4 оқушы жеңімпаз атанды

1239

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен брифингте С.Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының директоры Абайбек Сәрсенбеков БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, білім ошағының жыл аясындағы жетістіктері жайлы баяндады. Сонымен қатар, Халықаралық олимпиада жүлдегерлері өз әсерлерін бөлісті.

Астана қаласында математика, физика және информатика пәндері бойынша XXI Халықаралық О.Жәутіков олимпиадасы қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Білім додасына әлемнің 15 елінен 700-ге жуық оқушы мен 150 жетекші келген. Қатысушы елдер қатарында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Түркия, Грузия, Болгария, Румыния, Сербия және Моңғолия бар.

Бес күнге созылған олимпиада екі турдан тұрды. Ондағы тапсырмалар күрделілігі бойынша мамандандырылған сыныптар бағдарламасына сәйкес  халықаралық қазылар алқасының қатысуымен құрастырылды. Ал қазылар алқасының төрағасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев болды.

Білім бәсекесінде С.Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 4 оқушысы жеңімпаз атанды. Айталық, информатика пәнінен Мансұр Мамадахунов бірінші, Ахмет Иса екінші, Әлімхан Құрманов үшінші орынды иеленсе, математика пәнінен Ердос Зермұханбетұлы үшінші орынды жеңіп алып, жас дарындар білім ошағының абыройын биікке көтерді. Олимпиаданың қорытындысы бойынша жалпы қатысушылардың 50 пайызы Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдары және алтын, күміс, қола медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кетейік, С.Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты өткен оқу жылында көптеген жетістікке қол жеткізді. Мысалы, Оқу-ағарту министрлігінен 3 мұғалім, облыстан 15 мұғалім марапат иеленген.

Биылғы оқу жылында лицей-интернатты 50 оқушы бітіреді. Олардың қатарында «Алтын белгіге» 9 оқушы, «Үздік аттестатқа» 8 оқушы үміткер. Лицей оқушылары олимпиадалар мен ғылыми жоба сайыстарынан зор жетістіктерге жетіп, «Облыстың олимпиадашы мектебі» атағын жыл сайын жаңартып келеді.

Өткен оқу жылында түлектер республикалық пән олимпиадасының ІІІ кезең (облыстық) нәтижесі бойынша 14 алтын медаль, 25 күміс медаль, 17 қола медаль, 9 Алғыс хат иеленген.  Республикалық «Жасөспірімдер олимпиадасының» қалалық кезеңінде топ жарып, нәтижесінде 10 алтын, 8 күміс, 8 қола алды. Бұл әрине, лицей-интернаттың педагогикалық ұжымының жоғары деңгейдегі жұмысының нәтижесі десек болар. Бұдан бөлек, республикалық олимпиадада  математика пәнінен лицей-интернат оқушылары 8000-ға жуық мектеп арасынан алғашқы бестіктен көрінді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<