұртқан күйі сары қызға телміре қарап, тұра берді.

Біз үйге қарай қайтқанымызда бейуақыт болып қалған еді. Әйтеуір, өзім ұйқыдан мең-зең боп, әзер жүріп келе жаттым. «Әй, Оразбайға еріп, киноға келгенімнің соңы осы болар… Кино көрмей кетсем де…»

Өзім булығып келе жатқанда ананың жынымды кел-тіргені.

Бір қолымен қапсыра құшақтап алып: «Жаурадың ба, Жабай… Ұйқың келді-ау, айналайын?» – деп ет-бауыры елжірей қапты. «Ей, неңе жетісіп келесің, қыздан таяқ жеп?» дегім де келді… Бірақ үндегенім жоқ. Сол сәтте оны сондай жек көріп кеттім.

«Оразбай айдаладағы біреуді киноға апарып жүр, ақшаны құртып…» – дегенімде, «Ойпырым-ай, осы әтәңе нәлет кино деген сор болған шығар. Құдай-ай, қайдағы бір сайтанның ісін әлдеқандай ғып!» – деп көкем біраз тулады. Апам үндеген жоқ.

Сонымен Оразбай екеуміздің арамыз әзірше онша емес.

* * *

…Кенет ашылған есіктің тықырынан селт етіп, басымды көтеріп алдым. Оразбай ма деп қалып едім, сөйтсем апам екен. Апам төр жақта қорылдап ұйықтап жатқан көкеме қарап тұрып: «Сақтай гөр-ай, мына байғұс үйді көшіріп жібере ме қайтеді?» – деп ернін бір сылп еткізді. Сонан кейін ақырын басып кеп, мен жатқан кереуеттің ернеуінен сипады. Оразбайдың келген-келмегенін білгісі келген болар.

Мен шыдай алмадым.

– Әлі келген жоқ! – дедім ойда жоқта дүңк еткізіп.

– Жабай-й… Жабайжан-әй, сен әлі ояумысың? – деді.

– Мен, апа… Ояумын, – деп үнсіз жата бердім. Апамның жүрегі енді орнына түскендей, ақырын ғана «уһ-а» деп кереуеттің ернеуіне кеп отырды.

– Апа, осы Оразбайға не жоқ? Жұмыстан шаршап келген соң жатпай ма демалып?

Апам үндемей отырып, бір кезде мырс етіп күлгендей болды. Қараңғыда оның жүзін байқай алғаным жоқ. Жұмсақ алақанымен шашымнан сипап, саусақтарымен мұрнымнан қысып қойды.

– Жігіт қой ол. Қазір тұп-тура жиырмаға шығыпты. Онда не жұмысың бар сен жаманның? – демесі бар ма.

– Не, жігіт болса сөйтіп қаңғып кете ме, жүдә, түннің бір уағында келеді мұп-мұздай боп, бүгіннен кейін бөлек жатамын…

Көрпені тарс бүркеніп, теріс қарап жаттым.

Апам кеңкілдеп күлді. Бір кезде көрпемнің шетін ашып, еңкейіп кеп, басын дәл кеудеме қойды. Демі ып-ыстық.

– Әй, сен жаманға не десем екен, енді? Маған жаның аши ма? Жоқ па? Соны айтшы? – деді.

– Ашиды.

– Жаныңның ашитыны рас болса, бүйтіп бұртимас едің-ау сен ақымақ. Енді алпысқа келгенше арса-арса боп, қазан-ошақпен алысып жүрейін бе мен? Сен де жас емессің, әй. Есің кірді. Баяғыда сенің жасыңда келін түсіреді екен, құдай-ау… Оразбай түгілі… – деді апам. Мен түк ұққаным жоқ.

Тынымбай НҰРМАҒАНБЕТОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<